Бүгін мекеме басшысы Бауыржан Халиолла әріптесіміз, «Жайықтың Жансаясы» атанған айтыскер ақын Жансая Мусинаны мерейлі жасымен құттықтады.

Мекеме басшысы республикалық «Алтын домбыра» мен «Асыл домбыраны» қатар иеленген, Жайық жұртшылығының ғана емес, мұқым қазақ елінің сүйікті ақынына айналған Жансая Ғалымжанқызына облыс әкімінің өткен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған құттықтау хатын және ұжым атынан құттықтау хат, естелік сыйлық, гүл шоғын табыс етті.

Айта кетейік, Ж.Мусина күні кеше ғана Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында, өр Алтайтың төрінде жазушы, драматург Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Қарасөздің қарагері - Қалихан» атты республикалық ақындар айтысында ІІІ орын, «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» атты республикалық айтыстан ІІ орын иеленіп келген болатын.

Жансая Мусина өзіне құрмет көрсетіп, әрдайым қолдауын аямайтын ұжымға алғысын білдірді.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі