Тарихи-мәдени ескерткіштер – құнды жәдігерлер. Бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жалпы саны 2143-ті құрайды. Оларды сақтаудың, күтіп-ұстаудың өзіндік заңдылықтары бар. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте сол заңдылықтар мен тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау жөнінде кеңінен әңгімеледі. Оның мәлімдеуінше, Жайық қалашығы, Хан ордасы музей-қорығы, Жұмағазы хазірет (Дәдем ата), Ғұмар Қараш, Дәулеткерей кесенелері, Алашорда музейі, Тақсай, Сегізсай және Қырықоба қорғандар кешені Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандар тізіміне енгізілген.
– Өңірде 1996 жылдан бері тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция жұмыс істейді. Сонымен бірге Батыс Қазақстан облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия да жүйелі жұмыс жүргізуде. Орал қаласының тарихи-сәулет тірек жоспары жасақталды. Жоспарды өткен жылы қыркүйекте «Батыс Қазақстан облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін жаңғыртуды, сақтауды және насихаттауды қамтамасыз ету» атты республикалық семинар-кеңесте таныстырған болатынбыз. Тарихи-сәулет тірек жоспары – тарих және мәдениет ескерткішінің аумағы мен орналасқан жерін тіркейтін құжат. Биыл аталған инспекция тарапынан жүргізілген мониторингті қорытындылау бағытында жиын өтті. Онда ескерт-кіштердің жай-күйі, ғылыми-реставрациялық жұмысты жүргізу қағидалары мен шарттары егжей-тегжейлі талқыланды, – деді Сайран Темірғалиұлы.
Спикердің баяндауынша, бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейі, Орал гарнизонының әскери прокуратурасы және облыстық полиция департаментінің емхана-госпиталі ғимараттарына жедел ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Хан ордасы музей-қорығы құрамындағы Хан сарайы, Хан мешіті, қазынашылық, Жәңгір хан мектебінің мұғалімдер үйі ғимараттары, Жәңгір хан мен күйші Дәулеткерей кесенелері де қайта жаңғыртуды қажетсінеді. Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы – еліміздің батыс аймағындағы бірегей тарихи-мәдени кешен. Музей-қорықтың құрамындағы 16 нысан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекеттік қорғауға алынған.
– Аталған музей-қорықта ақпараттық-туристік көмек көрсететін визит-орталық пен әкімшілік ғимараттың құрылыстары «ҚПО б. в.» компаниясының инвестициялық қаражаты (432 млн теңге) есебінен жүзеге асырылып, биыл 16 қазанда салтанатты түрде ашылды. Осы жылы республикалық бюджет есебінен Орал қаласындағы бұрынғы көпес А. Каревтің үйі, қазіргі Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен бұрынғы әскери шаруашылық басқармасы, қазіргі Х. Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы ғимараттарын ғылыми-реставрациялау жұмыстарына 252 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейі тарих және археология бөлімімен екі археологиялық нысанда (Қырықоба, Мұратсай қорғандары) қазба жұмыстары аяқталды. Табылған артефактілер негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, арнайы көрмеде көпшілік назарына ұсынылмақ. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев Орал қаласының тарихи бастауы саналатын Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру жобасы бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Жобаны жүзеге асыру бағытындағы ұсыныс-пікірлер облыстық мәслихаттың отырысында талқыланып, арнайы жұмыс тобы құрылды, – деді Сайран Дүйсенов.
Марлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»