21.08.2025, 15:00
Оқылды: 88

Жаңа мектеп жарқырап тұр

Орал қаласындағы  №52  жалпы  орта  білім  беретін  мектебінде баспасөз  туры өтті.  Оған  БАҚ  өкілдері,  ұстаздар  және ата-аналар қатысты. 

36fc009a-1ed9-4443-ad10-af1db3ae0c90

Аталған мектептің директоры Самал Рахметуллина мектеп жайында біраз мағлұмат айтты. Оның сөзіне сүйенсек, биыл 17 ақпан күні ресми түрде ашылған 1500 орындық білім ошағы «Келешек мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Аталған жобаның мақсаты үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, орын тапшылығын жою және білім берудің жаңа стандарттарын енгізу.

– Білім  ошағы үш қабатты, 10 блоктан тұрады. Мектептердің кіреберіс есіктеріне турникеттер орнатылған. Балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Оқу құралдарын, киімдерді сақтауға арналған локерлер, арнайы шкафтар мен қосымша бөлмелер, жаңа модификациядағы пәндік кабинеттер бар. Төрт спорттық зал қолданысқа дайын. Мектеп ауласында спортпен шұғылдануға және басқа да іс-шараларды өткізуге арналған алаңдар жасалған. «Дизайн және технология», «Үй  мәдениеті», «Тамақтану мәдениеті» шеберханалары, 378 орындық асхана, 324 орындық мәжіліс залы, 25 оқушыға арналған екі хореография залы, кітапхана және бірнеше коворкинг алаңы жасақталған. Сондай-ақ интеграцияланған физика кабинеті, STEM-зертхана, биотехнология, нанотехнология кабинеті, IT-сынып, лингвистикалық, жаңа модификациядағы пәндік кабинеттер бар. Қолдануға 70 интерактивті тақта, 116 ноутбук, 170 компьютер берілді. Оқу кабинеттері толықтай арнайы құрылғылармен жабдықталған. Бүгінде мектебімізде 1480 оқушы бар. Олардың 172-сі биыл 1-сыныпқа аяқ басады. 2025-2026 оқу жылына толықтай дайынбыз. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз, – деді  Самал Ғайсақызы.

1a2eb8dc-de51-405c-ae17-99259b73f865

№52 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ұлжан Қалиева биыл 4 тамыз күні «Балақайлар мектебі» өз жұмысын бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, сабақтар барысында цифрлық платформалар қолданылып, психологиялық тренингтер өтеді. Балдырғандардың жан-жақты қалыптасуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Айта кетелік, «Балақайлар мектебі» – мектеп жасына дейінгі балаларға арналған білім беру бағдарламасы.

0c4a9f60-2681-4d83-848d-eaf03a5e76d3

– Мектеппен толық танысып шықтық. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған сыныптар оқушылардың оқу үлгерімінің жақсара түсуіне септігін тигізеді деген ойдамын. Осы мектеп салынып жатқанда бір қуанып едік, енді ішін аралап, қуанышым еселеніп тұр. Бұйырса, немерем осы мектептің бірінші сыныбына барады. Балаларымыз – біздің болашағымыз. Олар саналы тәрбие, сапалы білім алып, келешекте Қазақстанның гүлденуіне өз үлесін қосатын болады, – деді Орал қаласының тұрғыны, ардагер ұстаз Ұлғаным  Сисенғалиева.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале