5.12.2023, 17:00
Оқылды: 38

Заң үстемдігін үнемі қадағалаймыз

6 желтоқсан – Прокуратура күні

Еліміздегі тұрақтылық пен азаматтардың қалыпты өмір сүруі прокуратура құрылымдары қызметінің тиімділігіне байланысты. Прокурорлық қадағалау қоғамның барлық саласын қамтиды. Ал құқық  қорғау мен заң үстемдігі – оның қызметінің негізгі мазмұны. Прокурорлардың күш-жігері қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың еңбек және экономикалық құқықтарын қорғауға бағытталған.

прокуратура1

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша прокуратура құрылымдары маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді іске асыруда. Осы жұмыс барысында минералды, емдік-асханалық бөтелкедегі су мен алкогольсіз сусындар өндірісін жүзеге асыратын «Batysminiralsu» ЖШС-ның (жобаның құны 2 млрд теңге, 30 жұмыс орнын құрады) өндірістік қуатты кеңейту үшін жарты жыл бойы қосымша жер учаскесін ала алмағаны анықталды. Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының араласуынан кейін инвесторға ауданы 1,9 га жер учаскесі берілді.

Бизнесті тиісінше қорғау мақсатында барлық прокуратурада инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтар мен CALL-орталықтар жұмыс істейді. Бизнес субъектілері (инвесторлар, кәсіпкерлер) проблемалар туындаған жағдайда құқықтары мен мүдделерін қорғау және құқығын қалпына келтіру үшін прокуратураға  жүгіне  алады.

Облыс прокуратурасының қабылдаған шараларының нәтижесінде мемлекет кірісіне 9 млрд теңге салық түсті. Салықтарды уақтылы төлемегені үшін «Жайық Мұнай» ЖШС-на 2 млрд теңге айыппұл салынды. Аталмыш кәсіпорын биыл маусым айында айыппұлды өтеді. Прокуратура ұжымдық шарттарды заңнамаға сәйкес келтіру арқылы 20 мыңнан астам қызметкердің құқығын қалпына келтірді. Сонымен қатар кәмелетке толмаған 37 мыңнан астам жас-өспірімнің құқығын қорғады.

Мемлекеттік сатып алу саласында жалпы сомасы 1,7 млрд теңгенің 9 конкур-сы жойылып, 20 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өңірде ауданы 342 мың гектар 439 пайдаланылмайтын жайылым анықталды. Бүгінде 29 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен бірге 6 мыңнан астам ауыз су тұтынушының құқығы қорғалды. Олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жауапты мамандардың кінәсінен 1 текше метрге бекітілген 90 теңгенің орнына 200-300 теңгеге дейін төлемдер жасаған. Жергілікті атқарушы құрылымдар тұтынушылардың төлем мөлшерін қайтадан есептеді. Қазіргі  таңда облыс прокуратурасы 2421 кәсіпкердің құқығын қорғап, 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар биыл облыс прокуратурасының бастамасымен үйлестіру кеңесінің отырыстарында су тасқынына байланысты төтенше жағдайларды болдырмау, қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу іс-шаралары, жолкөлік оқиғалары сияқты өзекті мәселелер қаралды. Қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделін енгізу бойынша ҚР Бас прокуратурасының, Ақтөбе, Атырау, Ақтау облыс прокуратуралары басшылық құрамдарының қатысуымен семинар-тренинг өтті.

Бүгінгі күні атқарылып жатқан шаралардың арқасында облыс аумағында қылмыс деңгейі төмендеді. Өңірдегі қылмыс дерегі 24%-ға (5707-ден 4309-ға дейін) азайды. Тонау (56,8%-ға, 185-тен 80-ге), ұрлық (37,6%-ға, 2123-тен 1324-ке), бұзақылық (8%-ға, 73-тен 67-ге) сияқты көше қылмыстары бірнеше есе қысқарды. Біз соңғы үш жылда алғаш рет алаяқтықтың азайғанын байқап отырмыз (29%-ға, 1148-ден 814-ке дейін). Солай бола тұра, Ақ Жайық өңірінің тұрғындарын алаяқтардың айла-амалдарынан сақ болуға шақырамын.

Халық арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізілгеніне қарамастан, азаматтар оларға алданып қалуда. Алаяқтар көбінесе өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке және банктік шоттар туралы мәліметтерді, код пен парольдерді сұрайды. Кейде олар өздерін құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, ақша беруді талап етеді. Олардың түпкі мақсаты – банктік шоттарға қол жеткізу және азаматтардың ақшасын иемдену. Алаяқтарға тап болған жағдайда сабыр сақтап, полицияға немесе прокуратураға хабарлау керек. Мәселен, қазір Чиа Тай пирамидасына қатысты тергеу жүруде. Істі Орал қалалық соты қарап жатыр. Олар тұрғындарға инвестиция салғызып, жоғары табыс табуға уәде берген. Нәтижесінде облыстың 650 тұрғынына 760 млн теңге шығын  келтірген.

Азаматтардың заң күшіне деген сенімі, оған құрметінің күшеюі біздің жұмысымызға тікелей байланысты. 6 желтоқсан – прокуратура жүйесінің қызметкерлері үшін ерекше күн. Біздің кәсіби мерекеміз!

Прокуратура құрылымдары ардагерлерінің ерен еңбегі – кейінгі буын үшін үлгі-өнеге, тәрбие. Елдің игілігі жолында атқарған адал еңбектері үшін алғыс айтамын. Сала ардагерлері мен әріптестерді кәсіби мерекемен құттықтап, денсаулық, отбасыларына бақыт пен амандық  тілеймін!

Серік Шалабаев,

Батыс Қазақстан

облысының прокуроры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале