14.12.2023, 9:45
Оқылды: 17

Жаңа қырынан жарқырады

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне орай білім беру ұйымдарының жас педагогтері арасында «Театр-Жастар-Талант» атауымен облыстық байқау өтті.

IMG_0962 (1)
Байқауға Орал қаласындағы және Теректі, Казталов, Бөкей ордасы, Шыңғырлау аудандарындағы 11 ұжым қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқаудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, еліміздің тәуелсіздігі жолындағы Алаш партиясы қызметінің тарихи маңызын насихаттау, өткен ғасырлардағы бостандыққа ұмтылған ерлікке толы тарих беттеріне шолу жасау.
Байқау «Драмалық спектакль» және «Әдеби-музыкалық композиция» деген екі бағыт бойынша, сондай-ақ «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік актерлік образ», «Үздік әйел адамның рөлі», «Үздік ер адамның рөлі», «Үздік сахналық костюм», «Үздік қосалқы рөл», «Үздік хореография», «Үздік орындаушылық шеберлік» сынды аталымдар бойынша өтті. Қатысушылардың өнерлері режиссерлік шешімнің ерекшелігі, спектакльді музыкалық әрлендіруі, орындаушылардың актерлік шеберліктері, жасалған сахналық бейненің шынайылығы сияқты талаптар бойынша бағаланды.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен жас педагогтер арасында аталған театр байқауы ұйымдастырылды. Менің ойымша, бұл облысымыздағы жас мамандарға өзін-өзі танытуға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға жақсы мүмкіндік. Тәуелсіз мемлекетімізде ой еркіндігі мен пікір дербестігі салтанат құрып, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру арқылы жастардың бойындағы патриоттық сезімді оята алатынымыз қуантады. Әрине, бүгін кәсіби актерлер емес, мұғалімдер өнер көрсетеді. Дегенмен біз әр команданың, әр қатысушының шығармашылығын әділ баға­лаймыз. Бұған дейін өткен байқаудың қалалық кезеңінде «Парасат» командасы жеңіске жеткен болатын, – деді іс-шара барысында Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері әрі режиссері, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Самал Әбуов.
– Мен Орал «Сервис» технологиялық колледжі ұжымының құрамында өнер көрсетемін. Аталған байқауға құрамымызбен бірге тыңғылықты дайындалып, барымызды салайық деп келдік. Алғашқы қойылымымыз болғандықтан, сахнаға шығар алдында барлығымыз қобалжып тұрмыз. Дегенмен намысқа тырысатын боламыз. Біз алаштың азаттығы үшін кү­рескен танымал тұлға – Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен өсу жолын сахналамақпыз, – деді театрдың хореографы, көркемдік жетекшісі Ару Жәдігерова.
Байқау қорытындысы бойынша Орал қаласындағы қосымша білім беру ұйымының «Инсайт» қауымдастығы бас жүлде иегері атанды. Бірінші орынды Теректі ауданындағы Пойма орта мектебінің құрамы еншілесе, екінші орынды Орал қаласындағы мектепке дейінгі ұйымның «Парасат» қауымдастығы иеленді. Ал үшінші орын Орал «Сервис» технологиялық колледжінің командасына бұйырды. Сонымен жас мұғалімдер жаңа қырынан жарқырай көрінді.

Арайлым Беккалиева,
Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале