Таяуда осындай атаумен Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми кітапхананың оқу залында Маржан Ершумен кездесу кеші өтті. Ол – ақын, аудармашы, драматург, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

– Бұл кештің мәні, мағынасы бөлек. Маржан ханым, Ақжайық өңіріне қош келдіңіз! Сізді көзі қарақты оқырман тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде өнімді еңбектенген, қарымды қаламгер ретінде біледі. Кешеден бері сіз бен біз болып, жоғымызды түгендеп жатырмыз. Күй анасы – Дина туралы керемет қойылымды тамашаладық. Бала Динадан ана Динаға айналған шағын көз алдымызға келтірдік. Туындыңыз өміршең болсын! Сіздің шығармашылығыңызға толағай табыс тілейміз, жазар көбейсін дейміз, – деген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысының орынбасары Медхат Қамбетов кеш иесіне шапан жапты.
Кездесу кешіне Атырау өңірінен арнайылап қобызшы Ақнәр Тәттібайқызы, Атырау жастар театрының басшысы Әміржан Нұрланұлы, режиссер Алмат Шәріпов, «Парасат» орденінің иегері Нұргүл Жұбатова және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Маржан қолына қалам алып, елге танылғаннан бастап, елдің қамын жеген, елі үшін отқа да, суға да түскен, өнерімен елдің даңқын шығарған қаһарман тұлғаларды, жақсылар мен жайсаңдардың өнеге толы ғұмырын өлеңге арқау етіп келеді. Әдебиеттің барлық жанрында да өз қолтаңбасын қалдырған ақын қыздың әр туындысы – зергердің қолынан шыққан бұйымдай әдемі. Ой мен сезімі, парасат пен көркемдігі шеберлікпен өріледі. Кеше ғана көрерменге жол тартқан «Дина» қойылымы – соның бір дәлелі, – деді Атырау өңірінен келген ақын Гүлзада Ниетқалиева.
Сондай-ақ аталмыш шарада Маржан Ершудың бес кітабының тұсауы кесілді. Лента қию құрметі өңіріміздің талантты ақыны Айтқали Нәріков пен жазушы Мира Шүйіншәлиеваға табысталды.
Әдеби шара соңында Маржан Ершу жыр сүйер қауымға арнап өлең оқып, рухани кешті әсерлі жыр шашумен аяқтады.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»