Ақжайық еліне футбол мерекесі биыл қайта оралды. Жаңа команда құрылып, жаңа құрам жасақталғанына аз ғана уақыт өтсе де, бар қиындықты еңсерген ұжым чемпиондық биіктен көрінді.

Бүгін Орал қаласында өткен шешуші кездесуде «Жайық» футбол клубы шымкенттік «Ордабасы Ж»-мен бақ сынады. Стадионға жиналған жанкүйерлердің қарасы әдеттегіден көп болды. Өйткені дәл осы ойында жеңіске жетсе, оралдықтар лига жеңімпазы атанар еді.
Жеті ойын қатарынан жеңіліссіз келе жатқан «Жайықтың» сериясын оңтүстіктен келген қонақ үзбек болды. Алайда ойын басталысымен алаң иелері басымдықты өз қолына алды. Толассыз шабуылдар легі нәтижесін ерте берді: 18-минутта «Ордабасы Ж» ойыншысы өз айып алаңында ереже бұзып, төреші қонақтар қақпасына пенальти белгіледі. Жас болса да жанкүйерлердің сүйіктісіне айналған Ахмет Айбар 11 метрлік айып добын орындауға келді. Стадиондағы жұрт демін ішіне тартып, қақпашы мен шабуылшының дуэлін тағатсыздана күтті. Бірақ шымкенттік қақпашы қырағылық танытып, доптың бағытын дәл тауып, өз қақпасын аман сақтап қалды. Гол соғылмаса да, жас ойыншыға деген қолдау азайған жоқ. Көрермендер де, командаластары да оны жігерлендіріп, аты аталған сайын трибуналар дүркіреп тұрды. Бұл – Ақжайық жұртының шынайы қолдауының айқын көрінісі еді.

Ойын әрі қарай да сол сценариймен жалғасты. «Ордабасы Ж» қорғанысқа қамалып, анда-санда ғана қарымта шабуылға шықты. Алайда Абдрахманов Эльдар бастаған Жайықтың тас қамал қорғанысы қонақтардың жолын кесті. Қарсылас 11 ойыншымен шеп құрып, алаң иелерінің шабуылын тежегенімен, біздің футболшылар сәтті сәтті күтіп, бір қапталдың ашық қалуын аңдып жүрді.
Күткен мүмкіндік 30-минутта туды. Қарымта шабуылғашыққан қонақтың шабуылшысынан алаң ортасындаБердаулетов Самат допты тартып алды. Жылдамдығыментанылған ұзын аяқты ойыншы қарсыласын алдап өтіп, ашық кеңістікке шықты. Қақпаға қарай жүгіргенімен, өзітеппей, айып алаңында ыңғайлы тұрған серігіне – команданың сұрмергені Амангельдиев Исламға пас берді. «Жайық» тарихындағы алғашқы голдың авторы бұл жолыда қателеспеді: сол аяғымен тепкен добы қақпа торынантабылды.

Трибунаға қарай жүгірген ойыншылар қуанышты жанкүйерлермен бөлісті. Стадиондағы шаттық ерекше болды – бәрі жеңіс алыс емес екенін сезгендей. Бірінші тайм «Жайықтың» басымдығымен аяқталды.
Алайда екінші таймда мүлде басқа «Ордабасы Ж» шықты. Қорғаныстан шығып, батыл шабуылға кірісті. Бұл өзгеріс өз нәтижесін берді: 51-минутта оралдықтардың қақпасына пенальти белгіленді. Қақпашы Азат Бақитов бағытты дәл таба алмай, есеп теңесті.
Ойын қыза түсті. Алма-кезек шабуылдарда қақпашылар мен қорғаушылардың шеберлігі көзге түсті. Бірақ 83-минутта қонақтар Жайық қақпасынан саңылау тауып, есепте алға шықты.
Көк жейделі жігіттер еңсесін түсірмей, қайта қарқын алып, қақпаға тағы да доп тоғытуды көздеді. Дегенмен шымкенттік қақпашы шеберлігімен көзге түсіп, өз командасын бірнеше мәрте голдан аман сақтап қалды. Есеп өзгермеді.
Жеңіс тойын өз алаңында, өз жанкүйерлерімен атап өтудіарман еткен «Жайық» ойыншылары төрешінің соңғыысқырығы естілгенде көңілсіз күйге түсті. Әр футболшыүшін чемпиондықты өз үйінде, халықпен бірге тойлау – асыл арман. Ойыннан кейін жігіттер көрермендерге алғыстарын айтып, стадионды үнсіз аяқ басты. Жанкүйерлер де іштей алаңдап тарқасты. Өйткені алда әлі екі ойын күтіп тұр еді: алдымен сырт алаңда – «Каспийге» қарсы, одан соң өз алаңында екінші орында тұрғаналматылық «Жас Қыранды» қабылдау қажет болатын. Сенім бар, бірақ күдік те жоқ емес.
Алайда футболда тосын сәттер аз емес. Алматыда өткен өзге кездесудің нәтижесі оралдықтарға күтпеген қуаныш сыйлады: «Каспий» «Жас Қыранды» 3:2 есебімен жеңіп, алматылықтарды чемпиондыққа талас жолынан шеттетті. Осылайша уақытынан бұрын «Жайық» футболдан Қазақстан Екінші лигасының жеңімпазы атанды.
Бес айға созылған, 20 турдан тұрған бәсекені ерте аяқтап, мерейлі жеңіске жеткен оралдықтар Жайық жұртына үлкен футбол мерекесін сыйлады. Бұл – тек бүгінгі табыс емес, болашақтағы үлкен жетістіктердің бастауы.
Осылайша «Жайық» футбол клубы маусымның басты мақсатына жетіп, Екінші лиганың чемпионы атанды. Бұл жеңіс – Жайық өңірінің футболға деген махаббатының, жанкүйерлердің ыстық қолдауының және жасақталған жаңа құрамның қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Бір кездері тоқтап қалған футбол дәстүрі қайта жанданып, Ақжайық еліне үлкен мереке сыйлады. Енді оралдықтар өз командаларын мақтанышпен «чемпион» деп атай алады.
Құттықтаймыз, Жайық! Құттықтаймыз, Орал жұрты!