Қазақстан журналистер одағының БҚО филиалы, "Amanat" партиясының өңірлік филиалы және Орал қаласының спорт бөлімі Журналистер күніне орай волейболдан қалалық турнир ұйымдастырды.
"БАҚ салауаттылықты қолдайды" атты әуе доп додасына журналистерден құралған алты команда қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев,"Amanat" партиясының БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, Орал қалалық спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, өңірлік коммуникация қызметінің басшысы Махамбет Сұлтанғали, "Приуралье" газетінің бас редакторы Тоқтар Кенжеғалиев қатысты.
- БАҚ саласының қызметкерлері қашан да оқиғаның ортасында жүреді. Жорналшылардың кәсіби мерекесі күніне орай олардың өзара араласып, достығын нығайта түсу мақсатында осындай спорттық шара ұйымдастырып жатырмыз. Достықты ту еткен додада бабы мен бағы қатар қапқан шын мықты жеңіске жетсін! Бвршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын, - деді Арсен Ғұбашев.
Журналист волейболшылар екі топқа бөлініп, жүлде таласына кім түсетінін анықтады. Қорытындысында топтық кезеңді екінші орынмен аяқтаған "TDK-42" телеарнасының командасымен "Жайық Пресс" медиахоодингінің екінші командасы қола жүлдені сарапқа салды. Ойын басынан соңына дейін тартысқа толы болған ойын қорытындысында үшінші орын "Жайық Пресс-2" командасына бұйырды.
Ал алтын медалді сарапқа салған "Ақжайық" телеарнасы мен "Жайық Пресс" командаларының ойынында мелиахолдинг намысын қорғаған ұжым жеңіс тойын тойлады.
Одан бөлек жарыс ұйымдастырушылары әдемі ойын өрнегін көрсеткен волейболшыларға арнайы аталымдармен марапаттады.
Нәтижесінде "Үздік қорғаушы" атағы Динара Кунееваға (ӨКҚ), "Үздік байланыстыру" Екатерина Киваға (Жайық Пресс-2), "Ардагер спортшы" аталымы Мұрат Абировқа (Ақжайық) бұйырса, турнирдің "Үздік шабуылшысы" аталымы Сергей Улановқа (ТДК-42) берілді.
Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаз команда медаль және кубоктармен марапатталды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz