22.07.2025, 16:30
Оқылды: 322

Зашағанда 104 шақырым жол асфальтталған

Өткен аптада Зашаған кентіндегі Алтын орда мәдениет үйінде Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов жергілікті  тұғындарды қабылдады.

560f2902-71c7-43bf-8a52-9d04bbc74ff2

Бұл іс-шараны Орал қалалық мәслихат депутаты Есентай Қалиев жүргізді. Аталмыш жиынға кент әкімі Аққали Әубекеров, сондай-ақ Орал қалалық мәслихатының депутаттары мен қала әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары қатысты. Есентай Ғиниятұлы жергілікті билік пен халықтың арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін әрі өзекті мәселелерді шешу мақсатында тұрғындармен кездесулер өтіп тұратынын сөзіне өзек етті. Ол алғашқы сөз кезегін Аққали Үмбетқалиұлына ұсынды. Кент әкімі Зашаған аумағында жүргізілген іс-шаралар жөнінде баяндама жасады.

Әкім сөзіне сүйенсек, бүгінде Зашаған кентіндегі тұрғын саны 70 мыңнан асады. Кент әкімдігіне қарасты 13 шағынаудан мен екі елді мекен бар.  2025 жылдың басынан бері кент аумағын кезген 353 бұралқы ит ауланған. Олардың кейбірі залалсыздырылса, қауіптілері жойылған. Зашаған кентінде 168 шақырым жол болса, оның 104 шақырымы асфальтталған. Қалған 64 шақырымына қатқыл табанды жол құрылысы көп ұзамай басталады. Оған қоса, биыл жүк көліктері жүретін Айтқұлов көшесінің жолы жөнделіп, халық  игілігіне  табысталды.

– Айтқұлов көшесінің жолын жөндеу жұмысы бір ай   көлемінде жүзеге асты. Мердігер компания – «Адал арна» ЖШС. Жүк көліктері мен аутомобильдер басқа бағытпен қатынады. Аталған көшедегі асфальт қалдықтары Гужвина көшесі мен Сарытау шағынауданындағы екі көшеге төселді. Биыл Сарытау елді мекеніндегі тоғыз көше асфальтталды. Қазір бес көшені асфальттауға қатысты жоба дайын тұр. Келер жылы Ақсу, Қаратаев, Сейітов, Шапағат көшелері жөнделеді. Сондай-ақ Кеңдала шағынауданындағы Асан қайғы (830 м), Ақан сері (1500 м), Нарын (1035 м) көшелерінің жобасы дайын тұр. Егер осы жылы қаражат бөлінбесе, келер жылы жөнделеді. Сонымен қатар ағымдағы жөндеу аясында Бруссиловский, Құлагер, С. Рахимов көшелеріндегі шұңқырлар бітеліп, тегістелді. Қазір «Орал жолдары» АҚ М.Мөңкеұлы көшесін жөндеу үстінде. Сондай-ақ бұл көшелердің жолы жөнделумен қатар, тротуарлар да салынуда. Кент аумағында 3417 жарықшам бар. Осы жылдың тамыз айының соңына дейін 415 шам орнатылады. Атап айтсақ, Орал-Саратов бағытындағы Жаңа көпір, Құс фабрикасы, Айтқұлов және Жәңгір хан көшелеріне жарықшамдар қойылады. Кент бюджеті есебінен жыл сайын 3-4 балалар ойын алаңы салынады. Биыл Зашаған кентіндегі Коминтерн шағынауданында, 25-Чапаев дивизиясы, Сәтпаев көшелерінде ойын алаңы салынады. Мердігермен жасалған шарт бойынша 3 жаңа ойын алаңының құрылысы 60 күн ішінде аяқталуы қажет. Үнемделген қаражат есебінде тағы бір балалар ойын алаңын салу жоспарда бар. «Халықтың бюджетке араласуы» жобасы аясында Бортау маңындағы  ойын алаңы жаңғыртылу үстінде. Аталған жоба бойынша футбол алаңының қоршауы мен хоккей ойын алаңы жаңартылуда. «Тәуекел» ЖШС көшеттерді суару, әктеу, қураған ағаш бұтақтарын кесу жұмыстарын істейді. Көктем айында 500 түп терек отырғызылды. Осы орайда азаматтар мен тұрғындарды теректерді күтіп ұстауға, оған зиян келтірмеуге шақырамын, – деді Зашаған кентінің әкімі А.Әубекеров.

Аққали Үмбетқалиұлы Зашаған кенті аумағында рұқсат етілмеген үш қоқыс орны табылғанын баяндады. Қазіргі таңда 950 текше метр қоқыс шығарылған. Қоқыстардың басым бөлігі – құрылыс қалдықтары. Кент әкімі Мұрат Болатұлынан заңсыз қоқыс орындарын болдырмас үшін жол бойына камераларды көптеп орналастыру керектігін айтып, келер жылы қаражат бөлуін сұрады.

Кездесу барысында Зашаған кентінің тұрғыны Нұрдәулет Әлихан шаһар басшысына сауал қойды. Ол Бекімов көшесіндегі жолды жөндеу жөнінде тұрғындар бірнеше жылдан бері өтініш білдіріп келе жатқанын айтты. Оған қала әкімі Мұрат Байменов былай деп жауап қатты.

– Қазір Зашаған кентіндегі 70-ке жуық көше жолы асфальтталған. Бұл мәселе бір жыл төңірегінде шешілмейді. Өздеріңізге мәлім, бүгінде шаһардағы жолдар жаңарып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы Бекімов көшесі мен Сарытаудағы бірнеше көшеге жол салынады, – деді шаһар басшысы.

Болашақ шағынауданының тұрғындары көшелердегі газ құбырларының түсі ескіргенін айтып, сырлау қажет екенін алға тартты. Мұрат Болатұлы егер «ҚазТрансгаз аймақ» АҚ-ға қатысты құбырлар болса, онда ол жұмыстарды аталмыш компания жүргізетінін айтты. Газ құбырларын бояуға қала әкімдігі тарапынан 20 млн-ға жуық қаражат бөлінген. Бірақ ол ақша әзірге жеткіліксіз екенін мәлімдеді М. Байменов.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале