Мүмкіндігі шектеулі жандар қашан да мейірімге мұқтаж. Сондай қамкөңіл жандарға қолұшын созып, әсіресе жүйке жүйесі сыр берген науқастарды қолдап, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап жүрген жанның бірі – Гүлсім Сағындықова (суретте ортада). Ол – Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы жүйке жүйесі аурулары бөлімінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы.
Гүлсім Бисенғалиқызы Қаратөбе ауданындағы Қоскөл ауылдық округіне қатысты Шалғын елді мекенінде дүниеге келген. Бастауыш сыныпта ауылдағы орта мектепте, кейін дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернатында оқыған. Содан соң А.Пушкин атындағы педагогикалық институтқа физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. 2011 жылдың ақпан айынан бастап осы Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман болып еңбек етіп келеді. Айта кетсек, туабітті жүйке жүйесі дертіне шалдыққан балалар алдымен Көшім балалар үйінде тәрбиеленеді. Ал 18 жасқа толғаннан кейін осы Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына ауыстырылады.
– Орталықтың жүйке жүйесі аурулары бөліміне науқастар 18 жастан бастап қабылданады. Оларға сегіз бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Оның біріншісі – тұрмыстық бағытта қолдау. Яғни оларды жуындыру, тырнақтарын алу, жаялықтарынауыстыру, киімдерін үтіктеу секілді жұмыстар жатады. Санитарлық-гигиеналық қызметтердің сапалы орындалуын қадағалаймыз. Әр қызмет алушыға жыл басында жеке жұмыс жоспа-ры жасалады. Екіншісі – медициналық қолдау. Үшіншісі – психологиялық жәрдем көрсету. Психологиялық тренингтер ұйымдастырып, жан дүниесінің тыныштығын қамтамасыз етеміз. Педагогикалық қолдауды дефектолог мамандар жүргізеді. Қызмет алушыларға еңбек терапиясы да ұсынылады. Олар ағаштан бұйым жасап, теректің түптерін сыпырады, жылыжайда гүл отырғызады. Сондай-ақ мәдени, қажетіне қарай экономикалық, құқықтық қолдау көрсетіледі. Жасап жүрген жұмысым, қызметім өзіме ұнайды. Күн сайын таңмен қызмет алушылардың бөлмесіне барып, жағдайларын сұраймын. Бар мейірімімді беруге тырысамын. Соған орай қызмет алушыларымның дені «мама», «апа» «Бисенғалиқызы» дейді. Карантин кезінде қызмет алушылар үйлеріне босатылмады. Сол кезде балалар ата-аналарын, бауырларын сағынады. Оларды көріп, біздің де жүрегіміз ауыратын. Қазір карантин шаралары жеңілдеп, қызмет алушылар үйлеріне барып келуде. Ата-аналарымен үнемі байланыстамыз, – дейді Гүлсім Бисенғалиқызы.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың қайғысын бөлісіп, оңалып кетуіне ықпал жасап, қоғамға бейімдейтін әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі ұшан-теңіз.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz