9.01.2026, 16:45
Оқылды: 253

Зәуре Аманбанва: “Халықаралық сертификаттар – сапалы білімнің кепілі”

Бүгінгі  жаһандану  дәуірінде ағылшын тілі жай ғана шет тілі  емес, ол ғылым  мен  академиялық коммуникацияның негізгі  құралына айналды.  Ағылшын тілін университеттік  және  ғылыми ортада еркін қолдана алатын маман даярлауда   табанды еңбек етіп  келе  жатқан «Болашақ» білім беру орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, БҚИТУ-дың  қауымдастырылған  профессоры, халықаралық  CELTA,  Trinity  сертификаттарының  иегері  Зәуре  Аманбаевамен  әңгімелескен едік.

Зауре Аманбаева

Зәуре Жиеналиқызы, алдымен «Болашақ» білім беру орталығының ерекшелігіне тоқталсаңыз?

«Болашақ» тіл орталығы ағылшын тілін  академиялық бағытта оқытатын, халықаралық CEFR жүйесіне негізделген, Cambridge стандарттарымен жұмыс істейтін білім беру орталығы. Мұнда оқушылардың ағылшын тілі A1- C2 деңгейлері бойынша  жүйелі дамытылып, нәтижесі халықаралық Cambridge KET, PET, FCE, CAE, CPE талаптарына сай бағаланады. Оқытудың басты ерекшелігі мектеп оқушыларына тек IELTS немесе басқа халықаралық емтихандардан жоғары балл алуына ғана емес, университеттік ортада лекция тыңдап, ғылыми әдебиеттерді түсініп, академиялық талаптарға сай жазба жұмыстарын орындауына мүмкіндік береді. Академиялық тіл арқылы бала ғылыми мәтіндерді оқып, талдап қана қоймай, өз пікірін дәлелдермен қорғай алады, ресми пікірталасқа қатысып, халықаралық тапсырмаларды орындау қабілетін дамытады. Бұл тек  тілдік дағды емес, жоғары когнитивтік қабілеттерді қажет ететін құрал. Сондықтан ағылшын тілін тек «сабақ үшін» үйретеміз деп ойлау қате. Бұл баланың ойлау қабілетін дамытатын стратегиялық  инвестиция.

Сіз соңғы жиырма бес жыл ішінде өзіңіздің кәсіби біліктілігіңізді жүйелі түрде жетілдіріп келесіз. Жыл сайын әлемге танымал университеттерге, мысалы, Оксфорд пен Кембриджге барып, арнайы курстарға қатысып, халықаралық емтихандар тапсырып, кәсіби деңгейіңізді растайды екенсіз. Мұның қандай пайдасы бар?  Осы туралы толығырақ айтып  бересіз  бе?

Негізінен, «Болашақ»  орталығының құрылғанына биыл он бес жылдан асты. Біраз жылдан бері өзімнің кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатында Ұлыбританияның Лондон, Кембридж, Оксфорд, Брайтон қалаларында арнайы курстардан өтіп, халықаралық емтихандарды осы күнге дейін тапсырып келемін. Бұл тәжірибе ағылшын тілін тек оқулық немесе тест аясында емес, оның табиғи ортада қалай қолданылатынын терең түсінуге мүмкіндік берді. Соңғы он бес жылдың ішінде халықаралық деңгейдегі көптеген емтиханды тапсырып, сертификаттар алдым, оның ішінде TOEIC (ағылшын тілін жұмыс орнында және кәсіби ортада қолдану деңгейін бағалайтын халықаралық тест) бар. Жалпы бұл емтихан Қазақстанда  тапсырылмағандықтан 2012 жылы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің бір топ ғалымдары Оксфордке менімен барып, TOEIC халықаралық емтиханын  алғаш рет тапсырып келді. Ал қазір осы тесті әзірлейтін ұйым ETS, болашақ халықаралық ҰБТ-ның жаңа форматын бейімдеуге көмектесуде.  2015-2019 жылдары арасында Oxford Teacher Training орталығынан CELTA, Advanced, Proficiency Language and Methodology, Academic Language Teaching халықаралық сертификаттарын алып келдім. Қазіргі уақытта Қазақстан мектептерінде ағылшын тілі пәні халықаралық коммуникативті әдістеме негізінде оқытылатындықтан, осы бағытта алған білімім мен кәсіби даярлығым толықтай өз пайдасын тигізді деп ойлаймын. Коммуникативті тәсіл оқушыларды тек мәтінді оқып, жаттығуларды жасауға емес, ағылшын тілін нақты өмірлік жағдайларда еркін қолдануға бағыттайды.  Оның үстіне жыл сайын оқу мақсатымен шетелге барғанда  өзіммен бірге біздің орталықтың да  оқушыларын алып барып, шәкірттерімнің  өзге елдің мәдениетімен, білім беру жүйесімен танысуына мүмкіндік жасадым. Шынымды айтсам, мен үшін бұл сертификаттар жай ғана құжат емес, менің тілдік және академиялық құзырет-тілігімді  растайтын  дәлел.

Жалпы, ата-аналар балаларын ағылшын тілінен қосымша сабақтарға неше жастан бергені дұрыс?  Осы тұста ата-аналарға және «Орал өңірі» газетінің оқырмандарына ағылшын тілін меңгеру деңгейлері мен олардың маңыздылығы жөнінде ақпарат  бере  кетсеңіз?  

  Өкінішке қарай,  көптеген ата-ана баласын ағылшын тіліне неше жастан беру керектігін, олардың біліміне  халықаралық сертификаттардың  қаншалықты әсер ететінін толық біле бермейді. Сол себепті балаларын бір орталықтан екіншісіне тасып жүретін жағдайлар жиі кездеседі. Ал әр орталықтың өз бағдарламасы бар. Бірақ сол бағдарламалардың халықаралық стандарттарға сай немесе сай еместігін ата-ана көп жағдайда ажырата алмайды. Осыған қатысты ағылшын тілін еуропалық тілдік құзыреттілік шкаласы бойынша меңгерудің бірнеше деңгейі бар екенін айта кетейін. Бастапқы деңгейлер: А1 және А2. Көптеген бала А1 деңгейден бастайды. Көбіне ата-аналар мен кейбір мұғалімдер бұл деңгейді «жеңіл» деп қабылдайды. Алайда дәл осы кезеңде баланың тілдік базасы қалыптасады. Бала күнделікті өмірі мен күн тәртібі туралы қарапайым сөйлемдер құра алады. А2 базалық деңгей: Бұл деңгейде бала өз ойын қысқаша, қарапайым сөйлемдер арқылы жеткізе алады. Мектеп түлектері көбінесе А2 деңгейімен бітіріп шығады. Негізі, тіл үйрену үй салумен бірдей. А1, А2 үйдің іргетасы деп алсақ,  В1  үйдің қабырғасы секілді. Бұл деңгейде бала қарапайым эсселер жазып, өз ойын жай сөйлемдермен айта алады. В2 шынайы мүмкіндіктер деңгейі.  Бұл деңгейге жеткен бала тек сөйлеп қоймай, ағылшын тілінде ойлап, ойын жеткізе алады, пікірін қорғай алады, күрделі мәтіндер жаза алады, академиялық сауатты  сөйлей алады. Бұл университеттік деңгейге сай білім.   B2 деңгейі үйдің төбесі.  C1, C2 тілді толық меңгеру деңгейлері. Бұл деңгейді үйдің жөндеу жұмыстарымен салыстыруға болады. Бұл кезде білім алушы  еркін сөйлеп, күрделі мәтіндермен жұмыс істей алады. Сондай-ақ кішкентай балаларға 3-6 сыныптарға арналған тест тапсырмалары бар.  Тестілеу төрт дағды бойынша жүргізіледі: тыңдау, оқу, жазу, сөйлеу. Сонымен қатар  сөздік қоры, грамматикасы, айтылуы да бағаланады. Мақсат тілдік құрылым мен дағдыны қалыптастырып, сол тілде емін-еркін сөйлей алатын  тұлға  жасау.

Жасыңыз 65-ке келсе де, әлі күнге еліміздің оқу орындарына қоса, шетелдегі мұғалімдік біліктілікті арттыру орталықтарына барып, оқып, ізденіп жүр екенсіз. Осы тұста ағылшын тілі мұғалімдеріне қандай кеңес  айтар едіңіз?

Қазіргі таңда «кәсіби ойлайтын мұғалім» деген ұғым қалыптасып келеді. Менің және әріптестерімнің халықаралық сертификаттары сапалы білімнің кепілі. Қазіргі таңда біздің орталықтан бітірген бірнеше мыңдаған түлек академиялық ағылшын тілін сауатты меңгеріп, алған білімін әрі қарай өмірде қолданып жүргеніне өте ризамын. Өзімнің кәсіби деңгейімді дамыту үшін соңғы 15 жылдың ішінде шамамен отыз миллиондай қаражат жұмсадым.  Бұл пайда табу үшін емес, білім сапасын арттыру үшін жасалған қадам деген сенімдемін.  Қазіргі мұғалім тек пәнді жеткізуші болмауы керек. Ол оқушыны ойлауға, талдауға, алған білімін өмірде қолдануға үйрететін кәсіби бағыттаушы болуы тиіс. Осы мақсатта 2025 жылы 15 шілдеден 15 қазан аралығында Ұлыбританияның London және Brighton қалаларында  кәсіби бағыттаушы тренерлерге арналған  Trinity Level 6 Certificate for Practising Teachers  курсын жетістікпен аяқтап, Trinity College London with Merit сертификатын алып келдім. Ол сертификат негізінен Қазақстанда аса танымал емес. Өйткені,  біріншіден, ол ағылшын тілі мұғалімдерінің аттестациясында тікелей көрсетілмеген, екіншіден, «ойлауды», өз сабағын C1, C2 деңгейінде талдауға, теорияны практикамен байланыстыра отырып, 4000 сөзден тұратын, жазбаша мақаланы академиялық стильде жазуды талап етеді. Әрине, егер мұғалім шетелдік университетте бұрын-соңды оқымаса, ғылыми еңбекті академиялық ағылшын тілінде жазбаса, бұл сертификатты алу қиын болады. Сондықтан мұғалімдер бұл бағытта көбірек ізденгені жөн. Trinity CertPT оқу ресурстарын бағалауды, оларды бейімдеуді, өз ресурсын әзірлеуді және сабақтан кейін кәсіби талдау жасауды үйретеді. Бұл сертификат мұғалімнің теориялық біліміне емес, нақты сабақ беру сапасына беріледі. Сондықтан бүгінгі мұғалім тек білім беруші емес, оқушыны ойлауға, талдауға үйрететін тұлға болуы керек. «Болашақ» оқу орталығында оқыған барлық оқушы мінсіз нәтиже көрсетті деп айта алмаймын, алайда  басты айырмашылығымыз практикаға басымдық беруімізде. Мұғалімдерде «ашық сабақ» деген ұғым болмауы керек, себебі әрбір күнделікті сабақ ашық сабақ болуы тиіс. Қазіргі ағылшын тілі оқулықтарының көбінде English for Kazakhstan деп жазылғанымен, ұлттық құндылықтар жеткіліксіз. Мұғалім осы материалды оқушы деңгейіне бейімдеп, ұлттық контексті өзі енгізуі керек. Оқушы ағылшын тілінде өз елін, жерін, Оралда және Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды, жергілікті ақын-жазушылар мен өнер адамдары туралы білуі тиіс. Сондықтан мұғалім «сабақты өттім» деп емес, «Сабақ соңында оқушы қандай нәтижеге жетті, нені ұқты, нені түсінбеді?» деп ойлануы керек.

Қазіргі күнде ҰБТ-ны  халықаралық стандартқа айналдыру жобасы әзірленіп жатқаны туралы  жиі айтылып жүр. Осыған қатысты  пікіріңізді  білсек...

Жоспар бойынша жаңа емтихан пилоттық жобада 2027 жылдан бастап іске қосылуы мүмкін. Бұл шетелдегі немесе халықаралық стандарттар бойынша оқитын студенттерге де жарамды болуы керек.  Жаңа форматтың бүгінгі ҰБТ-дан айырмашылығы ретінде тек мектеп бағдарламасын емес, сонымен қатар сыни, логикалық ойлау, функционалдық сауат және алған білімін өмірде қолдана білуге баса мән берілетін  шығар  деп  ойлаймын.  

Сіздің білім берудегі басты ұстанымыңыз қандай?

Мен шәкірттерімнің халықаралық академиялық стандарттарға сай білім алуына бар жағдайды жасаймын.  Бірақ қаракөз шәкірттерімді шетелде қалуға үгіттемеймін.  Басты мақсат   дамыған елде білім алып, ой-өріс көкжиегін кеңейтіп, елге оралып, қызмет етуі қажет. Ол жақта алған білімін өз елімізді дамытып, көркейтуге жұмсағаны жөн. Менің  ұстанымым  осы.

Сұхбаттасқан Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале