12.04.2017, 17:35
Оқылды: 40

Жаңа экспорттық нарықтар шақырады

ЗКАТУ форум (1)  Оралдағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың конференц залында «Облыстың агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорттық болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға облыс әкімі Алтай Көлгінов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, аталмыш палатаның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еренов, облыстағы ет өңдеуші кәсіпорындардың, шаруа қожалықтарының, ауыл шаруашылығы саласына бет бұрған өзге салалардағы кәсіпкерлік субьектілерінің басшылары  қатысты.


  Өңір басшысы алдымен өңірімізге арнайы шақыртумен келген астаналық қонақтарға алғыс айтып, Елбасының биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы секторы экономиканың драйвері болуы керектігі айтылғанын, соған орай мұның облыс экономикасын дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашатынына тоқталып өтті. «Өңіріміздің әлеуеті зор және дамуға барлық жағдайлар жасалған. Елбасы 2021 жылға қарай экспорттық әлеуетті 40 пайыздың үстінде өсіруді тапсырды. Мемлекет те кәсіпкерлердің жаңа нарықтарға шығуына қажетті жағдайлар жасауда. Субсидиялау бойынша тетіктер қарастырылған. 2011-2016 жылдары сыртқа 5 мыңнан астам тонна етэкспорттау міндеті қойылған болса, мұны өңіріміз 7 800 тонна етіп орындады. Бұл мүмкіндіктеріміздің шегі емес»,- деген Алтай Көлгінов басқосуға қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырды.

  Нұржан Әлтаевтың айтуынша, соңғы жылдардағы дағдарыс жағдайында экономиканың тек ауыл шаруашылығында және тамақ өнеркәсібінде өсім бары байқалды.  Ресейдегілер де осыны айтуда. Өткен жылғы Елбасының Қытайға ресми іссапары арқасында Қытай нарығының Қазақстанға есігі ашылатыны белгілі болды. «Бұл өзі үлкен саяси шешім болды деуге болады. Қытай жартылай коммунистік режімдегі ел болғандықтан,  мемлекет басшылығының оң көзқарастарынан кейін қытайлық көтерме- сауда және өзге компаниялар елімізге ат басын бұруды жиілетті»,- деді Нұржан Әлтаев. Оның айтуынша, бүгінде бұрынғы екі ел арасындағы кедергілер бірінен кейін бірі алынып жатыр. Бұрын Қытайдың ет нарығы қазақ еліне жабық болатын. Өткен жылғы біздің үкімет  басындағылардың ресми іссапарлардан кейін еліміздің 9 өңіріне, соның ішінде БҚО да бар, ет экспортына қойылған шектеу алынды.

  -Сәуірдің 19-ында Қазақстанға Қытайдан ветеринарлық инспекция келеді.  Өзге өңірлермен қатар БҚО-дағы ет өңдейтін кәсіпорындарда болып, жағдайларымен танысады. Содан кейін оң шешім қабылданатын болса, онда Қытай нарығына «есік» ашылады. Жыл соңына дейін сиыр етіне қатысты барлық шектеулерді алып тастауға жұмыстанамыз. Биылғы жылдың басында шектеуді алуға болатын, алайда Атырау облысындағы нодулрялық дерматит ауру анықталғаны жайындағы ақпарат БАҚ-тарда жарияланып кетті. Қытай жағы біздің ақпараттық құралдардағы ақпараттарды  мұқият қарап отырады,- деді Нұржан Әлтаев. Оның айтуынша, Қытай нарығы ауқымды, алдағы бес жылда бұл елге 5 трлн. доллар шамасында өнімдер импортталады, соның 60 пайызын тамақ өнімдері құрайды. Мұның өзі қазақстандықтар үшін экспортты ұлғайтуға зор мүмкіндік береді. «Бүгінде еліміздегі өзге салалардағы кәсіпкерлер ауыл шаруашлығына бет бұрды. Белгілі құрылысшы-кәсіпкер Александр Белович Шығыс Қазақстан облысында 55 млн. доллардың тауық сирақтары өндірісі жобасына қолға алды. Қытайда бұл өнімге сұраныс күшті»,- деген Н.Әлтаев кәсіпкерлер палатасымен экспортты ұлғайту бағытындағы жасалып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Бүгінде ШҚО және алматы облысының бал өндірушілері кооператив құрып, бал салынатын қорап шығаратын ортақ цех ашқан. Алдағы мамыр айында Астанада Қытайдың компанияларының қатысымен үлкен форум өткізілмек. Өңір кәсіпкерлері сол форумға қатысуға шақырылды. Қытайлық көтерме-сауда желісінің кәсіпкерлері қазақ елі жағынан шекарадан кедргісіз өту, виза мәселесін жеңілдетуді сұрап отыр.

  Н.Әлтаевтың айтуынша, қазақстандық өнімдерге Иран, Парсы шығанағы елдерінен сұраныс зор. Өткен жылдан бастап Араб елдеріне қойды тірілей жеткізу жұмыстары басталды. Енді қосымша құн салығы қосылған өнімдерді, сиыр, қой етін шығару жағы ойластырылуы керек. Қазір ол жақтың талаптары бойынша өнімге халал сертификаты болуы тиіс.  Сонымен қатар Израиль елінде қазақстандық қой, сиыр етіне және тауық жұмыртқасына сұраныс бар. Бұл туралы Н.Әлтаевқа Израильдің ауыл шаруашылығы министрінің өзі айтқан. Сонымен қатар салқындатылған сиыр, қой етіне  сұраныс жоғары. Қазір онда мұндай ет Австралиядан әкелінуде. Өнімдердің бағасы да қолайлы. Израильдағылар ветеринарлық  талаптарға қатты мән береді, олардың талаптары еуропалық мемлекеттердің талаптарымен үндес, қытайлықтардың талаптарынан жұмсақтау.

  -Батыс Қазақстан облысы мал шаруашылығымен айналысады. Климаттық жағдай, жер қоры бар. Көрші нарықтарда осындай өнімдерге сұраныс жоғары. Мамыр айында Израильде Тель-Авивте бизнес форум өтеді. Соған ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді делегация құрмында бірге барып, қатысуға шақырамын, - деді Нұржан Әлтаев.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале