«Білім беру саласында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл жобаның аясында 369 мектеп салынады.
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты.
- 2026 жылға дейін 1,5 млн оқушыға арналған мектеп орны пайдалануға берілмек.
Қазіргі мектептерде 2029 жылға дейін жыл сайын 1 мыңға жуық заманауи робототехника, химия, биология, физика және STEM кабинеті ашылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білікті мамандарды мектепке тарту үшін педагогтердің жалақысы екі есеге өсті.
Жалпы, білім беру саласына бөлінетін бюджет қаржысы 5 жыл ішінде 2 еседен астам көбейді.
Яғни, 2018 жылғы 1,9 трлн теңгеден 2022 жылы 4,5 трлн теңгеге артты.
Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру және инновациялық білім беру технологияларын елімізге әкелу үшін биыл шетелдің 5 жетекші жоғары оқу орнының филиалдары ашылды.
Соңғы 6 жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының саны екі есеге жуық өсіп, жыл сайынғы грант саны 88 мыңға жетті.
Бір студенттің білім алуына жұмсалатын қаржы 3 жыл ішінде екі есе өсті, - деді Тамара Дүйсенова.