15.02.2024, 9:00
Оқылды: 101

Жайық жұртын қандай мәселелер мазалайды?..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Ұлттық құрылтай жылдағыдай жазда емес, биыл көктемде шақырылатындығын мәлімдеді. Күн ілгергі мәліметке қарағанда, үшбу алқалы жиында ұлттық құндылықтар мен ұлттық идеологияға қатысты мәселелер басты тақырып болатынға ұқсайды. Сол себепті ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде өзім соңғы бірер аптада облыстық  ардагерлер кеңесінің белсенді өкілдерімен жүздесіп және Ақжайық, Теректі  аудандарының кейбір елді мекендеріне арнайы барып, жергілікті  жұрттың талап-тілектеріне құлақ түріп қайттым. «Ойды ой қозғайды» дегендей, қалың бұқараның билік өкілдеріне аманаттаған базынасын бүгін көптің назарына ұсынып отырмын, бәлкім, сіздің де алып-қосарыңыз бар шығар...

IMG_8045

«Қазақ депортациясы неге оқулыққа енбейді?»

Ардагерлермен Орал қаласында өткен жүздесуді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген ашып, жүргізіп отырды. Әрі өзінің де ой-пікірін ортаға салды:

– Менің ойымша, «Ардагерлер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін уақыт жетті. Өйткені, жыл сайын Жеңіс күнінің қарсаңында майдангерлер мен тыл ардагерлеріне бюджет есебінен қомақты қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл дұрыс, әрине. Майданда бүгінгі ашық аспан, бейбіт өмір үшін жан алысып, жан беріскен Жеңіс сарбаздарынан және тылда жанкешті еңбегімен Жеңісті жақындатқан тыл ардагерлерінен аярымыз жоқ. Бірақ жаратылыстың заңы ғой, бүгінде соғыс ардагерлері бірен-саран ғана қалды, тыл еңбеккерлерінің де қатары жыл өткен сайын селдірей түсуде. Есесіне, күні кешеге дейін жылдар бойы қар жастанып, мұз төсеніп, қақаған қыста суыққа тоңып, аспан айналып жерге түсердей қырық күн шілдеде аптап ыстыққа күйіп, көктем мен күздің жауын-шашынына жаурай жүріп, ел дәулетін еселеген ауыл шаруашылығы ардагерлерінің шүкір, әзірге қатары қалың. Ал осы аяулы жандар курорт-санаторийлерге барып алаңсыз демалып, ем-дом алып, денсаулықтарын нығайту үшін қазына қаржысынан әлі күнге дейін бір тиын көмек көрсетілмейді. Жер-жердегі ардагерлердің ұйымдары зейнеткерлердің бәріне бірдей демеуші таба алмайтындығы кім-кімге де түсінікті болса керек, – деді Мақсот Қабышұлы.

Қайролла Сабыров, еңбек ардагері, «Нарын  қасіреті» жұмыс  тобының жетекшісі:

– ХХ ғасыр бел ортасынан ауа қасиетті Нарын құмын жайлаған жайсаң елдің басына қара бұлт үйіріліп, зауал туғаны баршаңызға мәлім. Құтты қоныстарының біраз бөлігі әскери сынақ полигондарына берілгендіктен, оның үстіне «Жығылғанға жұдырық» дегендей, Орда ауданы таратылып, 1952 жылдан бастап бірнеше мың бөкейордалық жылы орнын суытып, қоныс аударуға мәжбүр болды. Олардың төрт мыңдайы тіпті, сонау Оңтүстік Қазақстан облысына мәжбүрлеп көшірілді. Осы «көшке» іліккендерді мал таситын вагондарға тиеп жөнелткен екен.  Еріксіз көшуге  амалдың жоқтығынан көнген байғұстар жолда кез келген станса-разьезге бірнеше сағаттап тоқтап, 17 тәулік жүріп Шымкент өңіріне «өлдім-талдым» деп әрең жеткен деседі. Табиғаты, ауа райы мен жер бедері мүлдем бөлек, оған қоса, ауыз судың сапасы жер мен көктей болғандықтан ол жақты жерсіне алмай, көптеген бөкейордалық күнінен бұрын марқұм болды. Көзкөргендердің айтуынша, әсіресе, сәбилердің арасында шетінеу сұмдық көп болған көрінеді. Осындай жан азабын шегіп, өлім аузынан зорға аман қалғандардың арасында бертін келе белгілі ақынға айналған Қайрат Жұмағалиев пен оның анасы Жаңылғаным апа да болды. Сол кезде 13 жастағы бала Қайрат араға жылдар  салып  ақын ретінде,

Күйіп тұрған тамызға жұрт шыдамай,

Ауа райы, ауыз суы ұнамай.

Әр  күн сайын төрт-бес адам өледі,

Ордалықтар қырылды ғой қынадай... – деп күңіренді. Ал Нарын жұртының басынан осындай зауал өткендігінен бүгінгі ұрпақ негізінен мүлдем бейхабар. Есесіне, кәріс депортациясы, неміс депортациясы, кавказдықтардың депортациясы туралы еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін біледі.

Неге Нарын жұртының мәжбүрлі қоныс аударуы әлі күнге дейін тарих оқулығына енбей келеді?.. Қазақтың қасіретті тарихына ең әуелі қазақтың өзі құрметпен қарауы  тиіс емес пе?!

Меңдіқұл Құрманғалиев,

ҚР Ішкі істер министрлігінің  ардагері, доғарыстағы подполковник:

– Облыс орталығы Орал қаласына қоса, тіпті кейбір аудан-ауылдардан да сапситып сақал қойған жас жігіттер мен ел аман, жұрт тынышта жаман ырым бастап, бастан-аяқ қара жамылып, бетаузын пәренжемен тұмшалаған қыз-келіншектерді әлі де жиі көреміз. Бұл – жастардың жат діни ағымға арбалып-алдануы әлі сап тыйылмағандығының айғағы. Мұндай керітартпа көрініс – қазақтың ұлт ретіндегі біртұтастығына төнген үлкен қауіп-қатер. Әрі мемлекеттілікті нығайтуға да кесапат-кедергі. Сондықтан да өз басым мемлекеттік билік қазақты діни ала-құлалықтан құтқару бағытында жүйелі де пәрменді жұмыс жүргізуі керек деп есептеймін. Бұған қоса айтпағым, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейте түсуді де күн тәртібінен түсірмеуге тиіспіз. Ең алдымен, әр қазақ әке-шеше, әр қазақ ата-әже өз  отбасы, ошақ қасында үнемі ана тілімізде сөйлесе және ұрпақтарынан да ана тілімізде сөйлеуді талап етсе, демек, «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер еді».

Каспи Жахатов, еңбек  ардагері:

– Ортағасырлық Жайық қалашығының жұртын зерттеу биыл қайтадан жанданатындығын жергілікті басылымдардан оқып, бір қуанып қалдым. Егер бұл нысанды көп ұзамай аспан асты музей кешеніне айналдыра алсақ, қазақ мемлекеттілігі өз бастауын ғасырлар қойнауынан алатындығын айдай әлемге паш етіп, «Қазақстанның ана жері, мына жері біздікі» деп жүргендердің аузына біржола құм құйылар еді. Әрі әлгіндей музей кешені біздің Ақ Жайық атырабының туристік тартымдылығын күрт арттырары сөзсіз.

Мені мазалайтын тағы бір мәселе – отандық жеңіл өнеркәсіпке әлі күнге дейін жан бітпеуі. Соның кесірінен жүн-жұрқа, тері-терсек сықылды шикізат біткен итрәсуа болып жатыр. Осы жағдайға ат үстіндегі азаматтар тезірек назар аударып, нақты да нәтижелі әрекеттер жасаса екен деймін.

«Ұлттық экономика министріне жеткізуіңізді сұраймын»

Бесінші ақпан күні Ақжайық ауданының орталығына ат басын тіредік. Сағынғали Сейітов атындағы аудандық кітапханаға ауылдың үлкен-кішісі көп жиналған екен. Сол себепті біздің назарымызға ұсынылған мәселе де аз болған жоқ. «Amanat» партиясы Ақжайық аудандық филиалының төрағасы Артур Ермұқановтың өзі бір сөйлегенде мемлекеттік тілді сауатты қолдану, мемқызметкерлердің халықтың арыз-шағымына  сергек қарауы, балаларға арналған ақылы конкурстарды азайтып, жеткіншектердің қабілет-қарымын шыңдайтын байқауларды қазына қаржысы есебінен тегін ұйымдастыру, Жамбыл ауылдық округіне қарасты Үштөбе ауылындағы мектепке күрделі жөндеу қажеттігі сықылды бірнеше мәселені қамтып өтті.

Бақтығали Қоспаев, өлкетанушы, еңбек ардагері:

– Жайық өзенін жағалай қонған ауданымыздың жануарлар дүниесі жылдан-жылға жұтаң тартып барады. Қазіргі кезде қырға шықсаң да, орман-тоғайға барсаң да, флора мен фаунаның сан алуандығына бұрынғыдай көзің қуанып, жан дүниең сүйсінбейді. Басқасын айтпағанда, бұрындары көзге жиі шалынатын қоян-қарсақ, түлкіборсық сықылды аңдардың өзі көзден бұл-бұл ұшты. Тіпті кеміргіштермен қоректенетін қарақұстардың өзін ілуде бір көретін болдық.

Яғни бұл олардың негізгі жемі – кеміргіштердің  саны күрт  кеміп  кетті  деген  сөз. Қызғалдақ құрып кету қаупі төнгендіктен Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілгенін барлығымыз дерлік білеміз. Сөйте тұра, көктемде қылтиып шықса болды, үлкен-кішіміз бірдей қызғалдақты жаппай  жұламыз...

Туған жеріңнің, туған еліңнің табиғатын қорғау – Отаныңды қорғаумен пара-пар шаруа. Ендеше ел ішінде, халық арасында экологиялық мәдениет, экологиялық тәлім-тәрбие жұмыстарын дереу жандандырып, жүйелі жүргізу керек.

Ақбота Сапарова, Ақжайық  аудандық жастар ресурсы орталығының  қызметкері:

– Біздің мекемеге қатысты мамандар мемлекеттік биліктің қамқорлық-қолдауына зәру. Олай дейтін себебім, біздің саланың теолог, психолог секілді мамандарына «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша аудан-ауылға келген білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласының қызметкерлері секілді баспаналы болу, көтермеақы алу сияқты игіліктер қарастырылмаған. Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде сізден осы мәселені Ұлттық экономика министріне  жеткізуіңізді сұраймын.

P.S. Ақжайық ауданының орталығында өткен жүздесуде аудандық мәслихаттың депутаты, азаматтық қоғамның белсендісі Құрман Бисенғалиев билер кеңесінің міндет-мақсатын айқындау, жұмысын жүйелеу, кәсіпкер Әлжан Досмақов аудан аумағында мал өнімдерін өңдейтін және экспорттайтын цех ашу, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, «Шуақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мәншүк Мәмбешева зорлық-зомбылыққа қатысты заң талаптарын әлде де күшейту керектігін тілге тиек етті.

Қызылжарлықтардың қыжылы

Қызылжар – Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты елді мекен.

Аталмыш ауыл Жезбұға көлінің жағасында, ерке сылқым Ақ Жайық өзенінен бар болғаны үш-ақ шақырым қашықтықта орналасқандықтан айналасы орман-тоғай, жасыл желек. Табиғаты әсем мұндай қоныстың өмір сүруге жәйлі, шаруаға қолайлы, жалпы тұрмыс-тіршілікке ыңғайлы болып келетіндігі  әмбеге  аян.

Қазақтың ет бағытындағы асыл тұқымды ақбас сиырын өсіруге маманданып, ірі қараның етін алысты-жақынды шетелдерге экспорттаумен аты шыққан «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының №1 бөлімшесі болған кезінде Қызылжар жүз түтінді аршыған жұмыртқадай ақ шаңқан тап-таза ауыл еді. Ал қазіргі кейпі адам аяғандай... Бір кездері ауылдың үлкен-кішісінің сүйікті рухани-мәдени демалыс орнына айналған клубтың бүгін де ізі де жоқ, тып-типыл. Саман тастан салынған үшбу мәдениет ошағы біраз жыл азып-тозып тұрды да, қабырғалары жауын-шашыннан мүжіліп құлап, орнын мал тапап, жер бетінен біржола жоғалды. Салынғанына алпыс жылдан асқан ат айналуға келмейтін ауыл кітапханасына бас сұғып едік, қақап тұр екен. Ауыл мұғалімі Райгүл Темірғалиеваның айтуынша, ең болмаса, кітапхана мен мектептің айналасында тәуліктің қараңғы мезгілінде жанар жарық жоқ көрінеді. Аталмыш елді мекендегі білім ошағы да әбден ескірген, спортзалының да тозығы жетіп тұр. Кезінде ауылдың қақ ортасынан медпункт үшін салынған нысан осыдан біраз жыл бұрын тұрғын үй ретінде әлдебір маманға берілгендіктен, медпункт совхоздың мал қорасының іргесіндегі бұрынғы малды ұрықтандыру – мал сою лашығына көшірілген.  Көңілге демеу болар бір ғана жайт, Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміровтің айтуына қарағанда, Қызылжар «Қаладан ауылға!» бағдарламасының тізіміне енген көрінеді. Бұл бағдарлама бойынша Қызылжар ауылына көшіп баруға ықыласты отбасыларды баспана және жұмыспен қамту, сондай-ақ кәсіпкерлердің көмегімен алдарына азын-шоғын болса да мал салып беру мүмкіндігін қарастыру көзделген.

Күнзила Қауынова, Қызылжар негізгі мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

– Өмір сүруге қолайлы, шаруаға жайлы, табиғаты көркем Қызылжардай ауылды қайта түлету керек. Біздің ауылда жастар жоқ емес, бар. Тек олардың рухани-мәдени демалыс тұрғысынан барар жері, ашар есігі жоқ. Клубымыз әбден тозығы жетіп, жермен-жексен болды. Кітапхана заман талабына сай емес, тым ескі әрі суық. Мектептің өзі де, спортзалы да тозып тұр. Ауыл жастарының осындай жағдайын күн сайын көріп жүріп, ауылдас іні-сіңлілеріміз, ұл-қыздарымыз идеологиялық тұрғыдан адасып, жат діни ағымдарға арбалып-алданып, азып-тозып кетпесе екен деп уайымдаймыз...

Айтпақшы, біздің ауылға отбасыларымен көшіп келгендеріне үш-төрт жыл болса да, әлі күнге дейін көтерме-ақыларын ала алмай жүрген әріптестеріміз бар. Мысалы, биология пәнінің мұғалімі Несібелі Бердібекова 2020 жылы, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің мұғалімі Айнұр Исанова 2022 жылы көшіп келді. Балалы-шағалы қос педагогтің екеуі де тиісті құжаттарын түгел тапсырған, алайда көтермеақылары әлі қолдарына  тиген  жоқ.

Шағатайлықтардың шағымы

Шағатай – Теректі ауданына қарасты ірі елді мекендердің бірі. Қазірдің өзінде аталмыш ауылда 259 түтін, 1020 тұрғын бар. Мектеп, кітапхана, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория секілді әлеуметтік нысандар жүйелі жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар көкейкесті мәселелер де баршылық.  Мысалы, балабақша күрделі жөндеуді қажетсінеді. Сосын ауыз су проблемасы...

Кенжеғали Қожабергенов, Шағатайдың  тұрғыны:

– Бірнеше жылдан бері сапалы ауыз суға зар болып келеміз. 2011 жылы ауылымызға «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында су құбыры тартылған еді. Бірақ 3-4 жылдан кейін су жинайтын резервуардың сүзгілері істен шығып, содан бері ащы суға «қарықпыз». Мұндай суды адам түгілі, мал да ішпейді, әрі ащы болғандықтан бау-бақша суаруға да жарамайды.

Енді бір айтпағым, имам-молдалардың дені бүгіндері марқұм болған кісіге Құран шығару үшін бір қойдың құнын, яғни 70-75 мың теңге сұрайтын болды. Бұл қаншалықты шариғатқа және адамгершілікке сәйкес? Онсыз да ет жақыны өмірден өтіп, қайғы-қасіреттің құрсауында отырған адамнан, жанұядан қазіргідей қымбатшылық ушығып тұрған кезде әлгіндей қарайған ақша талап ету қаншалықты ақылға сыйымды, көңілге қонымды?!.

Рүстем Мүтиев, Шағатай  ауылдық округінің әкімі:

– Резервуардың сүзгілері істен шыққандығына бірнеше жылдың жүзі болғаны рас. Бұл жағдайдан «Теректі таза су» коммуналдық мекемесінің басшылығы хабардар. Мәселенің қашан шешілетіндігін өз басым тап басып айта алмаймын...

Самат қажы Қанатқалиұлы, Батыс Қазақстан облысының бас имамы:

– Өмірден озған, дүние салған марқұмға Құран-хатым шығару үшін мешіт әкімшілігі немесе дінбасылар тарапынан нақты ақша, кесімді баға ешқашан белгіленбейді. Әлгіндей діни рәсімді атқаруға діни сауаты жететін имам-молдалар Құран-хатым шығарғаны үшін марқұмның бала-шағасының немесе жанашыр ағайын-туыс, дос-жаранының бергенін алуы, соны қанағат тұтуы тиіс. Осының өзі сауап ретінде жазылатын амал, сауап ретінде қабылданатын ізгі іс-әрекет.

Бауыржан Ғұбайдуллин,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале