30.10.2024, 9:15
Оқылды: 220

Жайықбайдың жанайқайы. Қазақстан, ІІ Шежін және Мереке ауылдық округтерін қамтитын каналдың бүгінгі жай-күйі қандай?

Тасқала ауданына қарасты Қазақстан, ІІ Шежін және Мереке ауылдық округтерін қамтитын аталмыш каналдың бүгінгі жай-күйі қандай? Ұзындығы 45 шақырымға жуық канал шаруалар үшін несімен маңызды? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде тақырыптың күрмеуін тарқатқымыз келген еді.

ЖАЙЫҚБАЙ КАНАЛЫ

Аудан аумағында мал және егін шаруашылықтары үшін маңызды жерлер баршылық. Солардың бірі – Жайықбай каналы. Оның маңыздылығы жөнінде тарқатып айту үшін алдымен мамандардың пікірін тыңдайық. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіровтің мәлімдеуінше Тасқала ауданының теңгерімінде (баланс) 1975 жы­лы салынған «Жайықбай» су арнасы бар. Жер телімі – 448,3 гектар.

Жайықбайдың жазғы көрінісі

– Бұл суармалы канал Қазақстан (148,65 га), ІІ Шежін (201,65 га) және Мереке (98,0 га) ауылдық округтерінің аумақтары арқылы өтеді. Аталмыш каналдың ұзындығы – 44,9 шақырым. Оған су Киров-Шежін каналынан жеткізіледі. Канал бойында 19 тоған, 17 бір нүктелі шлюз және 5 көпір бар. Төменгі жағындағы ені – 2 метр. Сонымен қатар 2-4 шақырым қашықтықта орналасқан 4 тоған және жеткізу арналары да бар. Сонау 1980 жылдары ауыл шаруашылығында көшпелі мал шаруашылығы, әсіресе қой шаруашылығы дамып, Жайықбай суландыру каналы үш ірі қой шаруашылығының (Қазақ КСР-нің 40 жылдығы атындағы қой совхозы, Шежін қой совхозы және Н. Крупская атындағы қой совхозы) 90 мыңнан астам малын сумен қамтамасыз еткен. Тоқсан мың деген аз көрсеткіш емес, әрине. Қазіргі уақытта бұл каналды жөндеу қажет.

Каналды өсімдіктерден тазарту, топырақ қоршауын нығайту, өтпелі көпірлерді жөндеу, шлюз орнату, тоғандарға жеткізу арнала-рын тазарту және түбін тереңдету секілді жұмыстар баршылық. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге аудандық бюджеттен 12,8 млн теңге бөлінді. Каналды қайта қалпына келтіретін құрылыстың жалпы сметалық құны – 1 млрд 659 млн 549 мың теңге.

Киров-Шежінде су бар, Жайықбайда су жоқ

«БҚО, Тасқала ау­данының Жайықбай каналын қайта құру» нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттама жобасын түзету» жұмыс жобасына 2023 жылдың 10 қарашасында №OREXGR-0078/23 са­раптаманың оң қорытындысы шықты. Бас жобалаушы – «Уралводпроект» ЖШС. Өңірде жазда шалғай жайылымдарда ұсталатын ауыл шаруашылығы малының барлық түрінің саны жылдан-жылға артып келеді. Суару арнасының бойында 22 шаруа қожалығы мал жайып, шөп дайындайды. Ал 26 шаруа қожалығы жақын маңда, яғни 2-4 шақырым қашықтықта орналасқан. 48 шаруа қожалығында жазғы уақытта 8-8,5 мың басқа дейін ірі қара, 11 мың бас ұсақ мал және 2,7 мың бас жылқы алыс жайылымдарда ұсталады. Төрт шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие. Бұлар – «Ақжайық» жартылай биязы жүнді қойын өсірумен айналысатын Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, қазақтың ақбас және герефорд тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысатын «Болашақ», «Армат» және «Жұмалы» шаруа қожалықтары. Соңғы жылдары 31 шаруа қожалығы 14 доңғалақты трактор, 28-ден астам түрлі тіркеме мен шөп жинауға арналған техника (орақтар, тырмалар, тайлағыш) сатып алды. Волжанка мен І Қисықсайда, ІІ Қисықсай, ІІІ Қисықсай және Аққұс секілді қыстақтарда үш тұрғын үй және жеті мал шаруашылығы ғимараты бар. Жер асты тұщы суының жетіспеушілігі, ағаштар мен бұталардың шамадан тыс өсуі, түбінің балшықтануы ауыл шару-ашылығы жануарларының дамуы мен көбеюін шектейді. Бұл жайт тоғандарда бұлақ суларының жиналуына және сақталуына мүмкіндік бермейді. Экономикалық тиімділік тұрғысынан алғанда, келешекте канал қалпына келтірілсе, ірі қара мал басын 15-20 мыңға, ұсақ малды 30-35 мыңға, жылқы санын 8-10 мың басқа дейін жеткізуге болады, – деді бөлім басшысы Самиғолла Рахметоллаұлы.

Сала мамандарынан ақпарат алған соң, Жайықбай каналын жағалай қоныстанған шаруалардың да пікірлерін тыңдап көрдік. «Расул» шаруа қожалығының басшысы Арман Биғалиевтің айтуынша, биыл Жайықбай каналына су жақсы келген. Десе де, бұл жағдай жылда қайталана бермейді дейді. «Жыл сайын тегін судың өз еркімен ағып келмесі анық. Сондықтан Жайықбай каналы тазартылып, мол су қоры жіберілсе, малға да, жанға да қолайлы болар еді. Оны жағалай қоныстанған бірнеше шаруаның жағдайы жақсарар еді. Әсіресе ет, сүт, қаймақ, май, ірімшік және айран секілді табиғи өнімдерді өндіру көле­мі артады. Каналдың іргесіне егіл-ген бау-бақша өнімдері де ауыл жұртын толықтай қамтуға жетер еді. Халқымыздың «Елде болса ерінге тиеді» деген сөзі тегін айтылмаса керек. Мал төлдетіп, өнім өндіріп, оларды саттыққа шығарып отырса, керемет емес пе?! Шаруалардың әңгімесін тыңдасақ, көпшілігі судан таршылық көріп отырғандығын айтады. Сондықтан судың мәселесі шешілсе, шаруашылықтар қанат жаяр еді», – дейді қожалық иесі. Арманның сөзін малын бағып, шаруасын жүргізіп отырған Санжарбек Сағынов та қолдай кетті. «Жайықбай каналының қазіргі жағдайы адам аярлықтай. Каналды шөп басып кеткен, – деді «Аманат» жеке шаруа қожалығының басшысы Санжарбек Сағынов, –  каналдың қасынан өзімізше бөгет қазып қойғанбыз. Алайда бөгеттің бағыты биіктеу болып, бөгетке су келмей тұр. Сондықтан мамандардың ақыл-кеңесі қажет. Қасымыздағы бөгеттер­дің суы күзге жетпей кеуіп қалып жатыр. Құдық қазсақ, ащы су шығып, малға пайдасы болмай тұр. Алдағы уақытта осы олқылықтардың бәрі шешілсе екен».

Жайықбай каналы

Мақаланы дайындау барысында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті Жайықбай суландыру каналының қазіргі жай-күйіне қатысты жолдаған хатымызға жауап берді. «Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Қазақстан, ІІ Шежін және Мереке ауылдық округтерінің аумағында орна-ласқан Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің Киров-Шежін каналының 701 пикетінен бастау алатын Жайықбай суландыру каналына реконструкциялау жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Аталған канал «Тасқала ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде. Канал бойынша жобалық-сметалық құжаттама жергілікті бюджет есебінен әзірленген. ҚР Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы №85 бұйрығына сәйкес аталған нысанды қабылдап алу-беру актісін бекіту үшін Батыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне жүктелді. Қазіргі таңда Жайықбай суландыру каналын және жобалық-сметалық құжаттамасын «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының теңгеріміне беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Каналды қалпына келтіру жобасын іске асыру «Ислам Даму» банкі қарызы есебінен қарастырылады» делінген хатта.

Аталмыш канал жандандырылса, мал санының артуына, қосымша қыстақтарды ашуға, жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға, жа­ңа жұмыс орындарын ашуға мүм­кіндік болады. Ауданның үш округін қамтып жатқан Жайықбай каналына қатысты жоғарыда аталған құзырлы мекемелердің жауабы жуық арада іс­ке асса, тасқалалықтардың қуанышында шек болмас еді.

Темірболат Әнуар

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале