5.03.2022, 15:50
Оқылды: 25

Заемнан келген залал

Жуырда редакцияға Теректі ауда­нындағы Ақжайық ауылының тұрғыны Нұрболат Аманғалиев (суретте) есімді зейнеткерден хат келді. Хатта баяндалғандай, ол 2020 жылы 13 наурызда Орал қаласындағы «Азиза» сауда үйінің  ғимаратында орналасқан «Деньги  населению» атты микроне­с­ие ұйымынан 200 000 теңге несие алған. Сәл кейін эпидемиологиялық ахуал нашарлап, облыс аумағында карантин шаралары  күшейтіліп, қалаға қатынау қиындап кетеді. Уақыт өте келе, алған несиені бірден төлеуге қарияның қаражаты болмай қалады. Алған 200 мың теңгені үш айдан соң екі еселеп қайтарса да,  қарызынан әлі құтылатын түрі жоқ. Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін хаттың  мәтінімен толығырақ таныстырғанымыз жөн  болар.

DD7CC9BF-B8E7-487D-B559-FE57DA5BDD9A

«Мен Нұрболат Құспанұлы 1954 жылы 5 шілдеде Калинин ауылында дүниеге келдім. Теректі ауданында тұрамын. Жасым  67-де. ІІІ топтағы мүгедекпін. 1981 жылы 27 жасымда Орал қаласындағы тубдиспансерде оң жақ өкпеме ота жасалды. 2020 жылы 13 наурызда Орал қаласындағы «Азиза»  сауда үйінің ғимаратында орналасқан  «Деньги населению» ұйымынан 200 мың теңге несие алдым. Содан ел аумағында коронавирус індеті өршіп, ауылдан Орал қаласына қатынайтын тасжол жабылды. Аутобус, такси жүруге тыйым салынды. Тек азық-түлік тасымалдайтын жүк көліктеріне ғана қатынауға рұқсат берілген еді. Сол жылы 20 мамыр күні Алматы қаласынан  «Деньги населению» ұйымының менеджері хабарласты. Ол Орал қаласындағы «Касса 24» терминалынан төлеуге болатынын айтты. Мен қалаға қатынайтын тасжолдың жабық екенін, тек 15 маусымда ғана Орал қаласына баратынымды жеткіздім. «Пайызы өсіп кетпей ме?» дегенімде, «90 күннің ішінде 106 000 теңгеден екі мәрте 212 000 теңге төлесеңіз, несиеден құтыласыз, пайызы өспейді» деді. 11 маусымда Орал қаласына барып, «Деньги населению» микронесие ұйымына барып, 106 мың теңге төледім. Алайда менеджер алған несиемнің өсімпұлы 54 000 теңге болғанын айтты.  Яғни қалған жартысын жабу үшін 120 мың теңге  және 54 мың өсімін төлеуім қажет екен. Тамызда 120 мың теңгені төлеп, түбіртегін алып шығып кеттім. Өсімін төлемедім. Мен елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты несиеге өсім қоспайды деп естіп, сол ақпаратқа сеніп қалып едім. Тамыз айында менеджер тағы хабарласып,  несие өсімі 54 000 теңгеден 74 мың теңге болғанын жеткізді. 21 мың теңге төлесеңіз, несие өсімі бір айға тоқтайды деді. 21 мың теңгені төледім. Жалпы, сол жазда микронесие ұйымына 247 000 теңге төлеген едім. Содан қаржы ұйымы сотқа талап-арыз жазыпты. Былтыр 27 қыркүйекте Орал қалалық  №2 сотында бұл іс менің қатысуымсыз қаралып, сот ұйғарымы шыққан. Соттың шешімін 2020 жылдың 6 қазан күні алдым. Онда зейнетақымның 50 пайызын ұстауға шешім шыққанын көрдім. Содан былтыр қазан, қараша, желтоқсан айындағы зейнетақымнан 52500 теңгеден ұстап тұрды. Яғни зейнетақымнан тағы 157 500 теңге ұстады. Биылғы зейнетақымнан да 105 мың теңге ұстайды екен. Бұл микрокредит ұйымынан бөлек, «Хоум кредит банкке», «Еуразийскийге» және «Халық банкіне» несием бар. Үш банкке несием ай сайын 70 мың теңгеден келеді. Жалпы, айына 125 мың теңге төлеп отырмын. Ал зейнетақым 105 000 теңге. Көз ауруы бойынша ІІІ топ мүгедегімін. Біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға несие төлеуде мемлекет тарапынан қолдау жоқ па? Елдегі төтенше жағдай кезінде  микронесие беретін ұйымдар  өсімін неге азайтпайды? Алған 200 000 теңгені еселеп қайтарсам да, қарызымнан құтылмай келемін. Банк тарапынан бұл  заңды ма?» – делінген хатта.

Иә, несие алып, қарыздан еңсесін көтере алмай жүрген жандар аз емес. Несие төлей алмай қалған жағдайда не істеу керек? Жеңілдіктер бола ма? Келісімшартқа қол қоярда нені ескеру керек? Жоғарыдағы кейіпкеріміздің  алған несиесі бойынша пайызын азайтуға мүмкіндік бар ма? деген сауалдар төңірегінде зерттеу жүргіздік.

25 күндегі өсімі – 50000 теңге

Ғаламтордан  «Деньги населению» атты микронесие беретін ұйымның Орал қаласындағы мекенжайын іздедік. Алайда мұндай атаумен ешқандай ақпарат жарияланбаған. Есесіне «Деньги маркет» «Деньги Click» туралы мәліметтер, мекенжайлары көрсетіліпті. Байланыс телефондарын тауып алып, хабарласқанымызда «Деньги населению» атауы «Деньги маркет» деп өзгергенін айтты. Ал Деньги Click («Dengiclick.kz») сайты несиені электронды түрде рәсімдеу үшін арналған екен.  Яғни  қожайындары  бір.

Алдымен, несиені электронды рәсімдеуде қолданылатын «Dengiclick.kz» сайтына кіріп, пайыздарын білмек болдық. Мұнда 25 күнге берілетін қаржының ең жоғарғысы 153 000 теңге екен. Сондай қаржы алсаңыз, өсімімен 25 күнде қайтаруыңыз керек. Егер сіз 6 наурыз күні 153 мың теңге несие алсаңыз, оны 31 наурызда 198 900 теңге етіп қайтарасыз. Яғни 25 күнге 45 900 теңге десек, күніне 1836 теңге өседі екен.  Несиені алу үшін анкета толтырып, ЭСҚ арқылы қол қоясыз. Бұл – келісімшарттың басты талабы. Содан соң Орал қаласының орталық базар маңындағы «Азиза» сауда үйіне барып, «Деньги маркет» дүңгіршегін таптық. Кассир қызбен аз-кем тілдестік.

– Нұрболат Аманғалиев бізден  2020 жылы 13 наурызда микронесие алды. 200 000 теңге алу үшін 40 000 теңгеден бес келісімшарт жасалды. Келісімшартқа сәйкес, күніне 2000 теңгеден, 25 күнде 50000 теңге өсімімен негізгі несиені қайтаруы керек болатын. Алайда ол кісі алған қаржыны уақтылы қайтарған жоқ. Үш айға жуық төленбеді. Үш айдан кейін ішінара жабылды. Содан соң «Lending and Financy technologies» МҚҰ келісімшарт бойынша Орал қалалық №2 сотқа және БҚО жеке сот орындаушыларға жүгінді. Шешім шыққаннан кейін микронесие ұйымына төлейтін негізгі қарызына қоса, ол кісіден сот орындаушылардың қызметі  үшін де белгілі бір пайыз ұсталады, – деді ол.

Жеке  сот орындаушылардың қызметіне ақы борышкердің есебінен төленеді

Кейіпкеріміздің хаты жеке сот орындаушыларға қашан түскенінжәне олардың қызметіне борышкердің есебінен қанша қаржы төленгенін білу мақсатында Орал қаласындағы Қ. Аманжолов көшесі, 85-үй мекенжайындағы  БҚО жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасына  бардық.

Нұрболат Құспанұлына қатысты соттың шешімі жеке сот орындаушы Ботагөз Аманшинаға былтыр тамыз айында  түскен. Содан «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» ҚР заңының  37-бабы  аясында жеке сот орындаушы Н. Аманғалиевтен «Lending and Financy technologies» ЖШС-ның пайдасына 191 780 теңге өндіруі тиіс болған. Яғни негізгі несиесі бойынша төрт ай 38 526 теңгеден, бір ай 37676 теңге және жеке сот орындаушының қызметі үшін бес ай 10 468 теңгеден өндіруге қаулы шыққан. Бұл қаржы борышкердің зейнетақы төлемдерінен және басқа да кіріс түрлерінен ұсталатындығы туралы және табыстың 50 пайызынан аспайтын мөлшерде ұсталатындығы жайында борышкердің телефонына ақпарат барған. Аударымдар былтыр қазан айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы арқылы қарияның зейнетақы төлемдерінен  ұстала  бастаған.

Жеке сот орындаушының қызметі үшін төлем борышкерден өндірілетін қаржының 3-тен  25 пайызға дейінгі  қаржысын құрайды екен. Яғни 60 АЕК-ге (175 020 теңге)  дейін өндірілген қаржыға 25% қосылатын көрінеді.  Сондай-ақ сот орындаушы  шығыны борышкердің есебінен төленеді.

«Шарттың міндеттемелері заң талаптарына сәйкес орындалуы тиіс»

Халықтың осал топтарына несие төлеуде жеңілдіктер жоқ па? деген сауалмен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Орал қалалық басқармасының басшысы Айман Айдароваға өтініш жаздық. Оның айтуынша, ҚР Азаматтық кодекстің 380-бабына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалар шартжасауға ерікті. Келісімшартқа мәжбүрлі түрде қол қоюға жол берілмейді және шарттың міндеттемелері заң талаптарына сәйкес орындалуы тиіс. Осы орайда Нұрболат Құспанұлы «Lending and Financy technologies» МҚҰ-мен келісімшарт жасасқан. Келісімшартта көрсетілген мерзімде несиені ай сайын бөліп төлеу міндеттемесін қабылдаған. Шарт екі жақты келісім бойынша рәсімделгендіктен, заңды болып табылады және кез келген келіспеушіліктер сот тәртібімен  шешіледі.

– Н. Аманғалиев «Lending and Financy technologies» МҚҰ-мен 2020 жылдың 13 наурызында 200 мың теңгеге шағын несиелік келісім жасаған. Содан [email protected] электронды поштасы арқылы негізгі қарызды өтеуді және микронесиелік келісімдер бойынша сыйақы төлеуді кейінге шегеру туралы өтінішпен жүгінген. Өтініші қаралып, төлемдерді 2020 жылдың 15 маусымына дейін кейінге қалдыру ұсынылды. Бұл туралы оның 87755273586 нөміріне смс хабарлама жіберілген. Жеңілдік мерзімі қарастырылғаннан кейін ол несиені және есептелген сыйақыны қайтаруға мәжбүр болды. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты енгізілген төтенше жағдай режіміне сәйкес, қарыз алушыларды  қолдау мақсатында МҚҰ келесі шараларды қабылдаған.

Кредиттік төлемдер мен сыйақылардың кешіктірілуі 90 күнтізбелік күннен асатын несиелік келісімдер бойынша сыйақыны есептемеу. Қарыз алушыларға айыппұл дар  мен  өсімпұлдарды  есептемеу.

Халықтың осал топтарына жататын жеке тұлғаларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, сондай-ақ жергілікті атқарушы құрылымдарда жұмысқа орналасу үшін тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтарға негізгі қарызды және сыйақыларды растауды талап етпестен төлемдер тоқтатылады.

Төтенше жағдай кезінде қаржылық жағдайы нашарлаған қарыз алушыларға төлемдер мен сыйақылар бойынша төлемдер тоқтатылды. Алайда жеңілдік мерзімі өткеннен кейін ол келісімшарт бойынша несиені өсімімен қайтаруы тиіс болды.

Егер МҚҰ-ның әрекеттерімен келіспеген жағдайда ол ҚР Әкімшілік кодекстің 9-бабына сәйкес, өз құқығы мен мүдделерін қорғау үшін орналасқан жері бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар, – дейді Айман Айдарова.

«Келіспейтіндігі  туралы арыз  5 күн  ішінде жазылуы  керек»

Қазір сотта ең көп  қаралатын істердің бірі – микронесиелік ұйымдардан заем алып, опық жеп жүргендерге қатысты екен. Сол себепті соңғы кезде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, қаржыны өндіріп алу туралы істерді нотариус жүзеге асыра бастаған. Яғни оларға  осы бағытта бірқатар өкілеттілік берілген. Нотариус атқарушы жазба (исполнительный надпись) шығарарда тараптарды шақыруға міндетті емес көрінеді. Мұндай істерге несиені қайтару, коммуналдық қызметке берешекті өндіру жатады екен. Тек шығарған шешім борышкердің ұялы телефонына және «Қазпошта» АҚ байланысы арқылы жіберіледі. Егер борышкер сол шешіммен келіспейтін болса, атқарушы жазбаны алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде сол нотариусқа немесе сотқа барып,  келіспейтіндігі туралы арыз жазуы керек. Несие пайызымен немесе төлейтін кестесімен келіспейтіндігін айтуы қажет. Сол кезде шешім шығарушы құрылым атқарушы жазбаны қайтадан өзгерте алады. Бұл ақпаратты бізге БҚО адвокаттар алқасының заңгері Лаура Өтешева айтты.

–  Кез келген мәселе туындағанда дер кезінде сала мамандарынан кеңес алу керек. Бізге тұрғындар «Бүгін еңбекақым түсіп еді. Елу пайызын ұстап қалды» деп жиі келеді. Негізі, борышкерге хабарлама бірнеше күн бұрын барады. Хабарлама келгенде олар мән бермейді де, келіспейтіндігі туралы арыз жазатын 5 күнді өткізіп, жалақысынан қаржы ұстаған кезде бір-ақ келеді. Жоғарыда есімі аталған Нұрболат Құспанұлында да сондай жағдай. Сот шешімін алғаннан кейін шағымданбаған. Бес жұмыс күні ішінде шағым түсіруі керек еді. Микроқаржы ұйымдарының қарыз алушыға қоятын талабы өте жеңіл. Ол – Қазақстанның 18 жастан 75 жасқа дейінгі тұрғыны, кез келген банкте шоты менбайланыстағы телефон нөмірі болса болғаны. Ал қарыз алушының несие тарихы оларды қызықтырмайды. Сондықтан да басқа банктенесиесін жаба алмай жүргендер қарыздың үстіне қарыз жамай беруі әбден мүмкін. Келісімшартқа қол қоярда онымен мұқият танысу керек. Сондай-ақ былтыр «Банк және банк қызметі туралы» және «Микроқаржы ұйымдары туралы» заңдарға өзгеріс енгізілді. Егер тұрғындардың екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша берешегі 90 күннен асып кетсе, айыппұл, өсімпұл, сондай-ақ комиссия мен басқа да төлемдер есептеуге тыйым салынды. Бұрын борышкердің несиесі бір-екі жыл төленбегенде ғана банктер өндіруге талап-арыз беретін. Өйткені өсімнің көбейгені банктерге де тиімді болатын. Үш айдан асып кеткен жағдайда несиенің комиссиясы, өсімпұлы  есептелмейді.  Екінші деңгейлі банктер мен микронесиелік ұйымдардың пайызы, өсімпұлы бойынша арыз-шағымды ҚР Ұлттық банкі қабылдайды, – деді ол.

«Онлайн заем рәсімдегенде нені ескеру керек?» деген сұрағымызға: «Ең бірінші халықтың қаржылық сауаттылығын арттырған жөн» деді. «Себебі қарапайым адамдар несие алу мәдениетін білмейді. Тегін жатқан дүниедей жеңіл қарайды. Онлайн несие мен заем алудың жолы тез әрі ыңғайлы болғанымен, олардың жылдық пайыздық мөлшерлемесі өте  жоғары» дейді заңгер.

Банктің де ұсыныстары бар

Егер несиені қайтара алмауға белгілі бір себептеріңіз болды делік. Мысалы, денсаулығыңыз жарамай қалды, жұмыстан шығарып жіберді, төлем жасауға мүмкіндігіңіз болмады. Не істеу керек? Бұл туралы қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүрген жеке кәсіпкер Мәулен Неғметовтен білген едік. Мәулен Мейрамұлының айтуынша, материалдық қиындыққа тап болсаңыз, бірден банкке хабарласыңыз. Өсімпұл мен айыппұл, сотқа шақыртуды күтпей-ақ,банкке өзіңіз барыңыз. Банктер мұндай жағдаймен бірінші рет ұшырасып тұрған жоқ. Олардың форсмажорлық жағдайда жасайтын ұсыныстары міндетті түрде болады. Банкке келіп, төлем қабілетіңіз аяқ асты нашарлағанын дәлелдеудің арқасында екі жаққа да қолайлы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігіңіз бар. Сіз ең болмағанда, несие тарихыңызды дұрыс сақтап қала аласыз. Мұндай жағдайды банктер жеке тәртіппен қарайды. Өз тарапыңыздан қаржылық жағдайыңыз бен төлем қабілетіңіздің нашарлағанын дәлелдейтін (еңбек келісімшарты, жұмыссыз екеніңізді анықтайтын құжат және т. б.) құжаттарды дайындаңыз. Сіздің пайдаңыз үшін шешім қабылдау жеңіл болады. Банк әрі қарай сізге несиені қайта құрылымдаудың түрлі нұсқаларын ұсынады және барлық келісу кезеңдерінен өткен соң, несие келісімшартына енгізілетін өзгерістер туралы хабарлайды. Сіз келісіп, қол қойған соң күшіне енеді.

Егер несие төлей алмасаңыз, банктер сізге қолайлы несиелік кезең немесе несиенің негізгі сомасы бойынша уақытша демалыс беруі мүмкін. Бұл кезеңде сіз тек пайыздарды ғана төлейсіз – бұл  айтарлықтай аз сома. Сондай-ақ банк несиенің төлем мерзімін ұзартуды ұсынуы мүмкін. Мұндай жағдайда ай сайынғы төлем азайтылып, жаңа төлем кестесі беріледі. Бұлар несие бойынша сізге уақытша аяғыңыздан тұрып, төлем қабілетіңіз жақсарғанша, әрі несие тарихыңыз бен беделіңізді сақтап қалу үшін берілетін негізгі жеңілдіктер.

Ал ең маңызды және қарапайым кеңес – несие алуға өте жауапкершілікпен қараңыз! Несие бойынша ай сайынғы төлемді кешіктірмейтініңізге сенімді болған кезде ғана қарызға жүгініңіз. Сондай-ақ банктердің пайызын салыстырып, зерттеңіз.

P.S. «Тез әрі ыңғайлы!». Кез келген микроқаржы ұйымының басты ұраны осындай. Ақшадан тарыққан адам бар-жоғы жарты сағаттың ішінде артық құжатсыз қалтасын қалыңдата алады. Алайда «қарыз­дың күліп келіп, жылап қайтатынын» естен шығармаған жөн. Себебі әрбір «тез бен оңайдың» артында ұзақ  әрі қиын іс тұруы мүмкін. Несие алуыңыз оңай болғанымен, одан опық жеп қалуыңыз қиын емес. Екіншіден, елімізде микронесие беретін ұйымдардың пайызы өте жоғары. Қарыз үстіне қарыз жамап, төленбеген несиенің  кесірінен  тақыршаққа  отырып қалмаңыз.

Енді редакцияға хат жазып отырған Нұрболат Құспанұлының жағдайына келсек. Ол анау 200 мың теңгені 456 мың етіп, еселеп қайтарып жатқаны өз алдына, жеке сот орындаушылардың қызметі үшін де төлем төлеуі тиіс. Бұл – соттың шешімі. Бүгінде сол «күліп келген қарыздың жылап қайтқан» ащы сабағын өз басынан өткізуде.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале