"ЮНИСЕФ-тің жаһандық есебінде әлемдегі әрбір үшінші интернет қолданушысы бала екендігі айтылған. Былтыр Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп балалардың онлайн қауіпсіздігі мен онлайн тәжірибесі бойынша зерттеу жүргізілді. Бұл деректерді ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ЮНИСЕФ-тің балалық шақты қорғау бағдарламаларының жетекшісі Айсұлу Бекмұса хабарлады", - деп хабарлайды ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі.
Фото: ortcom.kz
Оның айтуынша, Қазақстанда балалардың 45%-ы интернетті 5-8 жасында, 5%-ы одан да ерте қолдана бастайды.
«Ең алдымен, интернет балаларға оқу, даму, шығармашылық, әлеуметтену сынды мүмкіндіктер беретініне назар аударғым келеді. Мұны есте ұстаған жөн, бірақ тәуекелдер де бар екенін түсіну керек. Зерттеу барысында біз балалардың 21%-ы құрдастарының, достарының кибербуллингтің түр-түріне ұшырағанын байқадық. Бірақ осы балалардың жартысы ғана ересектерге қалыптасқан жағдай туралы хабарлады. Бұл ата-аналардың балаларының интернеттегі қандай қауіптерге тап болатынын толық түсінбеуін көрсетеді. Бала мен ересек адам арасында сенім деңгейі төмен екенін айқындайды», – деп атап өтті сарапшы.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп «КиберТұмар» науқаны басталды. Балалар қандай да бір қауіптерді жеңу үшін интернет платформаларындағы қолжетімді құралдарды пайдалана алады. Ал, ата-аналар бала интернетте қауіп-қатерге тап болған кезде «КиберТұмар» арқылы жасалынатын іс-әрекеттің негізгі алгоритмін алады.