Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Үкіметі азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында экономиканы дамытудың әртүрлі сценарийлерін қарастыруда. Басымдыққа ие 7 бағыттың бірі Қазақстанды әлемдік азық-түлік хабы ретінде қалыптастыру болып табылады. Қазақстанда елдің азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың арқасында аграрлық сектор біртіндеп «экономиканың жаңа драйвері» мәртебесіне көшуде. АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес елдің экспорттық әлеуетін арттыру үшін жуық арада Қазақстан Республикасының аграрлық секторында мал шаруашылығы өнімдері (ет, сүт) және өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру басымдыққа ие болатын болады.
2020 жылғы қаңтар-тамызда Қазақстаннан $38,4 млн құрайтын 17 мың тонна ет және ет өнімдері экспортталды. Ет пен сүт өндірісін ұлғайту мәселесін шешу үшін мал азығы өндірісін қарқынды дамытуға қол жеткізу қажет. Еліміздің ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мал басын өсіруге ден қойды. Мәселен, 2020 жылдың 1 қаңтарында 7,5 млн бас ірі қара мен 19,8 млн бас қой тіркелген. Алайда мал азығына деген қажеттілік бұрынғысынша толық қанағаттандырылмайды және бірқатар шаруашылықтарда олармен қамтылу зоотехникалық нормалардан 20-30%-ға төмен. Әрине, мал шаруашылығын одан әрі дамыту көптеген маңызды факторлармен қатар сапалы жем-шөп базасына, заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізуге байланысты.
Қазақстан Республикасында мал шаруашылығын дамытуға арналған тиісті алғышарттары мол. Бұл – табиғи мал азығы алқаптарының және пайдаланылмай жатқан жайылымдардың болуы, мал шаруашылығының аз шығынды жайылымдық технологиясы. Сонымен қатар мал шаруашылығы ата-бабамыздың ежелден келе жатқан кәсібі. Осының бәрі жиылып Қазақстанның әлемдік нарықта маңызды орны бар және бәсекеге қабілетті елге айналуына мүмкіндік қоса түседі. Сондықтан табиғи жайылымдардың өнімділігін арттыру басымдыққа ие міндет екені анық.
Батыс Қазақстанның аумағында, әсіресе облыстың оңтүстік аудандарында күйзелген және орныққан құм бекіністері, дөңес аралық және қыр аралық тақырларға айналған, сортаңданған, түрлі шөптер мен шалғындықтар басқан ойпаттар мол. Бұл аумақта антропогендік іс-әрекет өсімдік жамылғысының, оның түр құрамының және өнімділігінің өзгеруіне айтарлықтай ықпал еткен деуге болады. Атап айтқанда, эрозияланған және күйзелген жайылымдар ауданы күрт өсіп, жайылымдарға түсетін жүктеме артып, мал азықтық сыйымдылық пен мал сапасының сапасы нашарлады. Бұл жерде жайылымдар жалпы аймақ ауданының 80%-ын алып жатыр. Олар мал шаруашылығының, яғни ауыл шаруашылығының басты бағытының бастапқы базасы мен материалдық негізі болып табылады.
Алайда соңғы жылдары күшейіп кеткен жайылымдарға түсетін жүктеме табиғаттағы тепе-теңдікті теңселтіп, семиаридтік және аридтік экожүйелер осал тартып, күйзелуге және шөлейттенуге бейім бола түсуде.
Сонымен қатар, соңғы жылдары тез экономикалық пайда табу мақсатында көптген фермерлер жайылымның топырақ және өсімдік жамылғыларының жәй-күйін ескермей жайылымды қарқынды да ретсіз пайдаланып, жайылымға артық жүктеме түсіріп отыр.
Осының барлығы жайылымдардың күйіне әсер етпей қоймайды. Бұл үрдістер мал шаруашылығының жағдайын нашарлатып, халықтың тіршілік ету ортасындағы тұрақтылықты бұзып, мазасыздық туғызып, аридтік жайылымдардың күйіне талдау жасауды, күйзелу себептерін анықтауды және жайылымдық экожүйелердің негізгі типтерінің ерекшеліктерін ескере отырып, саналы пайдаланудың тиімді шараларын қабылдауды талап етеді.
Батыс Қазақстан облысының жартылай шөлейтті аймағында шөлейттену процестерінің қарқынды дамуы адамның антропогендік шаруашылық қызметімен тікелей байланысты. Бұл ең алдымен, жайылымдық жерлерге малдың шамадан тыс жайылуы, мал жаюдың оңтайлы мерзімдерінің сақталмауы, тәлімі егістік жерлерде де, жайылым учаскелерінде де эрозияға және дефляцияға қарсы іс-шараларды сақтамау, аридтік экожүйелерге техногендік әсер ету және т.б.
2000 жылдардан бастап еліміздің экономикалық әл-ауқатының өсуі нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының негізгі мал шаруашылығы аудандарында ауыл шаруашылығы мал басының күрт өсуі тағы да байқалды. Бұған көптеген қаржыландыру бағдарламалары бойынша ауылшаруашылық құрылымдарының мемлекеттік қосалқы қызметі септігін тигізді.
ҚР АШМ 2015 жылғы 14 сәуірдегі №3-3/332 бұйрығына сәйкес ҚР АШМ бұйрығымен жайылымдарға ауыл шаруашылығы жануарлары түрлері жүктемесінің шекті рұқсат етілген нормасы бекітілді.Рұқсат етілген норма бойынша Батыс Қазақстан облысының қорындағы жайылымдық алқаптарына малдың түрлерінің түсіретін орташа жүктемесі 1 басқа 8,5-10,8 га мөлшерін құрайды.
Батыс Қазақстан облысының жайылымдарында мүмкін жүктеме 0,10-0,24 шартты бас, 1 га нақты жүктеме 0,16-0,30 деңгейінде. Мүмкін деңгейге қатысты мал жаюдың нақты жүктемесі 33,33-82,60% шамасын құрайды.
Жоғары жүктеме аймағында облыстың Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарының жайылымдары бар екенін ескеру қажет. Бұл климаттың өзгеруі және жер ресурстарын пайдаланудың сақталып отырған тәсілдері кезінде неғұрлым айқын көрінетін қосымша теріс әсерлерді тудырады.
Шөлдердің жайылымдық экожүйелері өте осал және кез-келген антропогендік әсерге, әсіресе шамадан тыс жүктемеге төзімсіз екені белгілі. Облыстың жайылымдарында бұл процесс өте белсенді жүріп жатыр. Себебі-мал жаюдың артық жүктемесі.
Антропогендік жүктеменің салдарынан БҚО аумағында өсімдік фитоценоздарының жай-күйінің нашарлау процестері байқалады, бұл 2000 жылғы маусым мен 2020 жылғы маусым кезеңіндегі Terra (MODIS) сериялы жерсеріктерден алынған ғарыштық суреттердің деректерімен расталады.
Ғарыштық түсірілімдердің деректерін талдай отырып, 2000 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде өсімдік жамылғысының күйзелген процестерінің белсенділігін сипаттайтын қарастырылып отырған аумақтың өсу жамылғысының жағдайында айтарлықтай өзгерістер болды деген қорытынды жасауға болады.
«Қалыпты» деңгейіне сәйкес келетін өсімдік жамылғысының ауданы 2000 жылмен салыстырғанда 2020 жылға қарай 946 629 гектардан 102 129 гектарға дейін кеміді. «Қалыпты» санатындағы алқаптардың үлес салмағы облыстың жалпы ауданының небәрі 0,68%-ын құрайды. Бұл ретте өсімдік жамылғысы күйзелген жер ауданының едәуір ұлғаюы орын алды, «апат» деңгейі 2000 жылғы 3 078 350 гектардан 2020 жылы 7 808 284 гектарға ойысты. Егер 2000 жылы «апат» деңгейіндегі алқаптар барлық ауданының 20,39%-ын құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 51,73%-ға дейін артты.
«Дағдарыс» деңгейі ауданының үлес салмағы 8 078 1378 га-дан немесе 2000 жылғы барлық алаңның 53,52%-нан 6 378 250 га-ға дейін немесе 2020 жылы барлық алаңның 42,25%-на азайды.
«Тәуекел» деңгейі бар өсімдік жамылғысының ауданы 2000 жылғы 2 991 580 гектардан 2020 жылы 806 033 гектарға дейін немесе 73,05%-ға азайды.
2020 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша алынған ғарыштық түсірілімдер деректеріне сәйкес Батыс Қазақстан облысы аумағының жиынтық ауданының 51,73% немесе 7 808 284 га «апат» деградациясы деңгейінде немесе өте қатты тапталған жерлер, 42,25% немесе 6 378 250 га «тәуекел» деградациясы деңгейіне - қатты тапталған, 5,34% немесе 806 033 га «дағдарыс» деңгейіне - орташа тапталған және тек 0,68% немесе 102 129 га «норма» деңгейінде тапталмаған немесе аз тапталған жерлер бар.
Сапалы және ұтымды пайдалану мәселелерін шешу үшін жайылымдарда малдарды жаюдың қалыпты технологиясын қолдану қажет. Қалыпты мал жаю технологиясының негізгі қағидаты – жайылымдық кезеңде тіршілік әрекеті нәтижесінде топырақтың физикалық-химиялық көрсеткіштерін жақсартуға ықпал ететін өсімдіктердің жылдық өнімінің тек 65-75%-ын пайдалану. Бұл мал жаю технологиясы негізінен шаруашылықтарда малды жайылым айналысын ұйымдастыру арқылы бағу негізінде жүзеге асады. Сонымен қатар, қалыпты мал жаю техноогиясын қолдану үшін мүмкін болған жағдайда маусымдық жайылымдарды (жаздық, қыстақ, күздік) пайдалану ұйымдастырылуы тиіс.
БҚО жайылымдарының қара-қоңыр типті топырақтары малды қалыпты жаю технологиясын қолдана жайғанда морфологиялық, агрофизикалық және агрохимиялық көрсеткіштерін сақтап қалды.
Қалыпты мал жаю технологиясы қарқынды мал жаю технологиясымен салыстырғанда қара-қоңыр типті топырақтардың тығыздалуын 3,65-7,24%-ға, топырақ құрамындағы агрономиялық құнды агрегаттардың азаюын 3,26-11,85%-ға төмендетіп, топырақтағы гумус қорының азаюын 4,47-9,80 т/га аралығында тоқтатты, топырақ құрамындағы жылжымалы фосфор мен нитратты азот және алмаспалы натрий мөлшері қалыпты деңгейде болды. Бұл технологияны пайдалану топырақ күйзелісіне жол бермейді.
Қалыпты мал жаю технологиясын пайдалану БҚО жайылымдарының өсімдіктер жамылғысының көрсеткіштерін жақсартты, өнімділік құрғақ зат есебімен 5,39-12,64 ц/га аралығына дейін артты.
Қалыпты мал жаю технологиясы шаруашылық тұрғысында да тиімді экономикалық көрсеткіш көрсетті - әрбір мал басынан қосымша түскен табыс 31 200 теңгені құрады.
Мал жаю технологиялары жайылымдардың өсімдіктер және топырақ жамылғыларының жай-күйіне әсер етеді. Батыс Қазақстан облысының жағдайында жайылымдардың топырақ қабатын қорғау және өсімдіктер өнімділігін сақтап қалу үшін малды бағудың қалыпты технологиясын пайдалану қажет, яғни жайылыс кезінде малға жайылым өсімдіктерінің жалпы жылдың өнімділігінің 65-75% жегізілуі тиіс.
Жайылымдар топырақ қабатын қорғау және өсімдіктер жамылғысын ұтымды пайдалану үшін беткі жақсарту, жайылым айналымын ұстану сияқты жайылымдарды күтіп, тиімді ұстау бағытындағы агроамалдарды ұйымдастыру ұсынылады.
Бейбит Насиев,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті
Асхат Беккалиев,
магистр, PhDдокторант
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан
аграрлық-техникалық университеті