23.06.2022, 9:15
Оқылды: 44

Зәбірленушіні  білсеңіз, полицияға  хабарласыңыз

Орал қаласы полиция басқармасының жанында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топ жұмыс істейді. Біз басқарманың ЖПҚб әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Гүлназ Шариповадан (суретте) осы топтың жұмысы жөнінде  білген едік.

WhatsApp Image 2022-06-17 at 07.49.09 (1)

– Бұл топ былтыр ҚР Ішкі істер министрлігінің  бұйрығына сәйкес құрылған еді. Аталмыш топ зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге кеңес, құқықтық және психологиялық көмек береді. Қажет болса, қаладағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына орналасуға жәрдемдеседі. Шыны керек, қазір зорлық-зомбылықтың бірнеше түрі бар. Олар «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заңда санамалап көрсетілген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық күш көрсету, психологиялық, нәсіпқұмарлық және экономикалық зорлық-зомбылық болып бөлінеді. Яғни адамға күш қолданып, денсаулығына қасақана зиян келтіру, қорқыту, қорлау, бопсалау, заңды мүлкінен айыру, жыныстық еркіндігіне қауіп төндірудің барлығы құқыққа қарсы әрекет саналады. Сондықтан да күнделікті тұрмыста зәбір көріп, отбасынан қолдау таппаған жандардың заңды құқығы қорғалады. Тіпті сондай қиындыққа ұшырағандарды білетіндер болса, полицияға хабар беруі керек. Өйткені бүгінгі отбасылық зорлық-зомбылықтың соңы ертең орны толмас қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін, – дейді  инспектор.

Инспектордың айтуынша,по­лиция қыз-келіншектердің отбасында зәбір көргені жөнінде берген арыздарының негізінде қорғау нұсқамасын шығарады. Соған сәйкес зорлық-зомбылық көрсеткен жан 30 күн учаскелік полиция инспекторларының бақылауында болады. Жәбірлеушінің арыз берушінің тыныштығын бұзуға, тіпті телефон арқылы да мазасын алуға құқы жоқ. Егер ол өзіне қойылған қорғау нұсқамасының талаптарын бұзса, ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, биыл осындай 694 адамға қатысты қорғау нұсқамасы  берілген.

Өзінен әлсізге әлімжеттік жасайтындарды жазалайтын заң бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендер ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша жауапкерші­лікке тартылуы мүмкін. Ал олардың әрекетінде қылмыс құрамы болса, ҚР ҚК-нің 110-бабы (қинау), 131-бабы (қорлау), 107-бабына (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мысалы, биыл 480-нен астам адам ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша 3 қылмыс орын алып, істері сотқа жолданыпты.

– Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оны  болдырмау үшін жан-жақты іс-шаралар жүргіземіз. Солардың бірі – «Отбасында зорлық-зомбылық жоқ!» атты республикалық акция. Іс-шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығымен бірлесіп, қалалықтар жиі шоғырланатын ірі сауда  үйлерінің алдында және орталық базарларда әйелдерге жадынамалар тараттық. Осылайша отбасында қиындыққа душар болған қыз-келіншектердің далада қалмайтынын, оларға қолдау-көмек көрсетілетінін жеткізуге тырыстық, – дейді инспектор.

Акция аясында  учаскелік полиция инспекторлары ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабына сәйкес 5 адамға хаттама толтырған. Ал 10 адамға қорғау нұсқамасы беріліп, үш адамға соттың шешімімен ерекше талап қойылған. Бір әйел дағдарыс орталығына орналастырылыпты.

 

Ясипа  Рабаева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале