11.07.2017, 10:19
Оқылды: 39

Жаһаншаның Бутовода жерленгені мəлім болды

zhahanshah. 1pgМəскеу түбіндегі Бутово полигонында Алаш қайраткері Ж.Досмұхамедовтің сүйегі жерленгені анықталды. Бұл жөнінде Алашорда қозғалысының 100 жылдығына  байланысты тарихи тұлға ізімен шілденің 5-10-ы күндері БҚО-ның Сырым ауданынан Ресейдің Мəскеу қаласына барған экспедиция мүшелері мəлім етті.


Экспедиция құрамында Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева, Батыс Қазақстан инженерлік-инновациялық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дəметкен Сүлейменова, "Сырым елі" қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Бауыржан Мұстафиев, Бұлан орта мектебінің тарих пəнінің мұғалімі Серік Зиятов, Сырым аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Бақытжан Сабыралиев бар.

- Белгілі тұлғалар Тұрар Рысқұлов пен Жаһанша Досмұхамедов апалы-сіңлі Надежда мен Ольга Константиноваларды жар етіп алған. Тұрардың жиеншары Владимир  нағашы атасының тегіне Рысқұлов болып жазылған. Тарих ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы Владимирмен шығармашылық байланыста болдық. Ғалым Бутов полигоны жанындағы шіркеуде қорымға жерленгендер тізімі жазылған кітаптардың барын, онда Ж. Досмұхамедов жөнінде деректің енгізілгенін айтты. Біз қорымға барғанда, монастырь қызметкері берген бірнеше томдықты ақтарып қарай бастадық. Бірақ таба алмай дағдара бергенімізде, мешіт имамы Бақытжан Сабыралиев көзге шалынған тағы екі томдықты көрсетуді өтінді. Ол  тізім жазылған ІІІ томдықтың 82-бетін ашып, Жаһанша Досмұхамедовтің аты-жөнін бірден тапты. Кітапты қолымызға ұстағанда, көзімізден жас саулап қоя берді, - деді Дəметкен Сүлейменова.

Бутово полигонында  жазықсыз оққа ұшқан түрлі 20 761 ұлт өкілінің мəйіті жерленген. Кітаптағы мəліметте 1938 жылы тамыздың үші күні 120 адамның оққа ұшқаны жөнінде жазылған. Оның ішінде Алаш арысы Ж. Досмұхамедов те құрбан болған. Бутоводағы қырғын 1937 жылдың 8 тамызында басталған. Тағдыры оққа байланғандардың ең көбі, яғни, 1938 жылдың ақпан айының 28-інде 562 адам бір күнде қаза болған. Бауырластар зиратының 12 шаршы метрі жерінде 149 мəйіт табылған. 1938 жылдың қараша айына дейін полигонда  ату жазасына ұшырағандардың ең егдесі 80 жастағы қария болса, ең балаусасы 13 жастағы жасөспірім болған екен.

Монастырьде қызмет ететін Кирилл Каледа полигонда жерленгендердің тума-туысқандарының көмегімен Бутово мемориалдық кешеніндегі мəрмəр тақтаға мерзім-мерзімімен саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдері қашалып жазылып жатқанын айтқан. Бұл жұмыс осы жылдың күзгі маусымында аяқталмақ.

Экспедиция мүшелері Ж. Досмұхамедов оқыған М. Ломоносов атындағы Мəскеу мемлекеттік университетіне, шаһардың Лестев көшесінде орналасқан тұрғын үйіне барған, Дон зиратында жерленген Алашорда көсемі Əлихан Бөкейханов зиратын көрген.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале