Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында Халықаралық жастар күніне орай «Жайдарман» ойыны өтті.
«Орал жастары» кубогі сарапқа салынған ойынға тәжірибелі және жас командалардан құралған 8 топ қатысты.
– «Жайдарман» – өңіріміздің жастары арасында кең тараған әзіл сайысы. Күлдіре отырып ой салып, әзілдей отырып мәселе көтеріп, көпшіліктің сүйікті ойынына айналып үлгерді. Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылып отырған әзіл додасына қатысушы командаларға сәттілік тілеймін. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов.
Жайдарманшылардың ойынын Орал қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев, Орал қалалық мәслихатының депутаты Сергей Офицеров, облыстық дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхы және БҚО қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирфат Талғатұлы мен «Назар аудар» театрының актері, «Орал» жайдарман лигасының президенті Самат Қабдиев бағалады.
Жекпе-жек форматында өткен ойынның нәтижесінде «Тайпақ», «Көздіғара», «Дежавю», «Белес» командалары жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздар дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Әнуар Аманжол,
«Орал өңірі»