Зашаған кенті жыл санап өсіп келеді. Қазіргі таңда ол жақта 80 мыңнан астам халық тұрады. Адам саны артып, түрлі сауда және әлеуметтік нысандардың көбейгені аталған ауданда электр жүйесінің жиі істен шығуына алып келді. Электр қуатын беруге жауапты мамандар ісін барынша атқарғанымен, кенттің шалғайлығы – жөндеу бригадаларының ақау болған орынға тез жетуіне кедергі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Зашаған аумағындағы ғимараттардың бірінде өрт шығып, төтеншеліктер уақытында жеткенімен, электр көзінен ажыратылмағандықтан өртпен күресу ыңғайсыздық туғызған-ды. Ал ғимаратты ток көзінен айыратын бригада қаланың басқа аумағынан оқиға орнына жеткенше көп уақыт өтіп кеткен. Былай күндері де ақау орын алып, тұрғындар жарықсыз қалған кезде де жөндеу бригадаларының электр сымы үзіліп немесе басқа да келеңсіздіктер орын алған жерлерге уақтылы жетуі қиын болғанын «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның мамандары жасырмады.
Кент тұрғындарының жарықпен қамтамасыз етушілерге деген наразылығы көп екенін де мамандар мойындап отыр. Осы мәселені ескерген облыс әкімдігі Зашаған кентінен қалалық электр торабының өндірістік жөндеу базасын салу жөнінде шешім қабылдады. Ол үшін 600 миллион теңгеден астам қаржыға тендер ойнатылып, биыл көктемде жөндеу базасының құрылысы басталды. Аз ғана уақыттың ішінде кент тұрғындарын жарықпен қамтамасыз етушілерге арналған база бой көтерді.
Энергетиктер күні қарсаңында пайдалануға берілген жөндеу базасының ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы барды.
– Облыстағы электр желілерінің ескіріп тұрғаны жасырын емес. Өңірде 20 мың шақырым электр желілері бар. Соның 81 пайызы жөндеуді қажет етеді. Соған қарамастан өңір энергетиктері әр ауылды, әр ауданды, қаланы жарықпен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Энергетика саласында атқарылған жұмыс аз емес. Күні кеше 2 миллиард теңгеден астам қаржыға Зашаған кенті аумағынан қосалқы станса салынды. Сондай қосалқы станса шаһардағы 10-шағынауданда бой көтереді. «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС 2750 шақырым электр желісін, 236 қосалқы стансаны, 36 трансформаторлық жаңа стансаны жөндеді. Облысымызда мұндай жөндеу базасы біреу ғана. Оның өзі осыдан 50 жыл бұрын салынған. Енді жаңа өндірістік жөндеу базасын ашып жатырмыз. Бұл – энергетиктерге көрсетілген үлкен қолдау. Одан бөлек Кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген қаладағы №5 жылу магистралін, №3 сорғы стансасын және Ақсай қаласының 5-ші және 10-шы шағынаудандарындағы сумен жабдықтау желілерін жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл салада ілгерілеудің бар екенін көрсетеді. Сіздерді жөндеу өндірістік базасының ашылуымен және Энергетика күні мерекесімен құттықтаймын, – деді Н. Төреғалиев.
Барлық коммуникациясы жүргізілген база аумағында әкімшілік-тұрмыстық корпус, қойма және жөндеу шеберханасы мен 15-20 арнайы көлік оңай кіріп шығатын гаражы бар. Жаңа базада «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС жедел-диспетчерлік қызметі мен авариялық-жөндеу қызметі орналастырылды. Енді жарық берушілер төтенше жағдайда жедел әрі шұғыл әрекет етіп, түрлі апаттардың алдын алады.
– Қала аумағындағы электр желілерінде түрлі апаттар жиі орын алады. Бұрын қаланың бір шетінен басқа аумағында болған апаттарға баруға көп уақытымыз кететін. Әсіресе Зашаған, Қазақ ауылында орын алған олқылықтарды реттеу үшін 40-50 минут, кей кездері бір сағат кешігіп келіп жүрдік. Жаңа жөндеу базасы ашылды. Ол жерде бес диспетчер, айырып-қосу жұмысын жүргізетін 16 электромонтер, көлік жүргізушілер, жалпы айтқанда 40-тан астам жұмысшы отырады. Бұл азаматтар тек Зашаған кенті, Ақжайық шағынауданы аумағы мен Серебряков және Круглоозерный ауылдарына қызмет көрсететін болады. Арнайы база салынды енді халық сенімінен шығатындай қызмет көрсететін боламыз, – деді «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның бас инженері Асқар Ғайсин.
Енді зашағандықтар жарықтың сөнуіне қатысты уәж айтпайды деген сенім бар.
Түгелбай Бисен
Сурет: Бекзат Қанаділ
zhaikpress.kz