Облыстық кәсіподақтар орталығы жанынан заң клиникасы өз жұмысын мамыр айында бастады. Осы уақыт ішінде клиникаға 50-ге жуық өтініш түсіп, алғашқыда шешілмейтін түйін боп көрінген сол өтініштердің біреуі де сотқа жетпей өз шешімін тапты.
«Одақтар үйі» ғимаратында ашылған заң клиникасының басты мақсаты – кәсіподақ мүшелері үшін еңбек құқығы мәселелері бойынша ақысыз заңдық кеңес беру. Құрамында облыстық кәсіподақтар орталығының, салалық кәсіподақ ұйымдарының заңгерлері мен медиаторлар бар.
Жиі кездесетін өтініштер бюджеттік мекемелер өкілдері, кіші қызметкерлер мен медицина қызметкерлері тарапынан болды. Көкейкесті мәселелердің алды қызметкерлерге үстеме жұмыстың берілуі, мейрам күндері жұмысқа шақырылуы, еңбекақыны дұрыс төлемеу мәселелері, вакцинация алу сұрақтары. Әр сұрақтың шешімін табуда заңгерлер мен медиаторлар үлкен септігін тигізіп, шешу жолдарын көрсетуде.
Бүгінгі таңда заңнамалық көмекке жүгінген кәсіподақ мүшелеріне 5 қалалық емханасының директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Тимур Ажғалиев азаматтық қабылдау өткізсе, сондай-ақ кәсіподақтар орталығының әлеуметтік әріптесі, медиация орталығының Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Махамбет Сұлтанғалиев өз кезегінде еңбек дауларын шешуге үлкен үлес қосуда.
Алдағы уақытта заң клиникасында облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, заңгерлер, әр саланың білікті мамандарының қабылдау өткізуі жоспарлануда. Өзекті сұрақтары, шешілмеген түйіні бар жұмысшыларға Н. Назарбаев даңғылы 184/1 мекенжайында орналасқан заң клиникасының есігі ашық екенін жеткіземіз.
Зарина Қайырова,
Батыс Қазақстан кәсіподақтар орталығының
БАҚ бойынша бас маманы