Осыдан жиырма жыл бұрынғы бастан өткен жағдай. «Екі газетті біріктіреді екен, үстінен қазыналық мекеме құрылып, газеттер басыбайлы соған кіреді екен» деген әңгіме желдей есті. Бұған біз, қос газеттің журналистері, қуана қойған жоқпыз. Қуанбақ түгілі, үзілді-кесілді қарсы болдық, «Қайдағы мекеме, оған кірмейміз, осы уақытқа дейін күнімізді көріп келдік қой, әрі қарай да көре береміз» деп ер-тоқымдарымызды бауырымызға алып, туладық. «Бұл дегеніңіз – сөз бостандығын шектеу, «олай жазба, бұлай жаз» деп журналистерді желкесінен нұқып отыру, демократияның қағидаларын белден басу, цензура!» деп жағдайды тіпті саясиландырып жібергендеріміз де болмай қалған жоқ.
Басқа облыстардағы газеттер серіктестікке, мемлекеттікқазыналық кәсіпорындарға көшіп кеткен. Біздер болсақ ала-көбең күйді бастан кешіп жаттық. Алайда «Өгізге туған күн...» деген бар ғой, басқа облыстардағы газеттердің басындағы жағдай «Орал өңірі» мен «Приуральенің» басына да туды... Көштік. Журналистер ештеңеге бастарын қатырмайды. Қағазды қайдан аламын, газетті қайда бастырамын, қаржыны қайдан табамыз деп уайымдамайды. Онымен анау газеттердің үстінен құрылатын мекеме яки кәсіпорын шұғылданып, журналистер тек материалдар дайындаумен басыбайлы айналысады. Хош, сонымен, айтып-айтпай не керек, біз де шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып қайта құрылып едік...
Оның басы-қасында Серікқали Сәрсенов, Қаршыға Қосанов сықылды жандар тұрды. Алғашқы жылдардағы ұйымдастыру жұмыстарының ауыртпалықтарына арқаларын қайыспай тосқан олар, өкінішке орай, бүгінде арамызда жоқ... Жандары пейіштің төрінде шалқысын марқұмдардың. Одан кейінгі жылдарда медиахолдингті Шыңғыс Мұқан, Жантас Сафуллин, Рауан Сәбитов басқарды. Бұған дейін бұл азаматтардың «Жайық Пресс» үшін қандай жұмыс тындырғанын ардагер журналист Болат Есқалиев тарқата жазды. Солай болса да, қайталағанымыз артық болмас, бұл үшеуінің де іскерлікпен, жастық жігермен, тынымсыз бастамашылдықпен қопара қызмет еткенін біз де көре қалдық. Жантас Сафулиннің тұсында «Орал өңірі» газетінің тарихы барынша зерттеліп, оның талайлы шежіресі нақтыланды. Жас журналистер мен жас қаламгерлердің шығармашылықтарына жан-жақты көмек көрсетілді.
***
Зымырап өте шыққан жиырма жылдың ішінде, жасырып қайтеміз, «Жайық Престің» «мұз жастанып, қар жамылғандай кездері» де болмай қалған жоқ. Оны бастан кештік. Қаланың қақ ортасындағы өзінің басыбайлы ғимаратынан айырылған «Орал өңірі» мен «Приуралье» далада қалып қоя жаздады. Бір кездегі медициналық училищенің жатақханасы болған нысанды паналауға тура келді. Онда да бізді байыздатпай, тағы көштік. Қазіргі «Аманат» партиясының ғимаратына қоныс аудардық.
«Орал өңірі» газетінің тілшілері, оның үстінде қызметкерлер бұрын оқу залы болған үлкен бөлмеде отырдық.
Біреу алыс ауданмен телефон арқылы айқайлап сөйлесіп жатады, біреу келген кісіден сұхбат алып жатады, қалғандары мақалаларын жазады. Біреу түшкіріп қалса, қалғандарымыз хормен «Жәрікімалла!» деуші едік. Ешкім ешкімге ренжімейтін, тату едік! Сөйтіп жүргенде ол ғимаратқа да күрделі жөндеу басталды. Дәлізде толарсақтан құм кешіп жүретініміз естен кетпейді. Айналғанда, Мұхит көшесіндегі қос газетке басыбайлы берілген, осы күнгі отырған бес қабатты ғимаратқа көштік-ау! Қуанышымызда шек болмады...
***
Енді бүгінгі «Жайық Престің» жағдайына келейік. Осыдан екі-үш жыл бұрын медиахолдингтің басшылығына Табылғали Сапаров келді. Ұжыммен алғашқы кездесуінде ол журналистердің жұмыс жағдайын, материалдық жағдайын ең бірінші кезекке қоямын деді. Талайдан бері сол күйінде келе жатқан айлық пен қаламақыны көтеремін деді. Іссапарларға, қаланың ішіндегі мекемелерге, шараларға материал дайындауға баратын тілшілерге көлік мәселесін шешемін деді. Қаланың әр қиырында тұратын қызметкерлерді мүмкіндігінше жұмысқа алып келуге, кешкісін үйлеріне жеткізіп салуға көлік шығарамын деді. Газет шығатын күндері түнге қалатын қызметкерлерді, кезекшілерді үйлеріне жеткізетін арнайы көлік болады деді. Еңбек демалысына шыққанда қосымша бір айлық еңбекақы мөлшерінде төлемақы бергіздіремін дегені де жанымызға майдай жақты. Әбден ескірген компьютер жабдықтарын қаржының мүмкіндігіне қарай жаңалаймын деп те қойды. Бұған қызметкерлер, әрине, қуанды. Бірақ «Басшылар келеді, кетеді, уәде беру оңай ғой» деп күмәнданғанымыз рас. Күндер өтіп жатты. «Директор берген уәдесін ұмытты-ау» деген күдік кіре бастады. Бірақ бірінші басшы сөзін жерге тастамайтын азаматтың сойынан екен. Ұмытпапты. Әуелі айлықты көбейте бастады. Содан соң кезек қаламақыға келді. Редакторлардың баяғыдан келе жатқан бір арманы болатын-тұғын. Ол – тұшымды мақала жазған, оқырмандарға ұнаған, мәселе көтерген сүйекті шығармаларға қаламақыдан бөлек, көтермелеп сыйақы белгіленсе, оны айдың аяғына қалдырмай, әр аптаның қорытындысымен беріп отырса. Директор бұл ұсынысты хош алды, қолдады. Сөйтіп, ғасырдан астам уақыт бойы шығып келе жатқан үнқағаздың тарихында бұрын болмаған сыйақы-қаламақы (негізгі қаламақы мен айлықтан бөлек) беру қолға алынды. Енді тілшілер жарыса жақсы мақалалар жазуға құлшынды, бұл газет пен оның оқырмандары үшін аса пайдалы бәсекеге айналды. Бұдан бөлек тоқсан сайын сыйақы берілетін болды. Айлық біртіндеп өсе бастады. Тап осы кезде серіктестікке жол талғамайтын су жаңа екі көлік келе қалсын. «Директор мен оның орынбасарынан ауыспас» дегеніміз рас еді. Жоқ, қателесіппіз. Директор екеуін де журналистердің тақымына тосты. Енді қызметкерлер күнде таңертеңгілік жұмысқа бару үшін жолаушылары иін тірескен аутобостарға жүгірмейтін болды. Оларды үйлерінен анау жол талғамайтын аутокөліктер қызметке алып келеді. Кешкісін жұмыс уақыты аяқталғанда үйлеріне жеткізіп тастау үшін есік алдында тағы да екі-үш кезекші көлік жер тарпып күтіп тұрады. Қызметкерлер дән риза. Шараларды жазуға баратын тілшілердің де айлары оңынан туды. Көлікпен барады, көлікпен қайтады. Бұрын ондай шараларға аутобоспен барып, (көбіне жаяу) елеусіздеу кіріп кететін тілшілер, енді медиахолдингтің жол таңдамайтын көліктерімен жетіп, есігін асықпай ашып, «Осы мен қайда келдім?» дегендей төңірегіне маңғаздана қарап, аяқтарын баппен басатын әдет тапты (әзіл-шыны аралас). Түнгі кезекшіліктен өте жай шығатын тілшілер, корректорлар бұрынғыдай такси жалдаудан құтылды. Жеке баспана салып жатқан тілшілерге материалдық көмек көрсетілетін болды.
Ескі компьютерлермен қотыр ат мінгендей шоқырақтап, құлашын жаза алмай отыратын тілшілер жақсы жабдықтарға қол жеткізіп, тіпті қуанды. Бұрын диктофонның өзі жетпей, тілшілер біріненбірі пайдалануға алып жүретін. Енді әудем жерден «естіп», таспасына басып ала қоятын, соңғы үлгідегі саққұлақ қондырғылар әр тілшіге басыбайлы берілді.
Газетті көптеп жаздырып алатын мекемелерге редакциядан әр санын жеткізіп отыратын арнайы көлік бөлінді. Бұл әлеуметтік желінің ұшынып тұрған заманында газеттің таралымын құлдыратпай ұстап тұруға көп пайдасын тигізді. Астана, Алматы қалаларында өтетін шараларға, мүшәйра, шығармашылық жиындарға қызметкерлерді кезегімен жіберу, олардың шабытын жану таптырмайтын дағдыға айналды.
Бүгінде медиахолдингтің жанында кәсіподақ, ардагерлер ұйымдары жұмыс істейді. Келешекте ардагерлерімізге (олар отыздың үстінде) арнайы бөлме жасақтайық, олар қалаған уақыттарында келіп, газет оқып, шахмат-дойбы ойнап, шай ішіп, әңгіме-дүкен құрсын деген бастама көтерген директор. Ол күндерге де жетерміз! Жиырма жылда «Жайық Пресс» еңсерген белестер осындай, құрметті оқырман!
Есенжол Қыстаубаев,
zhaikpress.kz