12.09.2023, 10:45
Оқылды: 82

«Жайық қалашығын толық зерттейтін кез келді» – ғылыми тәжірибелік конференция

Таяуда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Қала тарихы: Жайықтан Оралға дейін» атты облыстық ғылыми тәжірибелік конференция өтті.

4DBB6F96-85D0-4784-9A87-E7D8AEAECB97

Конференцияның негізгі тақырыбы – шаһарымыздың тарихына терең үңіліп, соңғы жылдары тарихи зерттеулер барысында ашылған жаңа деректермен бөлісу. Қос өркениеттің тоғысында орналасқан Орал қаласының ерте кезеңдерде даму тарихын тану, насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жиында М.Өтемісов атындағы БҚУ ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмединов пен қала әкімі Миржан Сатқанов кіріспе сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Жиын барысында алғаш болып баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұрат Сыдықов қала тарихын зерттеу ғылыми жұмысының басты бағытына айналғандығын айта келіп, көпжылдық зерттеу жұмысының қорытындыларымен таныстырды.

– 2001 жылы Ақсай-Үлкен Шаған-Атырау газ құбырын тарту барысында Орал қаласының түбінен ескі қаланың орны табылған болатын. Ең алғаш Жайық өзенін жағалай қоныстанған қала туралы деректерді араб жиһанкезі ибн-Фадлан жазбаларынан, тарихшы Рыбаковтың деректерінен қаланы Саксин деп атағанын біле аламыз. Одан кейінгі деректер Алтын орданың құрылуы кезеңімен тұспа-тұс келеді. Жайық қалашығын орта ғасырлық саяхатшылар мен тарихшылардың да сызған карталарынан табуға болады. Ресей жерін аралаған саяхатшы Антония Дженкинсон өз жолсызбасында Жайық қалашығының орнын белгілеп кеткен. 1608-1624 жылдардағы Орта Азия картасында да қазіргі Орал қаласының орны айқын көрініп тұр. Осылайша еуропалық тарихшылар мен саяхатшылардың жазбалары орта ғасырда Жайық өзенінің жағасында, дәл қазір біз мекендеп отырған аумақта үлкен қаланың болғанын айғақтайды. Тіпті сол тарихшылар мен саяхатшылар «Шакашик» немесе «Шакафни» деген атауын да жазып қалдырған. Алайда Кеңес өкіметі тұсында бұл тарихи жазбаларға назар аударылмады. Себебі олардың өз дерегі болатын. Олар «Бұл жерлердің иесі жоқ» деп кейінгі отарлау саясатын ақтап алуларына ыңғайлы нұсқа дайындап алды, – деді тарихшы Мұрат Сыдықов.

Сонымен бірге ғалым өз сөзінде Жайық қалашығында зерттеу жұмыстары тоқтап қалғандығын, осы жұмысты жандандырып, болашақта қалашықты аспан астындағы музейге айналдыру керектігін айтты.  

Өлке тарихын зерттеп, өмірінің көп бөлігін Жайық қалашығын табуға арнаған Ғаяз Кушаев Батыс Қазақстан аймағында қалашықтар санының тізбесін жасаған болатын. Ол тізбе бойынша қазіргі Круглоозерный, Орал тауының оңтүстік бағытқа қарай 8-ші шақырымында, Шаған өзенінің жағалауында, Барбастау өзенінің жағасында орналасқан Сандық қалашығы, Дарьинск қалашығы және қазіргі Құс фабрикасы маңында ежелгі қаланың орны болуы мүмкін деп тұжырымдады.

2001 жылы Орал қаласының іргесінен табылған қала орнының аумағы 300 гектар жерді алып жатыр. Қала екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде қала тұрғындары қоныстанған болса, екінші бөлігінде тұрғындар қоныстанған жерден екі шақырым жоғары қорым орналасқан. Қала өз заманында дамыған шаһарлардың бірі болған. Базар, монша, кірпіш шығаратын зауыт болған. Су жүйесі де орталықтандырылып, бір  ізге  қойылған.

Жайық қалашығында қоныстанған тұрғындардың негізгі кәсібі кірпіш құю болғанға ұқсайды. Себебі қазба жұмыстары барысында табылған ғимараттардың кірпіштері біртекті, бір қалыппен дайындалғаны аңғарылады. Сонымен қатар қаланың жұртынан екі үлкен кірпіш дайындайтын пеш табылды.

Қалашық маңындағы қорымнан екі кесене табылған. Бірі өз заманының беделді адамы болса керек, басына салтанаты жарасқан алып мазар тұрғызылған. Мазарды қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде кірпіштердің сол қалашықта дайындалғаны анықталды. Және бұл кесененің Ұлытаудағы Жошы хан кесенесінен екі есе үлкендігі байқалады.

Ал тарихшы Жаңабек Жақсығалиевтің айтуынша, Хан тоғайы мен Жайық қалашығынан табылған екі мазар арасында байланыс бар екен.

– Хан тоғайын Бөкей мен Жәңгір ханның таққа отыру рәсімі өткен жер деп қана қараймыз. Алайда Хан тоғайы туралы деректер ХIV ғасырдан бастап қағаз бетіне түскен. Жайық қалашығынан табылған екі кесене төрелердің кесенесі болуы мүмкін. Осы Хан тоғайы мен Жайық қалашығынан табылған екі мазар арасында көзге көрінбейтін байланыс бар. Болашақта осы жағын да тереңірек зерттеуіміз қажет, – деді тарихшы өз сөзінде.

Шетелдегі қазақ ғалымы Нұрлан Кенжеахметұлының дерегіне иек артсақ, 1728 жылы Манчжур патшасы Юнжэнің 10 белдеулі картасында Теке қаласы «Таки хотоң» делініпті. «Хотоң» қазақ тіліне аударғанда «қала» деген мағына береді екен. ХVII ғасырдағы Еуропа карталарында Жайық өзені Тік өзені деп берілген. Ғалымның топшылауынша, Каспий теңізіне тіке барып құйғандықтан, осылай аталуы мүмкін. Орал қаласын ХХ ғасырдың басына дейін Теке деп атағанын ескерсек, жоғарыда айтылған сөздердің дыбыс үндестігіне ұшырап, деформацияланған болуы мүмкін деген болжамдар да ортаға тасталды.

Қала халқы да маусымдық ғұмыр кешкен. Олай деуіміздің себебі – қыс мезгілінде қала ішінде кішігірім күзет әскері қалып, тұрғындардың көпшілігі қыстауға көшіп кететін болған. Жаз мезгілінде 500-ден 1000 адамға дейін болған. Қала ішінде шеберлер мен әскери адамдардың ықпалы жоғары болған. Мұндай ірі өндірісті қала салу билігі мықты елдің қолынан келеді. Сол себептен де қала еуропалық саяхатшылардың жазбаларында айтылып, карталарында үлкен қаріппен белгіленген. Қалашық қазіргі Орал қаласынан 10-15 шақырым қашықтықта орналасқан. Шаһарды Шыңғыс ұрпақтары мен Алтын орданың жоғары лауазымды мансап иелерінің басқару құқығы болған.

Конференция барысында «TORUS.KZ» ЖШС-ның бас ІТ маманы Миржан Мұхамбетов «Орал қаласының тарихы» атты кітаптың таныстырылымын жасады. Бұл кітаптың ерекшелігі – 5, 6, 7-беттерінде орналасқан арнайы QR код арқылы суреттердің тарихын ауызша тыңдауға мүмкіндік бар. Кітапта бейнеленген қаламыздағы еңселі ескерткіштер мен тарихи ғимараттардың тағы сол QR код арқылы 3D моделін көруге болады. Құрастырушылардың айтуынша, ең қиын болғаны да осы ескерткіштердің 3D моделін әзірлеу екен.

Жиын барысында бірқатар ұсыныс та айтылды. Мәселен, қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір қала атауының бір ізге түсірілу керектігін айтты. Қоғам белсендісінің айтуынша, қазақша атауы Орал болған қаланы орысша Уральск деп атау – орыс тілінің ықпалынан әлі де шыға алмай отырғандығымыз. Сонымен қатар ақын, журналист Мұнайдар Балмолда қаламыздың тарихы ескі кеңестік идеологиямен жазылған оқулықтардағы 1613 деп емес, Х ғасырға тән екенін көрсететін үлкен баннерлер мен билбордтарды адам көп жүретін басты көшелерге орналастыру керектігін айтты. «Бұл өскелең ұрпақтың өз ұлтының тарихын танып-білуіне үлкен көмек болар еді», - деді ол.

Конференция соңында қала әкімі Миржан Сатқанов айтылған ұсыныстар төңірегінде өз тарапынан қолдау білдіретінін жеткізді.

Әнуар Аманжол,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале