6.10.2025, 10:45
Оқылды: 412

«Зенит» Орал зауыты» АҚ-ның бас директоры Қадыржан Мұқанов: «Экипажсыз су құралдарын құрастыруды зерделеудеміз»

Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні

 

«Кәсіпорынның жаңғырып, заман көшінен қалмағанын қалаймын»

WhatsApp Image 2025-10-06 at 11.39.57

–  Қыдыржан Орақұлы, Оралдағы байырғы кәсіпорындардың бірі «Зенит» зауытында кеңес заманында күштік құрылымдарға арналған өнімдермен қатар азаматтық өнімдер де шығарылды. Өндіріс мемлекеттің қорғаныс тапсырыстарын орындау есебінен елдің қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз етуге қызмет етеді. Қазіргі кезде кәсіпорынның тыныс-тірлігі нешік, тапсырыстар бар ма? Сұхбатымызды осыдан бастасақ.

–  «Зенит зауыты кеме жасауға маманданған. Еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені құрамына кіреді.  Мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындайды және осы мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындаушылар тізіліміне енген. Кәсіпорын ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, соның ішінде қарасты «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ-ға қарайды. Зауыттың 96% акциясы аталған ұлттық компанияның еншісінде. Ал 4% акциясының артықшылығы бар, яғни ерекше құқықтарға, бірқатар нақты шектеулерге ие. Өндіріс орнының басты міндет-миссиясы   –  мемлекеттің қорғаныс тапсырыстарын орындау. Тарих беттерін парақтар болсақ, биыл 11 қыркүйекте «Зенитке» 104 жыл толды. Ал 26 қазанда зауытқа 42 жыл басшылық еткен Петр Александрұлы Атоянның 110 жылдығын атап өтеміз.

Кәсіпорын сонау 1941 жылы  Ленинград қаласынан көшірілген «Двигатель» зауытының негізінде құрылды. Соғыс кезінде зауыт арнайы әскери-теңіз қаруын шығарып, жауды жеңуге қосқан зор үлесі үшін Қазақстан кәсіпорындарының ішінен бір өзі Отан соғысының І дәрежелі орденімен марапатталды. Одан кейінгі жылдары да зауыттың алдына әскери-теңіз флоты үшін өнімдер шығару міндеті қойылды. Сонымен қатар азаматтық бағыттағы өнімдер өндірісі де дамыды. Өйткені қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне кіретін кәсіпорындар жабық өндіріс санатында болды. Сондықтан әскери өнім өндірісін бүркемелеу үшін де шәйнек, кострөл шығарылды. Кеңестер одағы ыдырағаннан кейін кәсіпорын «Зенит «Орал» зауыты болып құрылды. Өйткені  еліміз егемендік алған соң, әскери-теңіз күштері құрыла бастады. Сол кезде саланы әскери кемемен, катерлермен қамтамасыз ету қажет болды. Әрі зауыт кеме жасау құқығын алды. Кеме жасағысы келіп, соған ауыса салған жоқ. Өйткені онда  қалыптасқан жүйе бар, сол бойынша халықаралық деңгейде кеме жасау үшін лицензия, сапалық стандарттар  алды. Бұл  күндері «Зенит» зауыты су ығыстырымдылығы 1000 тоннаға дейін кемелерді (әмбебап көпфункционалды және вахталық ауысымды жеткізуші, іздестіру-құтқару және өрт сөндіру кемелері,  жүзбелі зертханалар, тіркемелер) шығара алады. Қазір де сол шаруамен айналысуда.  Тәуелсіздік алған 34 жыл ішінде республиканың күштік ведомстволары үшін түрлі кластағы, түрлі жобалық 36  катер пен кеме шығарып, пайдалануға берді. Олардың барлығы Ақтау, Атырау, Баутинодағы базаларда, еліміздің теңіздегі ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметіне жұмылдырылған.

Биыл күштік құрылымдардан жеті тапсырыс түсті. Қазіргі кезде  Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен 750 тонналық көпфункционалды алып кеме  құрастырудамыз. Мұны ғылыми-зерттеу, конструкторлық-тәжірибелік  үлгі деп атайды. Бұл тапсырысты шекарашылар берді.  Алып кемені 2026 жылдың көктемінде суға түсіреміз. Биылғы көктемде «Айбар» жобасы бойынша бір шағын күзет кемесі жасалды.  Қазіргі кезде ол кеме теңіздегі шекарамызды күзетіп жүр. Сериялы өндіріс болғандықтан, мұның алдында шағын кеменің екеуі жасалды. Бізге түскен жеті тапсырыстың төртеуі  –  шекара қызметінен, үшеуі –  әскери-теңіз күштерінен. Бізде құрастырылатын кемелердің жобалық-конструкторлық құжаттамалары өзімізде жасақталады. Зауыттағы бас конструктор бөлімінде констукторлар жобаны жасақтайды, оны басшылық бекітеді, содан кейін тапсырыс берушілермен келістіре отырып, іске қосамыз. Кәсіпорын штаты кеме түрлерін жобалауға, жобаларды қолдап-іске асыруға және жоба бойынша кемені құрастыруға толық мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде отандық өндірісті   дамытып, импорттық өнімдерге тәуелділікті азайту қажет екенін айтып, нақты тапсырмалар берді. Қазіргі кезде өндірісте әскерге арналған және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су құралдары шығарылуда. Десе де, алмағайып кезеңде осы өнімдерді бәсекелестікке қабілетті ету, технологиялық жағынан жетілдіру, инновациялық шешімдерді өндіріске енгізу үрдістері  қалай жүруде?

–  Жаңа айтып өткенімдей, кәсіпорында  білімді, білікті констукторлар қызмет етеді.  Қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты ұлттық қауіпсіздікті  қамтамасыз ету үшін күштік құрылымдарға қандай кеме, катерлар қажет екенін  жан-жақты сараптап отырамыз. Әлемдегі жағдайды зерттей келе, жаңа технологияларды жасақтап, өндіріске енгізудеміз. Жоғарғы Бас қолбасшы –  Қазақстан Республикасының Президенті біздің алдымызға қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша нақты міндеттер қойды. Әлемдегі геосаяси жағдайды елеп-екшей отырып, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосудамыз. Қорғаныс тапсырыстарын орындайтын зауыт ретінде нақты міндеттерді орындауға ықтиярмыз әрі осы міндеттерді орындаудамыз.  Цехтарды жаңғыртуды бастадық. Бір цехты жаңалап, жаңа өнім өндіруге ден қоюдамыз.

Дәл бүгінгі күні катерлардың  жаңа буынын құрастыру қолға алынды. Мұндай катерлар өз міндеттерін мүлтіксіз орындап қана қоймай, сонымен қатар су құралы ішіндегі экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ондай катерлар жүрдек әрі брондалған. Жаңадан экипажсыз су құралдарын құрастыру мәселелерін зерделеудеміз. Жаңа заманауи технологияларды енгізу, цифрландыруды пайдалану, өндірісті басқару жүйесін оңтайландыру жұмыстары жас мамандарды оқытумен өріле жүргізіледі. Өкінішке қарай, елімізде кеме жасау саласына мамандар даярлайтын оқу орындары атымен жоқ. Сондықтан жастарды елімізбен шектесетін мемлекеттерге жіберіп, оқытуымызға тура келеді.  Осының өзіне көп шығынданамыз. Әдетте Ресейде оқытамыз, сонымен қатар басқа да елдерде оқыту жағын қарастырудамыз.

– Қыдыржан Орақұлы, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін салаға арнап өнім шығарасыздар. Мұндай өндірісте қарапайым жұмысшылардың өзін оқытуға, жаңа технологияларды меңгертуге тура келетін шығар?

– Әрине, жұмысшыларды да оқытамыз. Өйткені зауытқа соңғы үлгідегі жаңа технологиялық жабдықтар алынуда. Онымен жұмыс жасайтын адамнан тек механикалық емес, цифрлық білім де талап етіледі. Біздің жоспарымызда кәсіпорынды оңтайландыру, өндірісті жаңарту-жаңғырту барысында мамандарды оқытуымыз қажет. Өйткені жұмысшы  –  өндірістің негізі, басты тірегі. Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстанның алдағы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналуы қажет екендігін ерекше атап өтті.  Қазақстанда кеме жасау саласына қатысты мамандар даярлау үшін жергілікті Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетіне шығып,  мамандарымызды өндірістен қол үздірмей оқыту туралы келісім жасалды. Оқу орнында машина жасау факультеті бар. Қазіргі кезде аталған жоғары оқу орнында жұмысшы, орта буын және әкімшілік  құрамындағы мамандар өндірісте жүріп оқиды. Былай түсіндірейін,   жұмысшылар жұмысқа қабылданғанда, олар жұмыстарын токарь, слесарь болып төменнен бастайды. Уақыт өте келе білім-білігі, тәжірибесі ескеріле отырып, цех бастығының орынбасары, цех бастығы болып қызмет мансаптары өседі. Бірақ олардың білімдері лауазымдарына сәйкес келмейді. Сол себепті болашағы бар, өз ісін білетін мамандарды өндірісте оқытуды қолға алдық. Кеңес заманында өндірістегілерді осылай оқытушы еді ғой. Оралдағы индустриалдық колледжбен де келісім жасалды. Слесарь, дәнекерлеуші, электр мамандары өндірісте жүріп, білімдерін жетілдіреді. Зауытта аға буын жас толқынға қамқорлық жасап, тәлімгер болады. Өндірісте ұзақ жыл бойы жұмыс жасаған мамандар көп. Көптеген еңбек әулеті бар. Мамандықтарын терең меңгерген, өз ісінің шеберлері атанған мамандарымызды бағалаймыз. Сол себептен де тәлімгерлік жүйесін қолданысқа енгіздік. Әрине, өмір болған соң қиындықтар кездеседі. Оларды уақтылы шешу жолында ізденеміз. Мемлекет, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ оралдық зауытқа қолдау көрсетеді. Бір кездері біздің өндіріс орнында жұмыс істеген  білікті азаматтарды келісімшарт жасау арқылы тәлімгерлікке тартамыз. Олардың қолдауына  сүйенеміз.

Қазір зауытта 700 адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Бос жұмыс орындары жоқ. Жинақталған тәжірибенің, жоғары білікті инженерлік-техникалық және жұмысшы кадрлардың, технологияларды жетілдірудің, бұйымдарды жобалаудың заманауи әдістерін енгізудің арқасында зауыт жыл сайын тауарлық өнім шығару көлемін ұлғайтуда.  Соның нәтижесінде байырғы кәсіпорында бюджет алдында берешегі жоқ, жалақы бойынша міндеттемелері орындалуда. Осының өзі де қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге тамшыдай болсын қосылған үлес деп есептеуге болады.

–  Жақында экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия «Зенит» АҚ-ны   түрік компаниясына сатуды мақұлдады деген ақпаратты көзіміз шалды.  Сатылған болса, мұндағы өндірістік база сақтала ма? Қандай өзгерістер болады?

–  Стратегиялық маңызы бар бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешіліп жатыр. Өзіңізге мәлім, елімізді одан әрі дамыту үшін сырттан инвесторлар тартуға көңіл бөлініп отыр.  Әңгіме инвестордың  келуінде, қазіргі кезде ол –  түрік компаниясы. Бұл күндері айтылған мәселе келісімдер деңгейінде шешілуде. Соңғы шешім әлі қабылдана қоймады.  Әрі қарай қалай болады деген талқылау жүруде. Бүгінде біздің зауыт квазимемлекеттік ұйым ретінде «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ құрамындамыз. Күні ертең  инвестор акционерлер құрамына кіретін болса, оған алаңдаудың қажеті жоқ. Өйткені оның зауытты жаңғырту әлеуетінің болғаны пайдалы.  Инвестор келеді дегенде біз де өз ұсыныстарымызды дайындадық. Алдымен «Зенит» өзінің маманданған бағытын сақтап, кеме жасайтын кәсіпорын болып қалуымыз керек. Екінші мәселе –  зауытты жаңартуға қаржы салу. Яғни өндірісті басқаруды аутоматтандыруымыз қажет. Үшіншіден, инвестор есебінен мамандарды оқытуды талап еттік. Содан кейін заман үдесіне сай келетін жаңа технологиялар жүйесін өндіріске енгізуді ұсынып отырмыз. Сонымен қатар әлеуметтік мәселелерді де шешкен дұрыс. Біздің инвесторға ұсынып отырған талап-тілегіміз зауытты өркендетудің негізі болады.

Әрине, кеме жасайтын өндіріс орны болғанымызбен, теңізден жырақтамыз. Бұл – басты түйткіл. Бірақ өткен 30 жыл ішінде бізде кемені Каспий теңізіне жеткізу жүйесі қалыптасты.  Өндірістегілер    кемелерді жасап шығарумен қатар, оларға  техникалық қызмет көрсетумен,   жөндеумен және жаңғыртумен де айналысады. Бейнелеп айтсақ, бұл кемелер біздің зауыттың туған «балалары» секілді, оларды дүниеге әкеп, одан арғы тірлік-тынысына әкелік  қолдау көрсетеміз. Жыл сайынғы жөндеу кестесіне сай біз арнайы жөндеушілер бригадасын жасақтап, Атырауға не Баутиноға, кеме тұрған жерге жібереміз. Ал күрделі жөндеу немесе жаңғыру жұмыстарында қиындықтар бар. Биыл зениттіктер 250 тонналық кемені өзімізде жаңартып-жаңғыртуды қолға алды.  Су ығыстырымдылығы одан төмен кемелерді зауыт базасында жаңарту бұдан бұрын жолға қойылған. 2023 жылы «Айбар»  жобасының су ығыстырымдылығы 70 тонналық шағын кемесін күрделі жөндеуден өткізіп, суға түсірдік. «ЕС-19» жобасының жүрдек патрульдік кемесін де жаңартып, кері жеткіздік. Олардың барлығы да өз міндеттерін орындауда.

Каспий теңізінен Оралға дейін кемені жеткізу шығыны бар дегендей... Бұл жағдай қазіргі нарық заманында экономикалық жағынан тиімсіз емес пе?

– Бізде экономикалық тұрғыдан есеп-қисабын шығарып, талдағанбыз. Кемелерді кестеге сай барып жөндеу мен зауыт базасында жөндеудің қайсысы тиімді екенін есептегенбіз. Сонда су құралдарын базамызға жеткізіп, жөндеген әлдеқайда үнемді, тиімді екені анықталды. Әрі сапа жағынан да ұтамыз. Өйткені кеме жөндеуге баратын адамдардың іссапар, тамағы, жатын орны шығындары бар. Ана жақтан бөтен мамандарды кеме жөндеуге жалдай алмаймыз. Өйткені ол – өте жауапты жұмыс, кез келгенге сеніп тапсыра алмаймыз. Сондықтан міндетті түрде өндірісте ысылған өз мамандарымызды жібереміз. Менің ойымша, «Зенит» зауытынан шыққан кемелерді  сол қызмет етіп жүрген мекендерінде жөндеу үшін кәсіпорынның өз базалары болуы тиіс. Оған қомақты қаржы керек.  Елімізге инвестиция тарту мәселесі қашан да өзекті. Ел Президенті биылғы Жолдауында инвестиция саласына басымдық берді. «Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз керек», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.   Инвестор,  айтып өткенімдей, зауытты жаңартып-жаңғыртуы тиіс.

–  Қыдыржан Орақұлы, сіз басшылыққа келгелі зауытта қандай өзгерістер болды? Әскери қызмет басшылығынан өндірісті басқаруда қиындық көп пе?

–   Зауыт бүгін құрылған жоқ. Оның тарихы тереңде, еңбек тәжірибесі мол. Өндіріс орны әдеттегідей өз жұмысын жасауда. Құрылып тұрған нәрсені бұзып, қайта құрастырудың қажеті қанша? Ең бастысы, оңтайландыру және өндірісті жетілдіру керек. Кәсіпорынға басшылыққа келгеніме үшінші жыл болды. Бұрын әскери-теңіз күштері қатарында шекара қызметіндегі жағалау  күзетінде қызмет еттім.  Әскери шенім – запастағы 1-дәрежелі әскери капитан, шекара қызметінің жағалау күзетінде қолбасшы, әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары болдым.  Сондықтан тапсырыс берушілердің қажетін, талап-тілегін сырттай емес, іштей жақсы білемін. Осы тәжірибемді пайдалана отырып, өндіріске етене бола бермекпін. Қай саланың да өз қиындығы бар. Зауытқа келгелі бергі уақыт ішінде өндірісті жаңғырту туралы өз көзқарасым қалыптасты. Өндірісті жаңғырту арқылы өнімдердің сапасын жоғары деңгейге жеткізу –  басты мұрат. Өйткені мен тапсырыс берушінің талабын жақсы білемін, түсінемін.  Сол кемелерге мініп, теңізде қызмет атқарғанмын. Сондықтан әскери қызметте болмасам, бұл өндіріске келмес едім. Бірінсіз екіншісі жоқ. Барлығы бір-бірімен байланысты. Кәсіпорынның жаңғырып, заман көшінен қалмағанын қалаймын. Сол жолда ұжым болып ізденіп, еңбек етудеміз.

–  Сұхбатыңызға рақмет. Өндірісті өрлете беріңіз.

Гүлбаршын  Әжігереева,

«Орал  өңірі»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале