26.09.2020, 18:13
Оқылды: 42

Жайықта Жұбан ақынға ескерткіш орнатылды

Облыста Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар өтуде. Мерейтойлық шаралар аясында Ақ Жайықта ақынның ескерткіші салтанатты түрде ашылды.

IMG-20200926-WA0010

Алаш жұртының айбынына айналған ақын ескерткішінің салтанатты ашылуына қаламгердің жары Софья Молдағалиева, ақиық ақын Қадыр Мырза Әлидің зайыбы Салтанат Мырзалиева, актер Асанәлі Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Жүрсін Ерман, сазгер Алтынбек Қоразбаев және басқа да елімізге белгілі ақын-жазушылар мен сыйлы қонақтар қатысты.

Ашылу рәсіміне қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Жайық жұртын Жұбан ақынның 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

«Биыл қазақтың ақиық ақыны, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Жұбан Молдағалиев – төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер. Ол – ұлтжандылық пен отансүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп, еліне адал қызмет еткен қоғам қайраткері. Аса көрнекті ақын еліміздің бірқатар басылымдары мен Жазушылар одағын басқарып, әдебиет пен ақпарат саласын дамыту жолында аянбай еңбек етті. Жұбан Молдағалиев Отанға деген ыстық махаббат пен ерекше сүйіспеншілікке толы туындылары арқылы тұтас халқымыздың рухын асқақтатты. Әсіресе, оның «Мен – қазақпын!» атты поэмасы ұлттық ерекшелігімізді айшықтап, қанымызға сіңген асыл қасиеттерімізді дәріптейді. Сондай-ақ қазақтың намысын жанып, елдікке шақырады, ерлікке үндейді. Халқымыз Жұбан Молдағалиевтың қоғамды дамыту мен әдебиетімізді өркендетуге сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды. Ел тарихында өшпес із қалдырған біртуар тұлғаның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі бола береді деп сенемін», - деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

IMG-20200926-WA0009

Бұдан кейін облыс басшысы ақынның мерейтойлық шарасына Ақ Жайыққа арнайы келген жары Софья анамызға алғысын білдірді. Өз кезегінде Софья Мәлікқызы Жайық жұртына деген ыстық ықыласын жеткізіп, игі істердің ұйытқысы болған облыс және қала басшылығына алғысын білдірді.

- Мен Жұбанның туған жеріндегі 100 жылдық мерейтойына қатысу үшін карантин талаптарын сақтап, осы күнге дейін денсаулығымды күттім. Нәтижесінде Ақ Жайықта үлкен жұмыстар атқарылғанына куә болудамын, – деді ақынның жары.

Тас тұғырға қонып, халқына рух беріп тұрған еңселі ескерткішті ашу рәсімі Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевке және ақынның жары Софья Молдағалиева мен өлкетанушы Жайсаң Ақбайға берілді.

Салтанатты шарада Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, ескерткіш авторларының бірі, сәулетші Серік Рустамбеков, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, ақын Сағынтай Бисенғалиев құттықтау сөз сөйледі.

Ескерткіштің авторлары, елордалық мүсінші-сәулетшілер – Серік Рустамбеков пен Ербол Зиябеков. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр. Ал 1,7 метрлік тұғырнама табиғи граниттен жасалған.

Салтанатты шара соңында кеш қонақтары мен жиналған қауым ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Бұдан кейін қала қонақтары Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақынның мерейтойына арнап ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале