ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына сай облыстағы 90 мыңнан астам зейнеткердің зейнетақысы биылдан бастап 10,5 пайызға артқанын хабарлайды.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке (189 750 теңге) дейін артты.
Жасына сәйкес зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең жоғары табыстың ұлғаюына байланысты көбеюде. Егер азаматтардың орташа айлық табысы бойынша зейнет-ақы төлемдерін есептегенде, былтырғыдай 46 еселенген АЕК-пен шектелген болса, онда тағайындалған зейнетақы арттырылуға жатады. Бұл ретте 55 АЕК шегінде табыс негізінде есептелген зейнетақы мөлшері 10,5%-ға өскен сомадан төмен болмауы керек.
1-мысал:
Азаматша А.-ға 21 жыл еңбек өтілімен және 150 000 теңге орташа айлық табысымен жасына байланысты зейнетақы төлемі 2022 жылғы 1 мамырдан бастап тағайындалды. Зейнетақы мөлшері 89 231 теңгені құрады (146 280 теңгенің 61%-ы).
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері келесідей есептеледі:
1-нұсқа: 89 231*10,5% = 98 601 теңге
2-нұсқа: 150 000 теңгенің 61%-ы = 91 500 теңге
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматша А.-ға тиімді болатын 1-нұсқаға сәйкес 98 601 теңге (өсім 9 370 теңге) зейнетақы төлемі тағайындалды.
2-мысал:
Азаматша Б.-ның 21 жыл еңбек өтілін және 200 000 теңге орташа айлық табысын негізге ала отырып, жасына байланысты зейнетақы төлемі 2022 жылғы 1 мамырдан бастап тағайындалды. Зейнетақы мөлшері 89 231 теңгені құрады (146 280 теңгенің 61%-ы).
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері келесідей есептеледі:
1-нұсқа: 89 231*10,5% = 98 601 теңге
2-нұсқа: 189 750 теңгенің 61%-ы =115 748 теңге
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматша Б.-ға тиімді 2-нұсқа бойынша 115 748 теңге (өсім 26 517 теңге) төлем тағайындалды.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 4-бабына сәйкес ең төмен күнкөріс деңгейiнiң жаңа мөлшері бойынша пайызбен белгіленеді. Осылайша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне он және одан аз жыл жарна аударған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы (54 пайыздың орнына) мөлшерінде төленеді. Егер он жылдан астам уақыт жарна аударылса, әрбір толық жыл үшін 2 пайызға ұлғайтылады. Бірақ республикалық бюджет туралы заңда көрсетілгендей, тиісті қаржы мөлшері жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан аспауы қажет. Бұл 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін және кейін тағайындалған зейнеткерлерге де қатысты.
ҚР «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сай биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап:
айлық есептiк көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге;
ең төмен күнкөріс деңгейi (ЕТКД) – 40 567 теңге;
зейнетақының ең төмен мөлшері – 53 076 теңге;
базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 24 341 теңге мөлшерінде белгіленді.
Мүгедектiк және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі артты.
Мысалы: Науқастың мүгедектiк тобына қарай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 2022 жылы 38 885 теңгеден 71 787 теңгеге дейін болса, биыл ол көрсеткіш 42 190 теңгеден 77 889 теңгеге дейін 8,5%-ға артты.
Асыраушысы қайтыс болған отбасына бала санына қарай 2022 жылы 32 155 теңгеден 78 891 теңгеге дейін төленсе, 2023 жылы жәрдемақы көлемі 34 888 теңгеден 85 597 теңгеге дейін артты.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері де 1 қаңтардан бастап 8,5 %-ға өстi.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептiк көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты келесі жәрдемақы мөлшерлері ұлғайды:
№1 және №2 тізім бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақылар, «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заңның 7-бабының 1)-20)-тармақшаларында көзделген арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, бала тууына байланысты бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты мемлекеттік жәрдемақы, бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға, оның ішінде кәмелет жасына толғаннан соң орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын білім беру ұйымдарын бітіргенге дейін (бірақ 23 жастан аспағанға дейін) балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы, жерлеуге арналған біржолғы төлем,
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар.
Мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және қамқорлығындағы адамға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, күтімді жүзеге асыратын адамға мемлекеттік арнаулы жәрдемақының мөлшері биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты артты (2022 жылы - 52 345 теңге болса, 2023 жылы - 56 794 теңгеге дейін артты, өсімі 8,5 %-ды құрады).
Г. Орынтаев,
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің
БҚО-дағы департаментінің басшысы