31.03.2017, 19:28
Оқылды: 67

Жайық өзенінің экожүйесі басты назарда

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау саласындағы трансшекаралық ынтымақтастық келешегіне арналған кеңейтілген отырыс өтті.

Отырысқа Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, Батыс Қазақстан облысындағы Ресей Федерациясының консулы Саид Забитов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғатты қорғау мәселесі бойынша комитет мүшесі Шавхат Өтемісов, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты, ТМД Істері еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс комитетінің мүшесі Юрий Мищеряков, Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев, Жайық өзені бойынша экпедиция  жетекшісі, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко және ғалымдар, мемлекеттік мекемелер мен жоғарғы оқу орындарының басшылары қатысты.

Жиынды жүргізген облыс әкімі Алтай Көлгінов көтеріліп отырған тақырыптың маңызына тоқталды.

-Былтыр қазан айында Қазақстан мен Ресей арасында өткен өңіраралық ынтымақтастық ХІІІ форумында екі елдің басшылары Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі келісімге қол қойған болатын. Бұл құжатты екі елдің ұзақ жыл бойы ынтымақтаса жасаған жұмысының нәтижесі деуге болады. Елена Ивановнаның жетекшілігімен 20 жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан экпедиция Жайық өзенінің экожүйесі мәселесінен басқа Қазақстан-Ресей елдерінің достық қарым-қатынасын арттыра түсті, -деген Алтай Сейдірұлы бүгінгі кеңейтілген отырыста Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау бойынша екі ел арасында жасалған келісімді жүзеге асыру тетіктері талқыланатынын жеткізді.

Бұдан соң Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг сөйлеп, Жайық өзенінің тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Ресей Федерациясының әлеуметтік экономикасында да аса маңызды орын алатынын айтып, өзеннің экологиялық жағдайын жақсартуға кешенді  жұмыс жасау керектігін айтты. Оның сөзінше, бұл жұмысты жүзеге асыру үшін қыруар қаражат керек және бүгінгі таңда оны табудың тетіктері қарастырылуда.

 

  Айша ӨТЕБӘЛІ,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале