17.02.2026, 17:30
Оқылды: 58

«Жәдігер жүрекпен» жүздесу

Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасының оқу залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, өлкетанушы, музей ісінің ардагері Сара Танабаеваның 85 жылдық мерейтойына арналған «Ұлт мұрасына адалдық» атты кездесу кеші өтті. Ортаға шыққан мерейтой иесін кеш қонақтары мен оқырмандар тік тұрып, қошеметпен қарсы алды.

DSC02237

Жиынның  басында Сара Танабаеваның саналы ғұмыры мен музей саласындағы өлшеусіз еңбегін қамтыған фотосуреттерден құралған қысқаша бейнематериал көрсетіліп, кештің рухани өзегі айқындала түсті. Кеш модераторы ғалым, ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Азамат Мамыров болды.

Алғашқы сөз облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетовке берілді. Ол өз  сөзінде Сара Есқайырқызының өңір тарихын түгендеудегі, мәдени мұраны сақтаудағы табанды еңбегіне жоғары баға беріп, музей ісіндегі өнегелі жолын ерекше атап өтті.

– Өздеріңіз көріп отырғандай, Сара Есқайырқызының мерейлі мерекесі лайықты жалғасын тауып келеді. Бұл игі бастама қаңтар айында өзіңіз табан аудармай еңбек еткен туған ұжымыңыз – облыстық тарихи-өлкетану музейінде бастау алды. Кейін өңір басшысының қабылдауы­мен жалғасып, бүгін осындай мазмұны терең, рухы биік кешке ұласып отыр. Сіздің мәдениет пен өнер сала-сына, музей ісіне сіңірген еңбегіңіз өлшеусіз. Ұлт тарихын түгендеудегі табандылығыңыз, рухани мұраны сақтаудағы адалдығыңыз – кейінгі буынға үлгі. Деніңізге саулық, ғұмырыңызға береке тілейміз. Жасай беріңіз! – деген Медхат Мұсаұлы кеш иесіне ықылас гүлін  табыстады.

DSC02262 (1)

Кеш барысында мерейтой  иесі көпшілікке рухани мұрасы, музей саласындағы қызмет жолы, өткен жылдардың тағылымы жайлы тебірене әңгімелеп, жас ұрпаққа аманат сөзін арнады. Оның бар саналы ғұмыры ел тарихын дәріптеуге, көненің көзі – қасиетті тарихи жәдігерлерді сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттауға арналғаны баршаға  аян.

Кеште ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Меңдібек Лұқпанов «Жәдігер жүрек» атты арнау  өлеңін оқып, залдағы қауымды ерекше толқытты. Бұдан бөлек, Сара Есқайырқызымен  ұзақ жыл бойы бірге қызмет еткен әріптестері мен сырлас серіктері естелікте­рі­мен бөлісіп, оның адамгер­шілік болмысы мен кәсіби біліктілігін ерекше ілтипатпен әңгімеледі.

Айта кеткен жөн, Сара Танабаева облыстық тарихи-өлкетану музейінде 44 жыл табан аудармай еңбек етіп, соның 24 жылында музей ұжымын абыроймен басқар-ды. Оны облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі этнографиялық қордың қалыптасуында тұрған бірегей тұлға-лардың бірі деуге толық негіз бар. Әріптестерімен бірге Батыс өңірін түгелге жуық аралап, көненің көзіндей болған тарихи бұйымдарды іздеп, ұмыт қалған тарих беттеріне жан бітірді.

Туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі, қажырлы еңбегі мен таусылмас ынтасының арқасында музей қорына қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениеті мен салт-дәстүрін айшықтайтын бірегей жәдігерлер жинақтады. Бұл құнды мұралар бүгінгі ұрпаққа өткеннің өнегесін танытып, ұлттық жадыны жаңғыртуға қызмет етіп келеді.

Ерке  МЕРЕКЕ,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале