Облыс әкімдігінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселесіне арналған кеңес өтті. Жиынға өңір басшысының орынбасары Мирас Мүлкәй төрағалық етіп, жауапты басқарма өкілдері мен мердігер ұйым басшылары қатысты.

Басқосуда облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Әлібек Антазиев салада анықталған заңбұзушылықтарды ортаға салды. Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде 35 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 59 әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар облыс прокуратурасының мониторингі нәтижесінде құрылыс алаңын заң талаптарына сәйкес қоршамаған 43 нысан анықталған. Олардың 14-і – рұқсатсыз бой көтерген құрылыстар.
– Атап айтқанда, Тәуелсіздік көшесі, 39 және Досмұхамедов көшесі, 33 мекенжайларында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің рұқсатсыз салынғаны белгілі болды. Аталған нысандар биылғы жылдың соңына дейін толықтай сүріледі. Қалған күмән тудырған құрылыстарға қатысты да қосымша тексеріс тағайындалып отыр. Егер заңсыз екені дәлелденсе, олар да бұзылатын болады, – деді Әлібек Антазиев.
Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй заңсыз құрылыстарға жол бермеу мақсатында 1 қыркүйекке дейін арнайы мониторинг тобын құруды тапсырды. Сонымен қатар рұқсатсыз салынып жатқан нысандар тіркелетін интерактивті карта әзірленетінін мәлімдеді.
– Құрылысқа қатысты рұқсат жұмыстарының 97 пайызы қала әкімдігі арқылы жүзеге асады. Сондықтан заңсыз құрылыстардың тізімін нақтылап, 1 қазанға дейін тиісті шаралар қабылдануы тиіс. Сонымен бірге Әлібек Сайынұлына көпқабатты тұрғын үйлер мен маңызды әлеуметтік нысандарға сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру кезінде БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан және құрылыс басқармасынан келісім алу міндетін жүктейміз, – деді Мирас Рүстемұлы.
Қала келбетін сақтау және бірыңғай сәулет бейнесін қалыптастыру мақсатында құрылыс алаңдарына өлкеміздің көрікті жерлері бейнеленген баннерлер ілінетін болды. Өйткені биылдың өзінде Орал қаласы бойынша 3137 сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілген. Оның 647-сі – коммерциялық, 25-і – көпқабатты тұрғын үй нысаны.
Қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов құрылысшыларға қойылатын талаптардың күшейтілгенін атап өтті.
– Бұған дейін ауланы абаттандыру, аутотұрақ, балалар ойын алаңдары секілді элементтер сырт аудандарда орналасса, енді олар міндетті түрде сол нысанға тиесілі аумақта орналасуы тиіс. Сонымен қатар дамыған елдер тәжірибесіне сүйене отырып, биік тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарындағы терезелерге тежегіш орнату талабын енгізіп отырмыз. Бұл – қауіпсіздікке қойылатын басты талап, – деді ол.

Жиында сондай-ақ шаһардың бас жоспарына енгізілген өзгерістер таныстырылып, «сақалды» құрылыстар мәселесі де қозғалды. Қазіргі таңда иесіз қалған нысандардың меншік иелері анықталып, олардан құрылыс жұмыстарын жалғастыру не сату бойынша нақты шешім қабылдау талап етілуде.
Өңірде құрылыс қарқыны жоғары. Алайда сәулет талаптары мен заңдылықтың сақталуы – бірінші орында. Бұл бағыттағы бақылау әрі қарай да күшейтілетін болады.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»