Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекеттік саясаттың өзегіне айналдыру қажеттігін айқын айтты. Соңғы кезде көп айтылып жүрген аталмыш қағидаттың басым міндеттері қандай, оны жүзеге асыру арқылы қандай көрсеткіштерге қол жеткізу көзделген? Әлбетте, осы сұрақ қалың жұртшылық тарапынан туындайтыны шүбәсіз.

Көбінесе «заң» дегенде тек тыйым мен жаза көз алдымызға келеді. Ал «тәртіпті» тек жазалаушы құрылыммен байланыстырамыз. Шынтуайтына келгенде, «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамды біріктіретін, адами құндылықтарды басшылыққа алатын маңызды құжат. Заңға бағыну, тәртіпті сақтау – қағидаттың басты мақсаты да осы. Осындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру арқылы әлеуметтік, экономикалық және құқықтық нәтижеге қол жеткізу көзделеді. Әлеуметтік нәтиже дегеніміз – ел азаматтарының заңды сыйлауы, оған бағынуы, өзара адал қарым-қатынасы. Тәуелсіздікті жаңа алған алағай да бұлағай кезеңді еске түсірсек, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар көп тіркелетін, қорқыту, бопсалау, тонаудың көбейгені соншалық, адамдар түнде жүруге қорқатын еді. Қазір жағдай сол кездегімен салыстыруға келмейді. Тыныш өмір, ертеңгі күнімізге алаңдамаймыз. Бұл – тек құқық қорғау құрылымдарының жұмысының нәтижесі емес, тұтас қоғам санасының өзгергенінің көрінісі. Дегенмен осымен шектеліп қалуға болмайды, алда да идеологиялық тұрғыда қылмысқа қарсы нөлдік төзімділік қалыптастыруға байланысты ауқымды істер жүзеге асырылады.
Экономикалық тұрғыда алар болсақ, «Заң мен тәртіп» қағидатының көздейтіні – кәсіпкерлердің кәсібін өркен-детуіне жағдай жасау, инвестициялық ахуалды жақсарту, артық шығындарды қысқарту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі құрылтайда ауыл-елге инвестиция тартудың ел экономикасы үшін маңызын тілге тиек етті. Ойлап қараңызшы, қауіпті, қылмыс белең алған мемлекетке инвестор қаржысын құя ма? Әлде болмаса бизнесін жүргізуге тосқауыл көп жерде кәсіп бастауға қай-қай жанның да жүрегі дауаламайтыны сөзсіз. Сондықтан бизнесті жетілдіруге барлық жағдай жасалған мемлекет қалыптастыру міндет.
Тұжырымдамадан күтілетін тағы бір маңызды міндет – құқықтық нәтиже. Аты атап тұрғандай, бұл арқылы құқық қорғау құрылымдары жұмысының тиімділігін арттыру, ашықтығын қамтамасыз ету көзделеді. Яғни соттың әділ төрелік жасауы, полицияның мінсіз тергеуі, прокуратураның қалтқысыз бақылауы, адам құқығының қорғалуына кепілдік берілуі заң мен тәртіп салтанат құруы үшін маңызды.
Мына тұсты атап өту керек, осы үшеуі бір-бірімен тығыз байланыста. Біреуі кемшін түсіп жатса, тұтас жүйенің тиімді жұмысы мүмкін болмайды. Айталық, әлеуметтік жағдай тұрақты, адамдар қылмыстан аулақ болса, кез келген жұмыс ширай түседі. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған осындай мемлекетте бизнес те өркендейді, демек, экономика дамиды. Құқық қорғау құрылымдарының білікті қызметі осы тұрақтылықты сақтауға бағытталады.
Осы ретте республикалық деңгейде жоғарғы қадағалау міндетін жүзеге асыратын конституциялық құрылым ретінде прокуратураға жүктелетін ең басты міндет – азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғау. Кейінгі жылдары прокуратура құрылымдарына инвесторлардың мүдделерін қорғау міндеті де жүктелді. Инвестор дегенді көп адам шетелден келген бизнесмен деп қабылдайды, әйткенмен, бұл олай емес. Туған жерінің өркендеуіне қаржы құятын отандық кәсіпкердің де жөнсіз тосқауылдарға тап болмауы, бизнесін кедергісіз жүргізуіне баса назар аударылған.
Көпшілігі прокуратура қызметкерлерін сот отырыстарындағы айыптаушы деп қабылдайды, әлбетте, біз үшін әділдік, дұрыстық, адам құқықтарының бұзылмауы маңызды. Сонымен қатар адал азаматтардың адал қоғамын құру үшін де түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Ол үшін, ең бастысы, құқықтық мәдениет қалыптастыру керек.
Бұл – бір үлкен жаһандық мәселе емес, әр адамның өзінен басталатын дүние. Хәкім Абай насихаттаған адамгершілік, иман, ар-ұят, әдептен бастау алады. Мысалы, жүрегі таза жан қоғамдық ортада да сондай болмақ. Демек, көшеде кім көрінгенмен жаға ұстасып, жыртыспайды, өзгенің дүниесіне көзін алартпайды, жақынға қиянат жасамайды.
Прокуратура саласындағы қызметте де құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған үрдіс анық байқалады, ашықтық пен жариялылыққа бет-бұрыс айтарлықтай. Біздің мамандар әрдайым жұртшылықпен жүздесіп, ауыл-елдерге жиі барып жүр. Барлық жаңалық, халыққа пайдалы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да оқырманға жетуде. «Заң мен тәртіп» қағидаты енгізілгелі бұл жұмысқа жаңаша серпін берілді.
Аудандағы мектеп шәкірттерімен ұдайы кездесіп, заң талаптарын сақтаудың маңызын қарапайым тілмен ұғындырамыз. Оған, әрине, тек прокуратура қызметкерлері ғана емес, полиция, әкімдік өкілдері, аузы дуалы аға буын өкілдері қатысып жүр. Осылайша бәріміз жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, заң мен тәртіптің құндылығын түйсініп өсетін ұрпақ тәрбиелесек қана ісіміз жемісті болары шүбәсіз.
Құрылтайда Мемлекет басшысы басым назар аударған тұс – тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасында әлдінің әлсізге әлімжеттік жасауы әлі күнге дейін өзекті мәселе екендігі. Өкінішке қарай кей уақытта тек Ақжайық ауданының өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты аптасына 3-4 іс қаралып жатады. Осы процестердің 99 пайызында кінәлі тарап – отбасының асқар тауы, тірегі болуы тиіс отағасы. Мұндайда жұдырығы жуанды бас бостандығын шектеу, тіпті түрмеге отырғызуға дейін жаза қарастырылған.
Неліктен жаза осыншама қатаң? Себебі зайырлы, өркениетті, құқықтық мемлекетте ең басты құндылық – адам. Өзгеге қол көтеріп, психикасына қысым жасап, оның құқығын аяқасты етуге жол жоқ. Осы ақиқат әрқайсымыздың санамызға сіңуі тиіс.
Биылғы жылды Президентіміз «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Прокуратура саласында да бұл жаңашылдық қарқынды енгізілуде. Полиция, прокуратура, сот арасында қағаз тасу – өткен күннің еншісінде, бұл шаруаның бәрі бүгінде цифрлық қолтаңбамен тындырылады.
Құқық қорғау жүйесін реформалаудың нәтижесі – осыдан төрт жыл бұрын қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделі енгізілді. Модельдің жұмыс тәртібі келесідей: қандай да бір қылмыс бойынша полиция деректерді жинайды, тергеу жүргізеді, прокуратура 24 сағаттың ішінде бұл іске құқықтық баға береді. Сот төрелігін айтып, шешім шығарады. Бүкіл процесс цифрландырылған және электрондық сипатта.
Бұл бұзушылықтардың жолын дереу кесуді және қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз етеді. Демек, белгілі бір дәлелдемелерді жою, өзгесіне алмастыру, оны істен алып тастау, т. б. қитұрқы әрекеттерді жасау мүмкін емес. Себебі тергеу барысындағы әр әрекеттің артында «цифрлық із» қалады, адами фактор болмайды. Үшбуынды осы модель адамның конституциялық құқығын сот кезінде ғана емес, тергеу басталған бойдан-ақ қорғауға ықпал етуге қауқарлы.
Мемлекет басшысы құрылтайдағы сөзінде Қазақстан әділеттің, заң мен тәртіптің мекені болуға тиістігін, бұл құндылықтардың әр адамның бойынан табылуы керектігін баса атап өтті. Қарап отырсақ, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Адал азамат» бағдарламасы, «Таза Қазақстан» жобаларының түпкі мәні бір-бірімен терең астасып жатыр. Бүгінде ауыл-елде орасан мәселе боп тұрған мал бағымы мәселесін мысал ретінде алсақ, осы проблеманы шешуде «Заң мен тәртіп» ұстанымдары тұрғындардың өз мүлкіне жауапкершілік алуынан көрінеді. Ал өз малын ешкімге кесірі тимейтіндей бағып, адал тірлік еткен жанның тірлігі өзгелерге құрмет емей, немене? Міне, «Адал азамат» деген осы.
«Ойлап қараңызшы, сіздің жолда жүрген малыңызға соқтығысқан таксидің ішінде үйге асыққан студент балаңыз келе жатса...» – мен мал бағымына қатысты тұрғындармен өткен жиындарда осындай мысалды жиі айтамын. Сондағы мал иелерінің бар жауабы – «Мұндай көлденеңнен сақтасын!». Айтады да қояды. «Сақтасын!» деп тілейді де, қояды. Тілек бар, әрекет жоқ, өкінішке қарай.
Былтыр малға соқтығысқан көлік апаттарында адам өлімі орын алған жоқ. Айталық, 2024 жылы осындай 36 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2025 жылы 24 дерек болған. Азайды, бірақ әлі де мұндай келеңсіздікті жоюға ұмтылуымыз керек.
Соңғы болған сот процестерінің бірінен мысал – 2020 жылы 18 жылқы ұрлаған барымташыға айыптау үкімі шығарылып, ол 8 жылға түрмеге тоғытылды. Әккі ұры далада үйірімен жайылып жүрген жылқылардың бір-екеуін өз қорасына әкеліп қамап, артынан сойып, етін сатып, кәсіп қылыпты. Сотта жауап берген жәбірленушілер қай уақытта малының жоғалғанынан да хабарсыз. Осыдан шығатын тұжырым – бәрі демей-ақ қояйын, бірақ мал ұстайтын көп ағайын тек түлігіне иелік еткісі келеді, ал сол үшін жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді.
Президентіміз Ұлттық құрылтайда елдігімізді, бірлігімізді, мемлекеттілігімізді сақтауда келелі біраз мәселелерді көтеріп, нақты тапсырмалар берді. Мұның бәрінің, әлбетте, қоғамдық сананы серпілту, отаншылдықты бекітуде маңызы зор. Ал осы істердің жүзеге асуына әрбір азамат қалай үлес қоса алады? Ол үшін әр адам заң мен тәртіпті шектеу деп қабылдамай, жалпы қоғамдық құндылық ретінде ұстануы тиіс, ұрпағына да осы қағидатты сіңіруі керек. Себебі заң мен тәртіп салтанат құрған жерде әділдік орнайды. Әділдік бар жерде сенім пайда болады.
Ал сенім – мықты мемлекеттің тірегі.
Алмас Таспихов,
Ақжайық ауданының прокуроры