Қым-қуыт өмірдің ала-құла, соқтықпалы-соқпақсыз жолымен жұмыс, оқу, әйтеуір бітпейтін тірлік деп жүріп, айналамызда болып жатқан игі істерді байқамай, өзіміз де жақсылық жасауды ұмыт қалдыратынымыз жасырын емес. Әр нәрсенің бастауы – жақсылық десек, жақсылық жасау ниет пен жүректің тазалығынан туындайтыны даусыз. «Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды» демекші, расында өзгеден жақсылық көргеннен гөрі, біреуге жақсылық жасаған әлдеқайда жанға жылу сыйлайды. Бүгінде осындай жақсылықтың жаршылары болып жүрген жандар аз еместігі көңіл қуантады.
Былтырғы жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Волонтерлер жылы деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда өңірімізде БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық тарапынан еріктілер еліміздегі орын алған қиындықтарға қарамастан, көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуда. Осыған байланысты облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан volunteer07.kz сайты құрылып, «Медицина», «Экология», «Әлеуметтік», «Медиа», «Оқиғалы», «Жануарлармен», «ТЖ волонтерлік», «Мәдени», «Донорлық», «Спорттық», «PRO BONO және зияткерлік волонтерлік», «Корпоротивтік», «Виртуалды» және «Этноволонтерлік» секілді 15 бағыт бойынша жұмыстануда. Сайтқа қала және аудандар бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы 10 мыңнан астам адам волонтер ретінде тіркелді. Оның ішінде 8 волонтер «алтын» (64 жастан асқандар), 34 волонтер «күміс» (50 жастан асқандар) және жастар. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, тәртіп сақтау, пандемияның өршуін алдын алу мақсатында құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп, волонтерлермен 1206 рейд жасалды. Орал волонтерлері тұмша жетіспеушілігі болған кезде облыс бойынша адамдар көп жиналатын орындарға және азық-түлік нарықтарына барып, жұмыс істейтін сатушыларға 130 мың тұмша (80 мың тұмша қолдан тігілді, 50 мың тұмша демеушілерден) және қорғаныс құралдарын таратты. Тұмшалармен халықтың әлеуметтік осал топтары да қамтамасыз етілді.
«BIRGEMIZ» taza-alem» жобасы аясында облыс аумағын қоқыстан тазарту және көгалдандыру бойынша 132,2 тонна қоқыс шығарылды. 9 мамыр – Жеңіс күніне орай волонтерлер өңірдегі соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, облыс әкімінің құттықтау шарасына онлайн-трансляцияда қосуылын қамтамасыз етіп, қажетті тұрмыстық көмектер көрсетті. Орал қаласында бір отбасыға үй сатып алынса, Қаратөбе ауданында бір үй толықтай жөндеуден өткізілді.
Коронавирус пандемиясы өршіген кезде өңірімізге Дубай, Катар және Қытайдан гуманитарлық көмек пен «Dauletten» және «Айдың нұры» қайырымдылық қорларынан бес оттегі концентраторлары жіберілген еді. Оны қоғамдық бақылау мүшелері қабылдап, «Ақжайық жастары» волонтерлері қаламыздың ауруханаларына жеткізді.
Сонымен қатар Ж.Молдағалиев атындағы кітапханада бүлінген, жыртылған кітаптар қалпына келтіріліп, Тасқала ауданы бойынша «Тегін такси» акциясы өткізілді. Бұған қоса облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұжымы №13 ЖОББМ оқушыларына бес планшет сыйлады.
Міне, өңірімізде жүргізілген осындай игі істерге қарай отырып, волонтерлердің қоғамда алатын орны ерекше екендігін, ұлт рухының мызғымас беріктігін, бірлік пен ынтымақтың, тұтастық пен тілектестіктің, шынайы ықылас пен бір-біріне деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсеткендігін білеміз. Ел еріктілер қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатынына сенім білдірді.
«Жақсылық – бұл кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі». Жақсылық жасай білейік, ағайын! Жамандық онсыз да көп...
Мәрзия Исайқызы,
zhaikpress.kz
Наргиза ЕСЕКЕШ,
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 2-курс студенті, «Ынтымақ» волонтерлік ұйымының мүшесі:
– Волонтерлік – жүрегіме жақын істердің бірі. Өйткені мен волотерлікпен мектеп жасынан бастап айналысып келемін. Студент атанғалы бері де колледждегі ұйымдардың ішінен осы ортаны таңдадым. Осы уақытқа дейін балалар және қарттар үйіне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты аналарға көмек көрсетіп келеміз. Осындай игі істерді атқарып жүргенде түрлі қызықты әрі жүрек елжіретерлік оқиғаларды бастан кешеміз.
Бірде ұйыммен қарттар үйіне концерттік бағдарламамен қариялардың көңіл күйін көтеру үшін барғанбыз. Жетекшіміз бізді қарияларға таныстырып жатқанда бір ата келіп, мені құшағына қысып, «Қызым, қашан келдің?» - деп арқамнан қағып, бетімнен сүйіп, бар мейірімін көрсеткен еді. Мен де атадан алыстамастан қасында әңгімемді айтып, біразырақ отырдым. Кейіннен жетекшімнен оның мені өз қызына ұқсатқандығын біліп, көзіме еріксіз жас келді.
Жақсылық жасауды біреулер алтын уақытты, ақшаны құр далаға кетіру, бостан-бос бөтен біреуге бере салу деп ойлайтыны шындық. Алайда жақсылық жасау материалдық көмек қана емес, керек кезде адамға сөзбен болсын демеу болып, оны тыңдай, қолдай білу екендігін естен шығармасақ екен...
Мейірбек БИСЕНҒАЛИЕВ,
«Ақжайық жастары» ұйымының волонтері:
– Волонтерлік – жүрек қалауымен қоғамдағы әлеуметтік жағдайы төмен жандарға қолдан келгенше ерікті түрде ақысыз көмек көрсету. Ерікті болу үшін адамдарға ниет білдіру, жаны ашып, есіркей білу, ашуды ақылға жеңдіре білу, командада жұмыс жасай білу ғана емес, адалдық, парасаттылық сияқты адамгершілік қасиеттер керек. «Басқаға қуаныш сыйлай білген жан – ең бақытты жан» дейді Дени Дидро. Біз басқаларға шынайы ризашылық сезім мен риясыз күлкі сыйлай алсақ, сол бізге алға тағы бір қадам жасауға күш береді. Өйткені біз қоғам үшін атқарылатын қызметтерді азаматтық борышымыз деп есептейміз.