5 наурызда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ zaimer.kz («МҚҰ «Робокэш.кз» ЖШС) микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын қазақстандықтардың 2 миллионнан астам жеке дерегі таралғаны анықталды.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
Жалпы Robo.finance платформасында жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары клиенттерінің 36 миллионнан астам (РФ - 23,6 млн. (zaimer.ru – 16.8 млн., adengi.ru -6.8 млн.); Филиппин - 5 млн. (digido.ph); Вьетнам - 2 млн. (vietloan.vn) дерекгі анықталған.

Осылайша жеке деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне сүйеніп, ЦДИАӨМ EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы азаматтарды хабардар етіп, ақпараттың таралуын барынша азайту мақсатында ұсыныстар жіберді.
- Егер сіз хабарлама алған болсаңыз және «МҚҰ Robokesh.kz» ЖШС-нің жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісім бермеген болсаңыз, онда бұл жағдайда кінәлі тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажетті шараларды толық қарастыру және қабылдау үшін Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуіңізді сұраймыз, - делінген министрлік жазбасында.
Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 79-бабына және 641-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады.