Таразда мектепті жарып жібереміз деп жалған ақпарат таратқан екі оқушының ата-анасы 17 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Qazaqstan ұлттық арнасы.
Телеарна мәліметінше, екі оқушы «10 миллион теңге алмасақ мектепті жарып жібереміз» деп түнгі уақытта облыстық Білім басқармасының Telegram-ботына хабарлама қалдырған. Қаладағы №51 мектепте жарылыс болуы мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін барлық құзырлы орган мектептің жан-жағын жіті тексерген. Ақыры ештеңе табылмаған.
Артынша 8-сыныптың екі оқушысы сабақты болдырмау үшін осындай әрекетке барғаны анықталған. Оқушылар жалған хабарлама таратқанын мойындаған. Енді осы үшін олардың ата-анасы жауапқа тартылмақ. Оқушылардың ата-анасы 17 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелген.
Бұл дерек бойынша соталды тергеу амалдары басталған.