Алматы қаласында ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІ Қазақстан чемпионатының бірінші тур ойындарымәресіне жетті.
Фото дереккөзі: m.sport-express.ru
Қазақстан чемпионы «Атырау» клубы (бапкері Виктор Козик) жаңа маусымда да бабында екендігін айқын байқатып, қарсыластарының бәрін ұтып, көш бастады.
Бірінші тур аясында суперкубокті де жеңіп алған атыраулықтар еншісінде 21 ұпай бар. Атыраулықтарға ғана есе жіберген, Рафаиль Гилязутдинов жаттықтыратын «Буревестник» клубы 18 ұпаймен екінші орында келеді.
«Павлодар» волейболшылары (бапкері Игорь Никольченко) 14 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Биылдан бастап Орал волейболының түлегі Мирлан Бадашев баптайтын «Ұшқын» (Көкшетау) клубы 11 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді. Араға жылдар салып, Ұлттық лигаға қайта оралған Оралдың «Жайығы» 4 ұпаймен жетінші орынға жайғасты. Александр Стольниковтің шәкірттері көш басындағы командалармен тайталаса алмағанымен, құрамын нығайтса, басқалармен терезесі тең өнер көрсете алатынын аңғартты. Мысалы, «Ұшқынмен» өткен ойында 2:0 есебімен ұтып жатып, сол қарқынын жалғастыра алмай, есе жіберіп қойды.
Екінші тур ойындары да алдағы желтоқсан айында Алматыда өтеді.
Елжан Ералы,
zhaikpress.kz