2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақылар мен жәрдемақылар өседі. Олардың мөлшері «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2024 жылғы 4 желтоқсандағы №141-VIII Қазақстан Республикасының заңына сай көтеріліп жатыр.

1 АЕК – 3 932 теңге
Ең төменгі жалақы – 85 мың теңге;
Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге;
Зейнетақының ең төменгі мөлшері – 62 771 теңге;
Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) – 46 228 теңге;
Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 32 360 теңге болады.
Зейнетақы өседі
Азаматтардың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 8,5 %-ға артады. Облыста мұндай зейнетақыны 94,6 мың зейнеткер алады.
Жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс – 55 айлық есептік көрсеткіш (216 260 теңге).
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Әлеуметтік кодексінің 206-бабына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді. Мәселен, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда тиісті қаржы жылына ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызы (65 пайыздың орнына) мөлшерінде беріледі. Ал зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылады. Бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 110 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі. Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға да қатысты.
Әлеуметтік жәрдемақылар артады Мүгедектігіне және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты, оның ішінде Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын және түзеу мекемелерінде орналасқан адамдар үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ҚР Әлеуметтік кодексінің 177 және 236-баптарында көзделген. Яғни әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ЕТКД мөлшерінің ұлғаюына байланысты (46 228 теңге) өседі.
Мысалы, жалпы аурудан мүгедектiгiнің тобына қарай берілетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 2024 жылы 52 089 теңгеден 95 496 теңгеге дейін болды. 2025 жылы бұл 55 474 теңгеден 101 702 теңгеге дейін (6,5%) өседі.
Асыраушысы қайтыс болған отбасының асырауындағы адамдардың санына қарай былтыр 39 935 теңгеден 130 221 теңгеге дейін жәрдемақы төленді. Алдағы жылы бұл 42 530 теңгеден 138 684 теңгеге дейін (6,5%) артады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері 6,5 %-ға өседі.
АЕК мөлшерінің артуына байланысты төмендегі жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері көбейеді:
– №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар (жерасты және ашық тау-кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары аса зиянды және аса ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда жұмыс істеген адамдар үшін),
– жерлеуге біржолғы төлем,
– бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы,
– ай сайынғы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы,
– ҚР Әлеуметтік кодексінің 190-бабының 3-тармағының 1)-17) тармақтарында қарастырылған арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар,
– бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы,
– «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы,
– Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген бірреттік ақшалай өтемақы.
Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың ҚР азаматтарына ай сайынғы төлемдер түріндегі әлеуметтік көмектің мөлшері 6,5%-ға өседі.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің артуына байланысты мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және І топ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға мемлекеттік жәрдемақы мөлшері көтеріледі. Мысалы, 2024 жылы 69 886 теңге болса, 2025 жылы 74 428 теңгеге дейін артады.
Гүлнара Орынтаева
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы