22 – 27 ақпан күндері аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті.
Облыстық кезеңге 504 оқушы жолдама алып, 14 пән бойынша 482 оқушы қатысты. 21-і денсаулығына байланысты қатыса алмады. Олимпиаданың әр кезекті күні аяқталғаннан кейін "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының және Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы «Дарын» қосымша білім орталығының сайттарында (ro.daryn.kz, zko.daryn.kz) қатысушылардың жұмыстары, пәндер бойынша шешімдері мен хаттамалары жарияланды.
Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша І орын - 34, ІІ орын - 59, ІІІ орын - 84, диплом - 73. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және медальдармен марапатталды. Командалық рейтинг бойынша І орынды Орал қаласының құрама командасы, ІІ орынды дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-лицей-интернаты, ІІІ орынды дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты еншіледі. Аудандар арасында жоғарғы көрсеткіш көрсеткені үшін Теректі ауданы дипломмен марапатталды.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі