9.01.2024, 19:00
Оқылды: 58

Жәбір көрсетушіге де көмек керек

Бүгін облыстық полиция департаментінде «Кешенді шаралар негізінде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында құқық бұзушылықтың және қылмыстың алдын алу» тақырыбымен дөңгелек үстел сипатында жиын өтті. 

IMG-20240109-WA0034

Жиынға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко қатысты. Ең әуелі облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ернар Сұлтанғалиев басқосудың мақсат-міндеттеріне тоқталды. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншин тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

IMG-20240109-WA0041

– Осындай жиын ұйымдастырған облыстық полиция департаментінің өкілдеріне және Батыс Қазақстан облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелеріне рахмет! Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары көптен бері ұйымдастырылып келеді. Біз осы бағыттағы жұмысты ширатып, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, қиын жағдайға тап болғандарға жан-жақты көмек көрсету бағытында тапсырмалар беруде. Басқосулар ұйымдастырып, маңызды мәселелерді талқылап отыруымыз қажет, – деді Елена Ивановна.

Жиын барысында облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Диляра Сатарова әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін егжей-тегжейлі талқылады. Бөрлі ауданы полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Маралбек Ажбаев онлайн байланысқа шығып, аталған ауданда зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ осы жиында бейнебаян арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмектесу орталықтары жөнінде ақпарат берілді.

IMG-20240109-WA0043

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» директорының міндетін атқарушы Мариэтта Дәулетиярова тұрғындарға өзі басқарып отырған орталық тарапынан көрсетілетін қызмет түрлеріне тоқталды. Ал «IT Group Kazakhstan» ЖШС директоры Айжан Сабурова «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі жөнінде кеңінен баяндады. Жиынның басқа да қатысушылары ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын тілге тиек етті.

IMG-20240109-WA0047

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан ажырасу орын алып жатады. Біз көбіне жәбірленушіге көмек көрсетеміз. Ал жәбір көрсетуші ер азамат басқа әйелге үйленіп, оған да моральдық тұрғыда қысым көрсетуі мүмкін. Осылай жалғаса беруі де ықтимал. Сол себепті біз тек жәбірленушіге ғана емес, жәбір көрсетушіге де психологиялық көмек көрсетуіміз керек, – деді Диляра Махмудқызы.

Марлен Ғилымхан, 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале