Өткен жексенбі күні «Ақжайық» футбол командасы өз алаңында биылғы ел чемпионатында алдына қара салмай келе жатқан «Ақтөбені» қабылдады. Бұған дейін оралдық клуб «Астанадан» 0:4, «Шахтерден» 1:2 және «Ақсудан» 0:1есебімен ұтылған болатын. Сол себепті Оралдың орталық стадионына жиналған жергілікті жанкүйер «Ақжайық» жеңеді дегенге онша сене қоймады.
Ең болмағанда, тең түссек деген жанкүйердің ойымен «Ақжайық» футболшылары келіспеді. Бірден ойын тізгінін қолдарына алған оралдық аяқдопшылар ойынның 29-минутында Петрос Аветисянның көмегімен есеп ашып, бірінші таймды өз пайдасына шешті. Кездесудің екінші бөлігінде де намысты қолдан бермеген жергілікті ойыншылар қарсыластың әр шабуылын оңай тежеп, қарсы шабуылға шығып отырды. Осындай өрнекті ойын өз жемісін берді. Матчтың 68-минутында оралдық клубтың грузиялық легионері есепті еселесе, ізінше Петрос Аветисян чемпионат фавориттерінің қақпасына үшінші голды енгізді. Бұл үш голға «Ақтөбе» матчтың 90-шы минутында Жерар Гоудың жалғыз голымен жауап қатты.
«Ақтөбені» жеңген «Ақжайыққа» қазанның бесі күні Түркістанның «Тұраны» қонаққа келді. Бұл ел чемпионатының екінші турының кейінге қалдырылған ойыны еді. Чемпионатта 20 ойын өткізген «Тұран» бес кездесуді жеңіп, сегізінде тең түссе, жеті матчта ұтылып, 23 ұпаймен турнирлік кестенің 11-ші сатысына жайғасқан.
Ал «Ақжайық» болса, 20 ойынның алтауын жеңіп, 11 ойында жеңілістің ащы дәмін татса, үш кездесуін тең аяқтады. Оралдың оғландары 21 ұпаймен турнир кестесінің 13-ші сатысында. Одан кейінгі соңғы орында «Мақтаарал» ғана тұр.
Жеңілген команданың жағдайы қиындап кететіндіктен, кешегі кездесудің екі ұжым үшін де мән-маңызы зор болды.
Есе жібергеніне жоғары топпен қоштасу қаупі күшейетіндігін түсінгендіктен, қос команда ойынды ширақ бастады. Әсіресе түркістандық ұжымның алғашқы минуттардағы қарқыны мықты болды. Бірақ өз алаңында ұтылуды қорлық көрген «Ақжайық» футболшылары қонақтардың екпінін басып, өздері шабуылдауға көшті. Оң қапталды көбірек іске қосқан оралдықтар ойынның 21-ші минутында қарсылас қорғанысын састырып, Андрей Залеский өз қақпасына гол соғып алды. Бірақ жергілікті жанкүйер қуанышы ұзаққа созылмады. 29-минутта айып соққысын тамаша орындаған Самир Фазли есепті теңестірді. 1:1 есебі ойынның негізгі уақыты аяқталғанша өзгермеді. Тур қорытындысында 24 ұпайға ие болған «Тұран» 11-ші, 22 ұпай еншілеген «Ақжайық» 13-ші орындарын сақтап қалды.
Енді «Ақжайық» қазанның тоғызыншы жұлдызында «Мақтааралға» меймандап барады. Бұл ойын Түркістанда өтеді.
«Ақжайық» командасының жағдайы қиындай түсті. Өйткені Мақтааралдан соң «Тараз», одан соң «Қызылжар» қонаққа келеді. Аталмыш қос команданы қалпақпен ұрып алу оңай емес. Кейін Ақтауға аттанатын «Ақжайық» «Каспийді» ұтады деу де қиын.
Ал соңғы турда қонаққа келетін Қостанайдың «Тобылы» чемпиондық атақ үшін таласты биылғы ел біріншілігінің ақырына дейін жалғастырары анық. Сондықтан енді қалған ойындардың бәрінде жинақылық танытып, бар күш-жігерді сарп ету керек!
Түгелбай Кенжеғалиұлы,
zhaikpress.kz