2.11.2021, 9:17
Оқылды: 42

Жан жылуы

...Әлқисса, осыдан бірер апта бұрын сөз өнерінің бір топ өкілі – арамызда айтыс ақындары да, жазба ақындар да һәм журналистер де бар Жаңақала ауданынан Орал қаласына келе жатқанбыз. Ақжайық ауданының орталығы Чапаев кентіне кіреберістегі «Нефтэк» жанармай бекетіне көлік шалдырдық. Уақыт – түн ортасы ауған шақ. Көліктің есігі ашылысымен, ішке лап қойған күзгі түннің ызғары демде тұлабойымызды қалтыратты. Атқосшы азаматымыз аяқ артқан аутобусымызға бензин құюға кірісті де, ал біздің біразымыз бекеттің дүкеніне беттедік. Менің көзім кіреберіс есіктің қайрылысындағы күшік пен мысыққа түсті.

f37693a3-f18c-49e2-8b69-58df3a3f5635

Үшбу күшікті біз тап осы маңнан Жаңақалаға кетіп бара жатқанда да көргенбіз. Тұқым-тұрқы алабай төбетке келетін, шамамен 7-8 айлық, бітімі ірі күшік. Қос құлағын кесіп тастаған. Шамасы, иесі күшікті өсе келе ит төбелеске салуды көздесе керек. Бірақ бертін келе күшік әлдеқандай себептермен иесіз қалғанға ұқсайды. Үсті-басы кір-қожалақ, өзі жарты құрсақ, тіпті, аш десе де болады, жанармай бекетіне кіріп-шыққан адамдарға жаутаңжаутаң қарап, құйрығын дамылсыз бұлғаңдата береді. Бұл кетіп бара жатқанда көргеніміз, ал келе жатқандағы көргеніміз мына  фотосуретте  бейнеленген.

Күшік пен мысықтың, яки, ит пен мысықтың ықылым заманнан бергі дүрдараздығы жөнінде қаншама тақпақ пен өлең, ертегі мен мысал жазылды. Ал мына фотосуретте қос мүсәпір бір-біріне жанашыр. Түнгі суықтан тоңған бала мысық күшіктің бауырына тығыла түседі. Күшік оның мұнысына берісі түсіністікпен, әрісі мейіріммен қарап, еш қарсылық көрсетер емес.

Әдетте біз «жан жылуы» деген ұғым-түсінікті тек мейірімді адамдарға ғана қатысты қолданамыз ғой. Ал мына фотосуретті «Жан жылуы» деп қалай атамайсыз?!.

Файзолланың Бауыржаны,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале