Жамбыл Артықбаев – тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының толық мүшесі. Ғалым ХV-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік мәселелерін кеңінен зерттеді. Қазақстан тарихы, әлеуметтік антропология, этнография мәселеріне байланысты бірнеше оқу құралы мен ғылыми еңбектер, монографиялар жариялады. «ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік құрылымы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Профессормен этнография мәселесі, Ақжайық өңірі қазақтарының этногенезінің қалыптасу тарихы, салт-дәстүр ерекшеліктері туралы әңгіме-дүкен құрдық.
– Жамбыл Омарұлы, Батыс Қазақстан облысының этнографиясының ерекше-лігі неде? Кіші жүздің салт-жоралғысында өзгешеліктер көп пе?
– Жалпы, қазақ этнографиясында аймақтық ерекшелік аса байқала қоймайды. Белгілі бір кәсіп түріне, мәселен, Арал теңізі балықшыларының тілдік қолданысындағы кәсіби терминдерге қатысты өзгешелік байқалуы мүмкін. Жайық бойын жайлаған елдің тілдік, этнографиялық ерекшеліктері мүлдем бөлек қалыптасты дей алмаймын. Батыс өңірдегі қазақтардың этникалық құрамына Еділ мен Жайық арасындағы торғауыт тайпасы, башқұрт халқы, астрахань ноғайлары, казак-орыс топтары енді. Бірақ олар қазақтың негізгі этно-графиялық конфигурациясына аса әсер ете қоймады. Бұл жайында антрополог Оразақ Смағұлов та нақты деректер келтіреді. Кеңес үкіметі кезінде, яғни 1980 жылдар шамасында Жайықтың екі жағын алып жатқан облыстарда жүргізілген антропологиялық зерттеулерге қатыстым. Басқа халықтардың қазақтың салт-дәстүр негізіне елеулі өзгерістер әкеле қоймағанын аңғардым.
– Жайық бойындағы рулық-тайпалық құрылымның этногенезі қалай қалыптасты?
– Ұлы дала тайпаларының өзіндік жеке-жеке тарихы бар. Олардың түпкі тарихы көне өркениетпен ұштасып жатады. Қазақ сахарасында олар көшпелі өмір сүріп, бір-бірімен тығыз араласқан. Дәстүр бойынша бүгінге дейін сақталып келген жеті ата тәртібі қан тазалығын сақтап қана қойған жоқ, рулар арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуін қамтамасыз етті. XVII ғасырдың соңы мен XVIIІ ғасырдың басында торғауыт, дүрбіт тайпалары батыстан шығысқа қарай жылжыған кезде қазақ рулары негізінен Түркістан, Сырдария аумақтарында шоғырланды. Жаугершілік заманды басынан кешірген қазақ тайпалары кейін дұшпандарын ығыстырып, кең байтақ аумақты иеленді. Ұлан-ғайыр жердің әр пұшпағына дербес қоныс тепкенімен, қазақ этногенезі аса өзгеріске ұшырамады. Елдің этникалық тарихы жалпы қазаққа ортақ. Алтын орда ыдыраған уақытта ноғай-маңғыт тайпалары еліміздің батыс өңірін жайлады. Кіші жүз тайпаларының бірсыпырасы ноғай қауымдастықтарының құрамына енді. Ноғай ордасын құрған атақты Едіге батыр қазақ фольклорында ірі тұлғаның бірі ретінде суреттеледі. Оған қоса, ноғай, қазақ, өзбек арасындағы этникалық шекара бертін келе пайда болғаны мәлім.
– Ежелгі топоним тарих қатпарынан тіл қатады. Осыған байланысты не айтасыз?
– Көне этнографияны зерттегенде топонимияға назар аудару керек. Елімізде көптеген жер-су аттары қайталанады. Мәселен, Шідерті, Өлеңті секілді өзен аттары Қазақстанның орталық облыстарында және шығыс өңірінде кездеседі. Бұлар – ежелден ел жадында сақталған көне атаулар. Әсіресе, -ды, -ді, -ты, -ті жұрнақтары ескілікті білдіреді. Енді мынаған назар аударалық, жаңағы өзен аттары Батыс Қазақ-стан облысында да кездеседі. Оның түпкі себебі – ежелгі оғыз тайпалары Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан және Жетісу өңірінен оңтүстік және батыс аймақтарға қарай көшуіне байланысты. Олар өздерінің тілдік қолданысындағы жер-су атын осы жақта да орнықтырды. Мәселен, Ертіс бойында да Қазалы бар, Сырдария өңірінде дәл осындай қала аты бар. Қаза – балық аулайтын құрал. Оғыздар соны солтүстіктен оңтүстікке трансляциялады. Сол секілді біраз жер-су аты оғыз тілі арқылы орталықтан батысқа келіп жеткен деген ойдамын.
– Зерттеу еңбектеріңізде қазақ тарихының көне өркениетпен біте қайнасып жатқанын көрсетіп жүргеніңізді айттыңыз. Осы тақырып бойынша еліміздің батысындағы тайпалар тарихына ойыссаңыз.
– Батыс өңірін мекендеген қазақ руларының тарихы терең. Мәселен, адай руларының шығу тегі ариан-тұран дәуірімен ұштасып жатыр. Антикалық дәуірдегі латын жазба деректерінде «дах», «дай» деп аталынатын үнді-арийлік тайпалар туралы жазылған. Кейінгі кезде бұл тайпалар түркіленген. Наурыз мейрамын әуел бастан үнді-арийлік тайпалар тойлағаны белгілі. Содан бері берік сақталып ке-ле жатқан салт-дәстүрлер бар. Ариан дәуірін тарихымыздың көне қабаты ретінде қарастыруға болады. Адайлардың этносаяси тарихы да мені ерекше қызықтырады. Мәселен, олардың Парфия мемлекетін құруы, Үріммен қақтығысы, саха-якут тайпаларымен тарихи байланысына қатысты жариялаған еңбектерімді ғаламтордан тауып оқуға болады.
– Жамбыл аға, өте қызғылықты деректерді ортаға салып отырсыз. Ұлы дала төсі әлі сыры ашылмаған өркениет кіндігі секілді.
– Иә, қазақ ұлысының құрамында ұлы тайпалардың қалдықтары бар екені анық. Кіші жүздің Әлімұлының құрамына кіретін кете руы бар. Кетелер тарихын біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдық басында қазіргі Түркия жерінде пайда болған хет мемлекетімен байланыстырдым. Бұлай зерттеуімнің дұрыстығына көз жеткізіп келемін. Мәселен, хет патшалығының орталығы болған жер Алаша-күйік деп аталған. Яғни Алаша-төбе деген мағынаны білдіреді. Алаш ұғымы қазаққа жат емес. Жалпы «Алаш» сөзінің тағы бір мағынасы «жылқы» дегенге саяды. Хеттер (кетелер) – Анталия жеріне жылқы өркениетін алып барған халық. Ғылыми әдебиетте «хетта/хита» атанған халықтың Кіші Азия мен Месопотамияны жаулап алғаны белгілі. Хет тақырыбы бойынша орыс тарихшысы Н. Аристов алғашқы зерттеу еңбегін жариялады. Аристов түркі-орхон жазуының хет таңбасымен ұқсастығына назар аударған. Хеттердің тау, тас, үңгір рухына табынатын дәстүрі болған. Қазақ жерінде де қасиетті саналатын таулы жерлер мен құпиясын бүккен үңгірлер баршылық.
– Еліміздің батыс өңірлерінде Ұлыстың ұлы күні 14 наурызда көрісу күнінен басталады.
– Иә, Наурыз мейрамы батыс өңірінде көрісу салтынан басталады. Көрісу – қазақтың көшпелі тұрмысына байланысты туындаған дәстүр. Қазақ халқы қыс кезінде қиыншылық көрген. Қарашаға қарай көштің басын оңтүстікке қарай бұрып, көбіне киіз үйде қыстап шығады. Үш жүз қоныс тебетін жерлерді өзара бөліскен. Ұлы жүз Сырдарияның жоғарғы бетіне, Орта жүз өзеннің орта бөлігіне, Кіші жүз төменгі етегіне орналасқан. Кейде арқа жақты қыстап шығатындар болған. Алты ай қыс ет жақынынан ажырап, бір-бірінен шалғай кеткен қазақ тайпалары үшін ол кезеңде көрісу ортақ дәстүр болып есептелінді. Ағайындылар құшақтасып, мауқын басып, тіпті сағыныштан көзіне жас алатын. Бұл дәстүр батыс өңірінде жақсы сақталды. Әсіресе, Маңғыстау – байырғы қазақ салт-дәстүрінің асыл қоймасы сынды. Кей өңір көрісу күнін Амал мерекесі деп атайды. Араб тілінде жылдың басын, төлбасы күнді Хамал жұлдызы деп атаған. Содан Хамал айын қазақтар «Амал» деп атаған. Осы ретте ХVIII-ХIХ ғасырларда еліміздің батыс өңірінде ислам ілімі жақсы дамығанын, Амал мерекесі деп аталуының бір ұшығы сонда жатқанын атап өту керек.
– Көрісу, жалпы, қандай ұғым? Ғұрып па, салт па, дәстүр ме? Осыған қатысты жазба тарихи деректер бар ма?
– Әуелі көрісу күнтізбелік дәстүр ретінде бекітілді. Одан кейін дәстүрді атап өту салтанаты пайда болған. «Салт» сөзінің мағынасы осы салтанат ұғымымен бірегей. Осы салт-дәстүр қанға сіңгеннен кейін міндетті түрде орындалатын ғұрыпқа (культ) айналды. Көрісудің даму эволюциясы осындай. Менің ойымша, көрісу көшпелі мал шаруашылығы қанат жая бастаған кезде пайда болды. Ал көшпелі мал шаруашылығының тарихы есте жоқ ерте заманнан, сонау біздің дәуірімізгі дейінгі энеолит дәуіріне тән ІV-ІІІ мыңжылдықтар кезеңіндегі Ботай мәдениетінен бастау алады. Ботай мәдениеті – жылқы шаруашылығының өрістеген кезеңі. Тіпті көшпелі өмір салты неолит дәуіріндегілерге тән болғаны анық. Ол кезеңде адамдар сиыр бағуды үйренді. Бірақ көшпелі тұрмысқа бейімделгені байқалады. Шумерлер арбаға өгіз жегіп Ирак жеріне дейін барып, өз өркениетін қалыптастырды. Бертінгі ғасырларда үнді-еуропа халықтарының біразы жаңа жылды наурыз айында тойлаған. Бірақ христиан дінінің келуіне байланысты григориан күнтізбесін қолданысқа енгізіп, Иса пайғамбардың туған күнін жыл басы деп есептеді.
– Әлі күнге ұлттық құндылықтарымызды түгендеуден ақсап келеміз. Осы тұрғыда этнографиялық зерттеудің өзіндік рөлі қандай?
– Еліміз бойынша толыққанды этнографиялық зерттеу жүргізу аса маңызды. Ашығын айту керек, кеңестік кезеңде біраз этнографиялық құндылық сақталды. Бірақ егемендік алғалы бері бұл бағытта біраз рухани мұрамызды жоғалтып алдық. Оның бір себебі қарқынды жүріп жатқан урбанизация үдерісіне байланысты. Ауыл-аймақтан қалаға көшіп келген адам біртіндеп ұлттық дүниетанымнан ажырап қалады. Сондықтан кешенді зерттеу қазіргі уақытта қолға алынбаса, ертең зерттеу жұмысын бастау кеш болады. Этнографиялық деректер екі жолмен – материалдық мәдениет үлгілерін және ауыз әдебиеті мұраларын зерттеу арқылы жиналады. Қазіргі кезде ауыз әдебиетін таратушыларды табу қиын. Бірақ олардың көзін көрген, әңгімесін естіген кәріқұлақтарға жүгінуге болады. Қоғамда қолдан тарих, қолдан тұлға жасаушылар көбейіп кетті. Осы жағымсыз үрдісті болдырмаудың бір амалы – этнографиялық зерттеулер жүргізу.
– Шын мәнінде, этнографиялық құндылықтардың бағасы жоғары, зерттелу нысанынан тыс қалып жатқан дүние көп дейсіз ғой.
– Бүгінгі таңда этностан ұлтқа айналу үдерісі жүргізілуде. Ал бұл – өте ауыр жүретін үдеріс. Шын мәнінде, тәуелсіздік бізге оңай жолмен жеткен жоқ. Осы ретте этникалық ерекшеліктерді, этникалық құндылықтарды ұлт болып қалыптасуда орнықты пайдалану керек. Өйткені жалпы ұлттық дүниелерді этнографияға ғана сүйеніп жасауға болады. Тарихи тұлғаға қатысты, мемлекеттік құрылым-нышандарға қатысты ұғымдар негізі этнографиялық деректер қорында жатыр. Дәстүрлі қазақ этнографиясына, танымдық қазақ этнографиясына, жалпы қазақ ғылыми этнографиясына қатысты бірнеше еңбегімді қазақ, орыс және ағылшын тілінде жарыққа шығардым. Этнология саласына байланысты оқулық дайындадым. Егер Батыс Қазақстан облысында этнографиялық зерттеулер жүргізілсе, жұмыс тобына ғылыми кеңес беруге дайынмын. Ол үшін, біріншіден, мәдениет саласында жемісті еңбек етіп жүрген көзі ашық азаматтардың басын біріктіру керек. Екіншіден, жергілікті университеттерден этнографияны зерттеуге ынталы студенттер мен оқытушыларды зерттеу жұмысына тартуға болады. Түйіндей айтсақ, кешенді зерттеу жұмысын кешеуілдетпей жүргізу керек.
Сұхбаттасқан
Нұртай Алтайұлы
zhaikpress.kz