Бұл Жайық өзенінің сол жағалауында қоныстанған қазақ ауылдарын басқару мақсатында Ақпан революциясы жеңісінен соң құрылған атқарушы билік.
Комитет 1917 жылдың 7 наурызында Орал қаласында құрылған. Жайық сырты бөлігі қазақтарын басқару комитетінің төрағасы болып, заңгер Бақытжан Қаратаев сайланған.
Комитеттің мүшелеріне Ғ.Әлібеков, А.Әбенов, Ы.Тоқбергенов, Д.Күсіпқалиев, Ә. Әйтиев ұсынылған.
Комитеттің атынан Б.Қаратаев Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Родзянкоғаға жедел құттықтау хатын жолдады.
Жайық сырты комитеті сол кезде өңірдегі саяси тыныштықты сақтау, ел ішінде азық-түлік мәселесін ұйымдастыру, жергілікті земство бөлімшелерін құру тағы басқа халықтық мәселелерді шешумен айналысты.
Комитеттің мәжіліс жиындары негізінен Жайық сыртын төрелер басқаруы тиіс пе, әлде билікті «қара қазаққа» жататын ру өкілдері қолға алуы керек пе деген айтыс төңірегінде өрбіді.
Осы келіспеушілік салдарынан 1917 жылдың 10 наурызында өткен ұлттық интеллигенция мен ел өкілдері отырысында аталған азаматтық комитет таратылып, оның орнына Уақытша Жайық сырты бөлігі қазақтарын басқару комитеті құрылады.
Алайда 1917 жылғы Қазан төңкерісінен соң Уақытша комитет таратылып, Орал губерниясында Кеңестер билігі орнай бастайды.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz