Таяуда республикалық «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші-композитор Донеділ Қажымовпен сұхбаттастым. Ол Батыс Қазақстан өңірінде туған атақты әнші, КСРО халық әртісі Роза Жаманова мен белгілі композитор, Қазақстанның еңбегі сіңген өнер қайраткері Базарбай Жұманиязовтың өмір жолы, шығармашылығы туралы әңгімеледі.

Күні кеше тарих қойнауына кеткен 2024 жылы Қазақстан Композиторлар одағына 85 жыл толды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Осы жылдар ішінде Қазақстанның композиторлық мектебі қалыптасып, 53 опера, 18 балет, көптеген симфониялық, аспапты, вокалды-камералық туындылар, хорлар мен ораториялар, ән-күй, халық аспаптары оркестрлеріне, кино мен спектакльдерге арналған музыкалар жазылды. Композиторлық мектептің алыптары Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди және Мұқан Төлебаевтай тау тұлғалардан бастау алған Композиторлар одағын олардан кейін Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков, Сыдық Мұхамеджанов, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова, Құдыс Қожамияров, Мансұр Сағатов, Базарбай Жұманиязов, Тілес Қажығалиев, Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджанов сынды тұлғалар жалғастырып, олардың әрқайсысы соңында айшықты із қалдырды. Ал қазіргі кезде осы үрдісті Балнұр Қыдырбек, Серік Еркінбеков, Бейбіт Дәлденбай, Артық Тоқсанбаев, Серік Әбінұров секілді саңлақтар лайықты жалғастырып келеді.

– Бұрын, яғни Кеңес өкіметі кезінде Композиторлар одағының мүшелігіне өту өте қиын болды. Себебі Композиторлар одағына мүше болу үшін соған ниет білдірген кісінің мамандығы композитор болуы керек. Атап айтқанда, консерваторияның композиторлық бөлімін оқып бітіру шарт болатын. Оған қоса кесек-кесек туындыларын ұсынады. Күрделі шығармалар жазуы талап етілетін. Осындай талаптарға толық сай келген, кәсіби композиторлық мектептің жарқын өкілі Базарбай Жұманиязов еді. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерінің иегері, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры Базарбай Жұманиязов – өнер мен мәдениетімізге зор үлес қосқан айтулы тұлға, белгілі қоғам қайраткері. Ол көптеген контата жазған. Аспаптық музыка жанрындағы, соның ішінде қазақ оркестріне арналған шығармалары да жетерлік. Кинофильмдерге жазған музыкасы бір төбе. Базарбай Сағадиұлы – еуропалық деңгейде мойындалған композитор. Халықаралық дәреже-деңгейдегі марапаттарды алған. Біраз жыл Қазақстан Композиторлар одағының екінші хатшысы, ал егемендік алған жылдары осы одақтың бірінші хатшысы, яғни төрағасы болып сайланып, шығармашылық одақты жаңа деңгейге көтеруге айтулы еңбек сіңірді. Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының директоры болған. Осындай мемлекеттік деңгейде еңбек еткен тұлға Орал қаласындағы кішігірім көшеге есімі берілгені болмаса, қазіргі таңда елеп-ескерусіз қалды, – деді Донеділ Ізмағамбетұлы.
Донеділ Қажымов атақты сазгерлердің тұлғалық болмысы, ерекше қасиеттері жайында сөз өрбітті. Олармен қалай танысқаны жөнінде де айтып өтті. Талай көркем туындыны дүниеге әкелген біртуар тұлғалардың шығармашылықпен тыңғылықты шұғылданып, өнерді асқан құрметпен насихаттағандарын жеткізді.
– Еліміздің мәдениеті мен ұлттық музыка өнерін дамытуға зор үлес қосқан айтулы жерлесіміздің бірі композитор, педагог Базарбай Жұманиязов болатын. Қазақстан композиторлық мектебінің көрнекті өкілі ұлттық музыка үлгісінде де, классикалық музыка жанрында да көптеген шығарма жазып, соңына мол рухани қазына қалдырды. Оның «Махамбет» операсын айтсақ та жетіп жатыр.
Б. Жұманиязов – дүниежүзілік интеллектуалды меншік ұйымының (Швейцария) Алтын медалімен марапатталған Қазақстандағы жалғыз композитор. Композитордың 85 жылдығы өз дәрежесінде аталып өтілген жоқ. Атақты жерлесіміздің есімін жас ұрпаққа үлгі ету және ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестріне Базарбай Жұманиязовтың есімін беруді ұсынамын, – деді Донеділ Қажымов.
Ол осы бағытта 2021 жылы 18 қазан күні сол уақытта өңірімізді басқарған Ғали Есқалиевке, 2023 жылы 4 қазан күні облыс әкімі Нариман Төреғалиевке хат жолдағанын айтты. «Ұсынысым қолдау тапса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді танымал әнші-композитор.
Донеділ Қажымов КСРО халық әртісі, Күләш Байсейітова атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының және «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, көрнекті опера әншісі Роза Жаманова туралы да біраз дерек-дәйек айтты. Оның сөзіне сүйенсек, Роза Үмбетқызы 1953 жылы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында опера әншісі ретінде өнер көрсеткен. Сол уақытта композитор мемлекеттік өнер институтының студенті екен. Ол өзге мемлекеттерге шығармашылық сапарларға барып, көпшіліктің ықыласына бөленген тұлға. Донеділ Ізмағамбетұлы Роза Үмбетқызымен ең алғаш Норвегияда кездескен екен. Сол жақта «Совет одағы мен Норвегия достығының апталығы» деген атаумен үлкен концерттер өткен көрінеді. Сол шығармашылық сапар барысында Қазақстан өнер шеберлерінің қатарында Роза Жаманова болыпты. Ал Қазақстанның батыс өңірінен бұл аса жауапты мәдени миссияға «Ақжайық» халықтық ансамблі таңдалыпты. Сол «Ақжайық» ансамблінің жетекші өкілі Донеділ Қажымов та Орал өңірі тарихындағы осы тұңғыш шетелге бағытталған шығармашылық сапардың куәгері. Роза апайымен кейіннен Алматыда жүздескен.

– Құрманғазы атындағы қазақтың ұлттық консерваториясының профессоры Роза Үмбетқызы жас орындаушыларды даярлауға, оқу-әдістемелік әдебиеттерді жасақтауға сүбелі үлес қосқан. Ол 20 жылдай Қазақ театр қоғамына басшылық етті және халықаралық театр институтының вице-президенті қызметін ойдағыдай атқарды. Роза Жаманова Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ойлы жан еді, биік парасат иесі еді. Қазақстан опера өнерінің мақтанышы, көрнекті мәдениет қайраткері халықтың жадында әрдайым сақталады. Бұл кісінің де шығармашылығын насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажет, – деді Донеділ Қажымов.
Мәрлен ҒИЛЫМХАН,
«Орал өңірі»