21.08.2022, 16:51
Оқылды: 205

«Жайықтың арыстары – қазақтың барыстары» - палуандар белдесті

Тұңғыш Президент саябағында ұлт спортының жанашырларының басы қосылып, көпшілікке қазақ күресі мерекесі ұйымдастырылды. Спорт күні мерекесіне орайластырылған байрақты дода өңір намысын талай бәсекеде қорғап, чемпион атанған және шәкірт тәрбиелеп, әлемдік додаларда атой салған палуандардың томағасын сыпырған Еңсеп Досқалиев, Асқар Шайхиев, Оралбек Қожагелдин, Батыр Қуанышев және Қайрат Абрахманов сынды атағынан ат үркетін азаматтардың рухына арналды.

20220820_204045

«Жайықтың арыстары – қазақтың барыстары» атты республикалық турнирге облыс аудандары мен еліміздің бірнеше облысынан келген атан жілік, бура сан палуандар қатысты. Сонымен қатар облыстық «Бала барысы» турниріне келген жас бозкілем шеберлері де көпшілікке өз өнерін көрсетті.
Ұлт күресін ұлықтап, қазақпен бірге жасасып келе жатқан саф өнерге деген қызығушылықты арттыруды және қазақ күресімен айналысушыларға қолдау көрсетуді мақсат еткен жарыстың ашылуына БҚО әкімі аппаратының басшысы Абат Шыныбеков, облыстық спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, спортшылар мен сала ардагерлері қатысты.

- Қазақ елінің тұңғыш түйе палуаны атанған Еңсеп Досқалиев, «Сырым» спорт мектебінің негізін қалаушы Оралбек Қожагелдин, самбодан әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері Асқар Шайхиев, Қайрат Абдрахманов, Батыр Қуанышев сынды ел мерейін асырған алдыңғы буын ағалардың есімін ұлықтап, оларды еске алуға арналған жарысты ұйымдастыру дәстүрге айналды. Ересектер мен ардагерлер ғана емес, жасөспірімдер де өнерін көрсетіп жатқаны қуантады. Өйткені бұндай шаралар спорттың, соның ішінде қазақ күресінің дамуына ерекше серпін береді. Бәсекенің жағрапиясы кеңіп, қатысушылардың көбейгені де жақсылықтың нышаны. Бағы мен бабы қатар шапқан шын мықты жеңіске жетсін, - деді жиналған ағайынға ақжарма тілегін жеткізген БҚО әкімі аппаратының басшысы Абат Шыныбеков өз құттықтауында.

Кейін облыстық спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров та жиналғандарды спорт күні мерекесімен құттықтап, сала дамуына сүбелі үлес қосқан жерлестерімізді марапаттады. Алдымен БҚО үстел теннисі құрамасының аға бапкері Сарвара Назарова, Бөрлі ауданының дене шынықтыру бөлімінің басшысы Армат Исанов пен Орал қаласының дене шынықтыру бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталса, Орал спорт клубының директоры Есқабыл Жалмурзиев, облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Есенгелді Айсағалиев, БҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының құрметті президенті Бауыржан Бегайдаров «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленді.

Сонымен қатар бір топ спортшылар мен бапкерлер және сала ардагерлеріне облыс әкімінің алғыс хаты мен биыл алғаш рет тағайындалған «Батыс Қазақстан облысының үздік спорт қызметкері» төсбелгісі тағылды.

Салтанатты шара барысында Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев Еңсеп Досқалиев палуанның ұрпақтарына құрмет көрсетіп, оның шөберелерінің иығына шапан жапты.

Кейін сахна төріне палуандар көтерілді. Алдымен көпшілік облыстық «Бала барысы» турнирінің үздіктерін анықтады. Аталмыш бәсекенің қола жүлдесі тасқалалық Темірлан Асылбековке, екінші орын оралдық Әлішер Қайырлыға бұйырды. Ал өңірдің «Бала барысы» атағын тағы бір оралдық жас шебер Ержас Мағзомов жеңіп алды.

IMG-20220821-WA0010

Одан бөлек, күрес мерекесінен боз кілем ардагерлері де шет қалмады. Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейтінін көрсеткен күрес ардагерлері көпшілікке нағыз спорт мерекесін сыйлады. Алдымен 66 келіден төмен тартатын 60 жастан асқан ардагерлер шықты боз кілемге. Бұл жарыстың екінші жүлдесін Сансызбай Төлегенов иеленсе, бас жүлдені Қазболат Құрмашев жеңіп алды. Одан соң 82 келіден төмен тартатын алпыстан асқан палуандар бәсекесі оздырылды. Бұл жарыстың финалында теректілік Баймолда Кубашев пен оралдық Ғабиден Мырзағалиев кездесті. Қорытындысында Орал қаласының намысын қорғаған Ғабиден палуан жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінді. Одан бөлек, 50 жастан асқан палуандардың жарысы да шараға ерекше көрік берді. Бұл бәсекенің қола жүлдесін Мұрадым Әубакіров, күміс жүлдесін Қобыланды Қыдырниязов иеленсе, чемпион атағы Тілек Кәкеновтің қанжығасында кетті.
Күрес мерекесінің сәнін алпыстан асып, жетпіске аяқ басқан ардагер палуандардың бәсекесі кіргізе түсті. Қорытындысында үшінші орын Айтбай Тастайбековке, екінші орын теректілік Ескендір Ибрашевке бұйырса, Қарағанды облысының намысын қорғаған Болат Манабаев ардагерлер бәсекесінің «Түйе палуаны» атанды.

Осылайша артындағы інілері мен алдындағы ағаларының күресі аяқталған соң сахнаға еліміздің әр аймағы мен аудандардан келген түйе палуандар шықты. Жиналған ағайын да апайтөстерін күткендей қиқулай жөнелді. Қызықты бәсеке қорытындысында «Жайықтың арыстары – қазақтың барыстары» республикалық турнирінің ересектер арасындағы жарысының қола жүлдесі Сырым ауданының атынан шыққан Нұрсұлтан Мырзағалиевке, күміс жүлдесі ақтөбелік Еламан Қойшыбаевқа бұйырса, жерлестерінің үмітін атауға тырысқан бөрлілік палуан Темірлан Көлбай «Түйе палуан» атағын қанжығасына басты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы белдікпен марапатталды. Ал түйе палуан атанған жігіттерге қомақты сыйақы берілді.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале