Армысыз ағайын! Сіздермен Жаңа жылда, жаңа айдар арқылы табысқаныма қуаныштымын! Жаңа айдарымыздың негізгі нысанасы, басты мақсаты – халқымыздың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-бөлігінде: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» - деп көрсетілген.
Құқықтық мемлекеттің теориясы заңның үстемдігі мен оны әлеуметтік өмірді реттеуші ретінде тануға негізделген. Заңның үстемдік құруы сіз бен біздің заңға деген көзқарасымызға тікелей байланысты болып табылады.
Соңғы 30 жыл көлемінде еліміз бойынша әр түрлі деңгейде көптеген сауалнамалар жүргізілді. Оның ең басты объектілерінің бірі ретінде – құқық, адамдардың құқықтық тұрғыдан қорғалуы, құқық қорғау құрылымдарына деген сенімі мәселесі қамтылып отырды. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында да бұл мәселеге тоқталмай кеткен кезі болған емес, меншік нысанына қарамастан кез келген БАҚ күнделікті шығарылымында құқықтық мәселені айналып өте алмайтын жағдайға жеттік. Яғни бұдан шығатын қорытынды – құқық, заң мәселесі, ол тек құқық қорғау құрылымдарының мәселесі емес.
Бірінші кезекте ол азаматтардың өздері үшін ауадай қажет.
Ал ол үшін азаматтардың құқықтық тұрғыдан сауатты болуы, өздерінің ең негізгі деген құқықтарын білгені маңызды. Одан кейін өздерінің мамандығына, қызмет атқарып жатқан саласына қатысты профильді заңнамаларды біліп және оны тәжірибеде қолдана алғандары жөн.
Әрине, осы кезге дейін бұл мәселеге мемлекет көңіл аудармады демеймін. Басқасын былай қойғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі №949 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының құқықтық тұжырымдамасында» көптеген мәселе қамтылған болатын (ескерту: бүгінгі күні Жарлық өз күшін жойған).
Одан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 29 қарашадағы №1116 қаулысымен қабылданған «Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасына» тоқтала кетейін.
Бағдарламада: «құқықтық мемлекеттің қалыптасуы халықтың құқықтық мәдениетінің даму процесінен ажырағысыз. Бұл өз кезегінде дамыған азаматтық қоғам құруға ықпал етеді. Қоғамдық санада құқыққа әлеуметтік әділдік, ізгілік, жеке бас бостандығы негізінде өшпейтін әлеуметтік құндылықтар ретінде қарау орын алуы тиіс.
Азаматтардың құқықтық мәдениетінің жайкүйі оның құқық жүйесі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, құқықтық санасын дамыту – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері.
Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырмай, әрбір азаматты заңды аса құрметтеуге тәрбиелемей, оның ережелерін күнделікті өмірге енгізуге тікелей әрі белсенді қатысу дайындығын қалыптастырмай экономикалық, саяси және әлеуметтік міндеттерді сәтті шешу мүмкін емес» - деп көрсетілген екен.
Бұл тұжырымдардың әр сөзімен келісемін. Сондықтан да облыстық газетте дәл осы тақырыпта жаңа жоба бастап отырмыз. Себебі құқықтық сауаттылықты арттыруда БАҚ-тың ішінде газеттің орны ерекше. Газетте жарияланған материалмен сәт сайын ауысып жататын интернет жаңалықтарын салыстыруға келмейді. Ел-жұрт, әсіресе, ауыл халқы газеттегі материалды оқиды, қажет болса алып қойып, кейін қайта қарап, ой қорытуына мүмкіндігі бар.
Осыған байланысты өз жерлестеріме құқықтық тұрғыдан қандайда бір болмасын, көмегім тиіп жатса, бек қуаныштымын! Алайда ол үшін әр азамат өз құқығын білуге ниетті болуы, оны қолдануға, қажет болса, қорғануға жеткілікті ерік-жігері болуы шарт екенін жете түсінуі керек!
Құқықтық мәселенің маңыздылығына осы салада арнайы сауалнама ұйымдастырған сараптама нәтижелері не дейді, осыған аз-кем тоқталып кетейін. Бұл сараптамалық қорытындыда құқықтық сауаттылықты арттырудағы БАҚ-тың атқаратын рөлі туралы да айтылған.
Сауалнамаға қатысқан әрбір төртінші адам біздің елде құқықтар мүлдем сақталынбайды деп есептейді. 70%-ы олар қашанда жүзеге асады деп есептемейді. Тек аз ғана бөлігі (4%) өздерін толықтай заңмен қорғалған деп есептейді. Тәуелсіздік жылдарында елдің өркениетті қызмет етуі үшін көптеген заң қабылданды, алайда оларды жүзеге асыру механизмі кешігуде, заңның алдында барлығы бірдей қағидасы сақталмауда.
Берілген зерттеулердің негізінде мына мәселені түсінуге болады, адамдардың құқықтық сауаттылығы мен олардың заңдарды білу қажеттілігі арасындағы белгілі бір тәуелділік бар. Күнделікті өмірде жиі тоғысқандықтан, мазмұны көпшілікке жақсы белгілі заңдар бар және де мазмұны көпшілікке белгісіз заңдар да жоқ емес. Адамдар заңды неғұрлым нашар білсе, өздеріне кепіл етілген құқықтар мен мүмкіндіктер көлемін қолдана алмағандықтан, қиын жағдайларда көмексіз қалады. Құқықтық сауаттылық деңгейі көтерілген сайын билік емес, заң қоғамды реттеуші күшке айналады.
Халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құқықтық ағарту қоғамның құқықтық мәдениеті мен санасын дамытуға мүмкіндік береді.
Заңдар Конституциядағы мәселелерді түрлі құқықтық реттеу салаларына қатысты нақтылайтын болғандықтан, бұл заңды құбылыс болып табылады. Конституция мен басқа да заңдардың адам құқығының кепілі ретіндегі эксперттік бағаның төмен болуы құқыққа деген сенімнің жоқтығын көрсетеді. Конституция тиімділігін «орташа» деп тек әрбір төртінші адам, ал заңдарды мамандардың үштен бірі ғана бағалаған. Егер «төмен» және «ешқандай» бағаларын қосатын болсақ, екі жағдайда да сарапшылардың 50%-ы заңнаманың адам құқықтарын бұзуға байланысты күресті теріс бағалағандығын көреміз. Алынған мәліметтер қазақстандық қоғамда құқықтық еркіндік дәрежесінің төмендігін көрсетеді.
Құқықбұзушылықтың жоғарғы көрсеткіші құқықтық ригоризмнің (жағдай) жайылғандығын, көпшілік тұрғындардың қылмыспен күрес шараларының қаталдана түскендігін және өлім жазасының сақталғандығын қалайтындығын көрсеткен. Көп адамдар өз ортасындағылардың құқықбұзушылық әрекеттерге немқұрайлы қарайтындығы, жеке бастарының құқық талаптарына селқос қатынасы құқықтық бағыттардың тұрмыстық деңгейдегі сәйкессіздіктерін көрсетеді.
Қазақстанда құқықтық мемлекеттің орнауы мен азаматтық қоғамға кедергі көптеген фактор бар, олардың ішінде, ең маңыздысы, азаматтардың консервативті санасы болып келеді. Көптеген сауалнамалық зерттеу көрсеткендей, Қазақстанның аға буын өкілдері азаматтық қоғам құндылықтары мен құқықтық мемлекет құру және сәйкесінше жоғарғы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға оң көзқараста еместігін көрсетіп отыр.
Адамдардың санасының деңгейі әрекет белсенділігі, жеке меншік, азаматтық қоғам, кәсіпкерлік, таңдау еркіндігі секілді нарықтық жүйе атрибуттары, өмірге қанағаттанушылық, бүгінгіні бағалау, ертеңге үміт секілді әлеуметтік көңіл күй көріністері арқылы анықталды.
Практика барлық мемлекет үшін шиеленістерді шешетін әдісті таба алған жоқ, сірә, таба да алмас. Бірақ қалай болғанда да, теңдік, еркіндік, әділеттілік, адамгершілік қағидаларына негізделетін жалпы адамзаттық құндылық нормаларын басшылыққа алатын механизм ең маңыздысы болуы қажет.
Адамдардың менталитеті экономика секілді тез өзгеріске түсе алмайды. Көптеген тұрғын нарықтық қатынастарға дайын емес, өйткені бұған дейін олар қатаң деңгейдегі бақылауда болған. Нарыққа өтіп, азамат мемлекет қарамағынан босанып еркіндікке шықты, бірақ оның бойы өзіне ғана арқа сүйеуі тиіс бұл еркіндікке әлі үйренбеген еді. Нарықтық жүйе индивидуализм, жаңа ой, кәсіпке жақын болуды талап етеді әрі әлеуметтік және меншіктік таптық бөлініске әкеледі. Ол жалпы санада әділетсіздік ретінде қабылданады.
Абзал Құспан,
адвокат, ҚР Президенті жанындағы азаматтардың арыз-шағымдарын қарау жөніндегі комиссияның және БҚО адвокаттар алқасының мүшесі, «Орал өңірі» газетінің қоғамдық редакторы