7.12.2023, 10:45
Оқылды: 51

Жайық жұрты Ақмаржанын ұмытпайды

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, көрнекті ақын, ұстаз Ақмаржан Таубаеваны еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өтті. Биыл ақын көзі тірі болғанда, 65 жасқа толар еді. Қаладағы Жастар мәдениет сарайында шымылдық түрген рухани шараға ақынның көзін көргендер, бір кездерде қатар жүрген, қызметтес болған әріптестері қатысты.

Акмаржан Таубаева3

Поэзия өлкесінде өзіндік өрнек салған, «Жайықтың Ақмаржаны» атанған ақынның есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен әдеби кеште Ақмаржан Таубаеваның өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды. М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың өнер факультетінде оқитын студенттер шағын сахна көрінісін ұйымдастырып, А. Таубаеваның жыр жолдарын төгілтті. Ал «Өрлеу» БАҰО» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша біліктілікті арттыру институтының директоры Софья Ізмұхамбетова және кештің ұйымдастырылуына мұрындық болған ақынның інісі Қайыржан Таубаев Ақмаржан Бақытқызының өмірі мен өлеңі, ұстаздығы мен баспасөз саласындағы қызметі хақында өнегелі әңгіме өрбітті.

Акмаржан Таубаева2

– Кешті ұйымдастырудағы мақсатым – ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау, соның ішінде өлеңіне жазылған әндерін халыққа жеткізу болды. Өзінің көзі тірісінде орындалған әндермен қатар, бұл шарада жаңа шығармалардың да тұсауы кесілді. Кәсіби әншілердің қатысуымен өткен ерекше сипаттағы бұл бастамамызға облыстық әкімдік пен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қолдау көрсетті. Бүгіндері Ақмаржан Таубаеваның туған жері – Теректі ауданында ақынның есімін ұлықтау мақсатында мүшәйралар, жыр додалары өтуде. Алдағы уақытта да ақын шығармашылығын дәріптеуге арналған жобалар мен іс-шараларды жиі өткізетін боламыз. Кеш Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрының ұжымы, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, Жайық жұртшылығының қолпаштауымен жоғары деңгейде өтіп, өз мақсатына жетті деп есептеймін, – дейді «Ән-Маржан» әдеби-сазды кешін ұйымдастырушы, жоба авторы, ақынның інісі Қайыржан Бақытұлы.

0c446aef-ee97-49fd-a2c0-f8fc0fa58a34

Ақмаржан ақын Ақ Жайықтың тумасы еді. Ол ұлағатты ұстаз болуымен қатар, баспасөз саласында жемісті еңбек етті. Талай жылдары облыстық «Орал өңірі» газетіне арналғанын оқырмандар жақсы біледі. Кейін  «Өрлеу» БАҰО» АҚ БҚО бойынша филиалы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Жайық ұстазы» газетінің бас редакторы болды. Дәл осы институтта 2016 жылы Ақмаржан Таубаева атындағы дәрісхана ашылды. Сондай-ақ Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде де ақын атындағы дәрісхана бар.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале