Бұл жөнінде бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингі мен Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Тілдерді дамыту басқармасы мен медиахолдинг бірлесіп бұдан да өзге жобаларды бастады.
Қос тараптың қолға алған ауқымды бір жобасы – журналистерге арналған ағылшын тілі курсы.
-Журналистер жер-жаһанды көп шарлайды. Сондықтан тілшілердің тіл білімін дамыту мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп «English for media» курсын бастадық. Алдағы аптадан бастап облысымыздағы ағылшын тілінің білікті мамандары «Жайық Пресс» тілшілеріне дәріс беретін болады. Аптаға екі сабағы өткізілетін төрт айлық курс тәмамдалғанда арнайы сертификат табысталады. Осындай жобаларды іске асыруға қол ұшын беріп, бізбен әріптестік бағытта жұмыс жүргізуге ынта білдірген Айгүл Әділгерейқызы бастаған облыстық тілдерді дамыту басқармасына ризашылығымызды білдіргіміз келеді,- деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Рауан Сәбитов.
-Біздің басқарма Қазақстанның тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Елбасының қазақ жазуын латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру тапсырмасын атқаруда. Еліміздің тіл саясатындағы атқарылған істерді қоғамға жеткізетін – бұқаралық ақпарат құралдары. Бүгін медиахолдингпен екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойып отырмыз. Бірлесе бастаған жобаларға сәттілік тілеймін,-деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
Медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитұлы наурыз айынан бастап «Орал өңірінде» шығатын «Тіл - тұғыр» атты газет ішіндегі газетпен таныстырды. Онда еліміздің тіл саясатына қатысты жаңалықтар, ономастика, жер-су атауларына қатысты мақалалар, Елбасының мақаласында көтерілген латын әліпбиіне қатысты мәселелер, мемтерминком бекіткен жаңа терминдер жарияланады.
Нұрлыбек Нұрланұлы,
сурет: Темірболат Тоқмамбетов, видео: Динара Киндербаева
zhaikpress.kz