12.09.2019, 16:10
Оқылды: 31

Заңсыз ветеринарлық анықтама мал ұрлығын өршітуде

Бұл жайында БҚО өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырған брифингте БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов хабарлады. Оның мәліметінше, биыл 8 ай ішінде 209 мал ұрлығы тіркелген. Әсіресе, Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы және Бөрлі аудандарында мал ұрлығы өршіп тұр.

69216f84-e3f4-419a-8b14-552dbf92e79c

Департамент бастығы мал иелерінің салғырттығынан полицияның іздеу тобы күш-жігерін, уақытын босқа сарп ететін жағдай көп кездесетінін айтты. Мал ұрлығының 114 дерегінде (68,9%) жайылымда бағымсыз жүрген төрт түліктен көз жазып қалу, 129 факт бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқ болып шыққаны тіркелген. Мәселен, наурыз айында Буршиев шаруа қожалығы 15 бас жылқысын жоғалтқан. Қожалық басшысы үш ай өткен соң полиция көмегіне жүгінген. Жылқы үйірін полиция қызметкері іздеп тапқан.

Жыл ішінде ұрланған малдың 55,3 пайызы иелеріне қайтарылды. Қазақтың бітімге тез келетін қасиеті де қылмыскерді әшкерелеуге кедергі. Жыл басынан бері жәбірленуші мен күдіктінің татуласуынан 83 мал ұрлығы бойынша қылмыстық іс қысқартылды. Полицияның дер кезінде қимылдауынан 168 қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынса, оның 75-ін сот пен прокуратура босатты. Олардың арасында 45-і бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысы болған соң ұсталған. 2018 жылғы қыркүйек айында мал ұрлаумен айналысқан Сырым ауданының тұрғыны Р.Кабасинов ұсталады. Бұған дейін бірнеше мәрте сотқа тартылған ұры жәбірленушімен татуласуы нәтижесінде бостандыққа шығып отырған. Полиция қызметкері ұрыны қайтадан әшкерелеп, тамыз айында қамауға алды.

Салыстырмалы түрде алғанда, облыста малды қолды қылу жыл сайын азайып келеді. Мәселен, бес жыл бұрын 707 мал ұрлығы тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 397-ге дейін азайған. Алайда БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов мал ұрлығының белең алуына себеп болып отырған жайттарды ашып айтты. Біріншіден, барлық ауданда орталықтандырылған мал бағымы ұйымдастырылмайды. Бұған қатысты облыс әкімі жанындағы ведомствоаралық комиссия шығарған шешім жүзеге аспай отыр. Екіншіден, мал басын белгілеу, таңбалау және ет өнімдерін тасымалдау кезінде ветеринарлық анықтама алуда олқылық бар. Ауылдық елді мекендердегі және Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарындағы мал дәрігерлері заңсыз жолмен ветеринарлық анықтама беруден тыйылар емес. Соның салдарынан ұрлаған мал еті жалған анықтама арқылы тасымалдануда. Мамыр айында «Мал ұрлығы» республикалық жедел профилактикалық іс-шараларын өткізу барысында ет өнімдерін заңсыз тасымалдауға қатысты 6 факт анықталып, кінәлі адамдарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 406-бабына сәйкес 151 500 теңге айыппұл салынды. Мал етін сату нарығы кең болған соң, базарда одан пайда табатын шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге қойылған шектеу де кедергі.

Биыл мал ұрлығымен айналысқан 135 адам және 21 қылмыстық топ ұсталды. 2018 жылдың қараша айында Қаратөбе ауданында үш жыл бойына көпшілікті зар қақсатқан қылмыстық топ ұсталды. Үш қаратөбелік 26 жылқы, 118 ірі қараны ұрлап, иелеріне 27 млн. теңгеден астам шығын келтірген. Сырым аудандық соты 2019 жылы маусым айында айыптау үкімін шығарып, ҚР Қылмыстық кодексінің 118 (ұрлық) және 262-ші (ұйымдасқан қылмыстық топ құру) баптары бойынша Төлегенұлы 8 жыл, Бисембаев 5 жыл 6 ай, Дәулетияров 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Махсудхан Аблазимов мал иелеріне GPS-бақылау мен түнде жарық шағылыстыратын флиппер қолдануды ұсынып жатқандарын айтты.

«GPS-трекердің екі түрі бар. Біріншісі, ұялы байланыс операторлары базасы бақылайтын трекер құны 30-50 мың, екіншісі, спутниктік байланыс негізінде басқарылатын трекер құны 80 мыңтеңгеден басталады. Екеуінің ай сайынғы пайдалану ақысы – 2000-нан 6000 теңгеге дейін. Құрылғыны бір ғана малға салып қойып, табындағы малды немесе үйірді бақылаған тиімді», – деді генерал.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері 6 346 қылмыс тіркелген. Ауыр және аса ауыр қылмыс саны өскен. Тіркелген қылмыстың 55,2 %-ы – ұрлық. 8 ай ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 3 518 дерек тіркеліп, соның 1 758-і ашылды, 1722 қылмыстық іс бойынша тергеу мерзімі үзілді.

Нұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале