Масс-медиада жекеленген тұлғалардың тарапынан ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істер шеңберінде тергеу органдарының азаптауды қолданғаны туралы жалған ақпараттары таратылды, - деп жазады ҚР Бас прокуратурасы.

Олар ҚР ҚПК-да қарастырылған заңдытергеу әрекеттерін — жауап алуға қатысу, жауап алуды өткізу, сотпен үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау сияқты әрекеттерді қасақана азаптау ретінде көрсетіп отыр.
Осылайша әдейі қоғамды адастыруда.
Қазақстан заңнамасында азаптау ұғымы нақты анықталған. ҚР ҚК-нің 146-бабына сәйкес, азаптау — бұл лауазымды тұлға тарапынан тән зардабын немесе психикалық зардапты қасақана келтіру.
Бұл анықтама біздің елмен ратификациялаған БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясына, сондай-ақ Ыстамбұл хаттамасының нормаларына толық сәйкес келеді.
Қазіргі таңда прокуратура органдары тарапынан аталған қылмыстық істердің қатысушыларына қатысты тергеушілердің заңсыз әрекеттері немесе азаптау фактілері тіркелген жоқ.
Барлық процессуалдық әрекеттер ҚР ҚПК-ның нормаларын толық сақтай отырып жүргізілуде.
Сондықтан, аталған тұлғалар өзіне тиімді қоғамдық пікір қалыптастыру, құқық қорғау органдарының беделін түсіру және қылмыстық істерді толық, жан-жақты және объективті тергеуге кедергі жасау мақсатында жалған ақпарат таратуда.
Осыған байланысты, Бас прокуратура көрінеу жалған ақпарат тарату, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғаның қызметiне қандай да болмасын түрде араласу үшін қылмыстық жауаптылықтың көзделгені туралы алдын-ала ескертеді.